Home » Білім және тұлға » ӨҢІР ТАРИХЫ – ҰРПАҚТАР ТАМЫРЫ

ӨҢІР ТАРИХЫ – ҰРПАҚТАР ТАМЫРЫ

Тарих – адамзаттың рухани дамуын сипаттайтын және болашақты қалыптастыруға бағыт-бағдар сілтейтін қоғамдық ғылымның негіздері. Ал оны бұлтартпас құнды дәлелдерімен халыққа лайықты ұсына білетін кәсіби, білікті мамандарды сол саланың зергері десе болғандай.

Бүгінгі сұхбатымыздың бас кейіпкері – аталмыш саладағы ерен еңбегінің нәтижесінде бірқатар шет елдерге де танымал болған тарихшы, ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Омарұлы Артықбаев.

-Жамбыл Омарұлы, Кереку өңірінің халқы Сізді тарихшы-ғалым, бірегей тұлға ретінде құрмет тұтады. Алайда, мол ізденіс пен асқан қажырлылықты талап ететін бұл саланы тандауыңызға не себеп болды?

 

— Артықбай деген бабам ертеде би болған екен. Әкем «халық жауы» деген айыппен екі мәрте тұтқында болған. Иркусткіден 1954 жылы елге оралған соң, елу жасында мен туыппын. Өзі «1959 жылы сен туғанда намазға жығылдым» дейтін. Ғылым дегенде ішкен асын жерге қоюшы еді. Өзі де ескі әңгімелерді көп айтатын. Ол менің ғалым болғанымды қалады. Шешем Баян аймағына танымал атақты Ақшал бірадардың қызы. Осындай тектілердің жұрнағы болғандықтан, менің халық алдындағы қарызым жоқ дей алмаймын.

-Өзіңіз, қызметіңіз жөнінде қысқаша әңгімелеп берсеңіз?

— Мен 1959 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жаңақала ауылында дүниеге келіппін. Үздіксіз, көп еңбектің арқасында 1997 жылы тарих ғылымдарының докторы, 2001 жылы профессор атағына ие болдым. 1984 жылы Қарағанды мемлекет университетінің тарих факультетін, Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтының аспирантурасын бітірдім. 1984–2001 жылдар аралығында Қарағанды мемлекет университетінің тарих факультетінде оқытушы, доцент, декан, профессор болып қызмет еттім. 1997 жылдан бері осында кафедра және лаборатория меңгерушісі, 2003 – 2008 жылдары Павлодар мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, 2008 жылы Астана қаласындағы Мемлекет тарихы ғылым-зерттеу институты директорының орынбасары болып қызмет атқардым. «ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Менің негізгі ғылыми еңбектерім 15–19 ғасырлардағы қазақ қоғамының этноәлеумет мәселелерін зерттеуге арналған. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы мәселелерін қарастыратын бірқатар кітаптар мен оқулықтардың («Этносоциальная структура казахов Северо-Центрального Казахстана во второй половине 19 в.», 1989; «Бухар жырау. Двенадцать историй», 1994; «Этносоциальная структура казахского общества в 18 в.», «Казахское общество: традиции и инновации», 2003 т.б. кітаптардың авторымын.

-Зерттеу жұмыстарымен айналысқаныңызға қанша уақыт болды? Және осы зерттеу барысында өзіңізді ерекше таң қалдырған жағдайлар болды ма?

-Студент кезімде қазақтың жүздік құрылымы туралы мәселемен айналыса бастадым, одан кейін қазақ қоғамының ХІХ ғасырдағы этноәлеуметтік құырлымы деген үлкен дүниеге шықтым. Докторлықты ХVІІІ ғасырдан қорғадым. Менің жас кезімде қазақтың өз заманымен, төл тарихымен, мемлекеттік құрылымымен айналысу құпталмайтын, бір жағынан қауіпті де болатын, осы бір ерлігім болар. Жылына ондаған өзімді таңқалдырарлық жаңалықтар ашам, кейбірі өзгелерге де қызық болар. Мысалы, Алаша хан бейнесінен көп жаңалық таптым, Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырынан ғажап жаңалықтар аштым (ғаламтордан оқи аласыздар). Қазір қазақ аңыздары арқылы Орталық Азия тарихының сақ және ғұн кезеңіне шығып, аса қызықты және күрделі мәселелерді көтеріп жатырмын.

-Ақкөл-Жайылма деп аталатын ұлан-байтақ аймақтың С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Х.Арғынбаев атындағы этноәлеуметтік ғылыми орталықпен кешенді түрде зерттелгені белгілі. Сол жөнінде азырақ тоқтала кетсеңіз?

-Ақкөл-Жайылма және Қалабалғасын кешендерін Керекуде жұмыс істеп жүрген кезде аштым. Екеуі де біздің тарихымыздың әлі зерттелмеген беттері. Кейін, Құдай бұйыртса, бұл тақырыптарға қайта ораламын. Бірақ, қазақ тарихын сипаттау да оңай емес, ол тілден, аңыздардан, қанмен бірілетін жадыдан өріледі. Ақкөл Жайылма Алтын Орда заманында Шайбан әулетінің орталығы болған жер. Ерте замандардан бері қоныс болған қасиетті орын. Ол жерде тас заманының да ескерткіштері, құрал саймандары жатыр. Мен өз тапқан дүниемді Г.Н.Потанин атындағы музейге түгел тапсырып кеттім.

Қазіргі кезде сиясы әлі кеуіп үлгермеген ғылыми еңбектеріңіз бар ма? Болса, не туралы және ол қалай аталады?

-Малайсары тархан туралы кітапты аяқтадым, бірақ демеуші боламыз деген адамдар «анау-мынау» деп шығара алмай жүр. Ертіс өңірінің елі тарихтан ерте ажырап қалған, бұл жерде отаршылдық қанау аса қатты жүрді. Патша заманында Ертіс бойындағы ел өз жерлерін өздері жалға алып отырған. Кеңес үкіметі де өндірісті дамытамыз деп орысты топ-тобымен айдап әкеліп, қазақ азшылықта, бейшара жағдайда қалды, меніңше, әлі есін жинап болған жоқ. Малайсары кітабында Ертіс өңірінің тарихына шолу жасадым. Бірақ, бірден батыр туралы неге жазбадыңыз деген сұрақтар шығып, мәселе даулы болып тұр. Жалпы, Ертіс өңірінің тарихынан басқаны айтпағанда, бірнеше кітап баспаға дайын тұр, оның ішінде «Қимақ (кемек) тарихы» сіздерге қажет деген ойдамын. Қара Ертістен бастап Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі «Ертіс бойындағы жер-су атаулары» да аяқталып қалды. Өтінішің бойынша 3 мақала жіберіп отырмын, әзірше, соларды пайдалана тұр, ішінен біраз дүние іріктеп алуға болады. Жалпы Ақсу, одан әрі Май ауданына қарай толып жатқан жұмбақ дүниелер бар, Құдай бұйыртса келермін, жазармын. Жазғаным да аз емес. Малайсарыға байланысты кітапты аяқтадым, ол туралы да ақпарат жіберейін.

-Аты әлемге мәлім Қазанғап бидің ұрпағы әрі Алаш қайраткері Қабыш Бердалин кезінде шығармашылықпен де шұғылданған екен. Оның поэмаларының қазақ тіліндегі нұсқасын екібастұздық тұрғын Қазыбек Нұралин сақтап келген. Бірақ, сұрастыра келе, о кісінің біраз жыл бұрын дүние салғанын білдім. Ақсу — Қабыштың туған жері болғандықтан, шығармаларының бір данасы өз еліне қайтарылса деген игі ойымыз бар еді…

 

-Қабыш Бердалиннің шығармалары туралы хабарым жоқ, ал Қазыбек ағайдың жазбаларының бір данасы Ақселеу ағайдың кабинетінде, екіншісі – Қойшығара Салғараұлында. Егер оның ішінде Қабыш Бердалин шығармалары болса, сұрап көрейін.

-«Көп еңбектің бір зейнеті бар» дегендей, еткен еселі еңбегіңіз ақталды ма?

-Еңбегім еленбеді, ақталмады дей алмаймын. Екіншіден, әр шаруаның сәті, реті болады, деген ойдамын.

-Алған ең жоғарғы марапатыңыз?

-Қазақтың ризалығы, түсінген адамға одан үлкен құрмет жоқ.

-Сіз үшін өмірде ең маңызды не нәрсе?

 

 

 

-Ғылым және Уақыт болар.

-Жас ғалымдардың неден қашық, неге асық болуын ескертер едіңіз?

-Ең бірінші – қабілетін дұрыс анықтау керек, екіншіден – ерінбей, жалықпай, өзгелермен санаспай, еңбек ету керек.—

-Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?

-Мақсат көп, оның қайсы бірін айтайын, нәтиже шықса уақытында біле жатарсыздар.

-Уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Еңбегіңіз табысты, мерейіңіз әрдайым үстем болсын!

 

 

-Айгүл қарындасым, қаламыңыз жүйріктігінен таймасын! 

 

Айгүл МОЛДАШ

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.