Home » Бастауыш » Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ұстаз болу – жүректің батырлығы

Ең алғашқы ұстаз бейнесі – оң-солын танып үлгермеген баланың алдағы бүкіл өміріндегі ой дәрежесіне әсер ететін ерекше бейне. Гүл өсіруші бағбан сияқты бар білген ғибратын жас бүлдіршіндердің санасына сіңіру үшін өзінің бар энергиясын жұмсайды. Әр үйдің «алтын қазынасы» боп жүрген балалардың бойындағы рухани байлықтың бағасын арттырады. Қолына қалам  ұстатып, «білім»  атты берекелі әлемнің табалдырығынан аттататын тұлғаны қанша жерден әспеттесек те, артық болмас. «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады» деп орыстың ұлы педагогы  К.Д.Ушинский айтқандай, қаншама қаршадай баланың алғашқы ұстазына айналған,  сенгіш көңіліне сезіммен жауап беріп, осы күні адамтану ғылымының маманына айналған Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жиделі ауылындағы № 206 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кембилова Зарипа Әбжаппарқызымен сұхбат жүргізіп, ұстаздың жүріп өткен ұлағатты жолдарына көз жүгіртуге тырысқан едік.

Құрметті, Зарипа Кембілова, ең біріншіден, сізді келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Үш айлық демалыстан келетін оқушыларыңызды сағынған шығарсыз?!

Көп рахмет. Әрине, сағындым. Олар менің оқушыларым емес, балаларымдай болып кеткен ғой. Ал баласын сағынбайтын ана болушы ма еді?!

Дұрыс айтасыз, олардың алғашқы ұстазы болып қана емес, екінші анасы боп жүру де оңай емес шығар…  Дәл осындай ұлы мамандыққа қалай келдіңіз?

Шынымды айтсам, бала кезімде мұғалім болып ойнағанды жақсы көретінбіз. Қолыма борды ұстап алып, кез келген нәрсені тақта қылып, сабақ үйретіп тұрғанды өзім ұнататынмын. Себебі, ол кездегі біздің сәби көңіліміз үшін мұғалімнен артық мамандық болмайтын. Кейін өзім мектепке барғанда да жалпы ұстаздарға жақын болдым. Ұстаздарым өте керемет кісілер еді. Әсіресе, Райхан апай орыс тілінен мұғалім болып келген кезде ол кісі менің де  мұғалім болуыма көп әсер етті. Мен сыныпта староста болғандықтан көп көзге көрінетінмін. Өзім де берген тапсырмаларын орындап, сабақта барынша үздік болуға тырысатынмын. Сыныптастарым әлі күнге дейін көріп қалса, маған «староста апай» деп қалжыңдайды (күліп). Өзімнің ата-анам қарапайым, шаруа кісілер болған, бірақ үнемі менің жақсы оқығанымды қалады және  үздік ата-ана ретінде мектеп қабырғаларында  олардың суреті ілініп тұратын. 1987 жылы осы Қызылту ауылындағы №149 мектепті үздік аяқтап, Қызылордадағы Гоголь атындағы қазақ педагогикалық институтына тапсырып, түсе алмай қалдым. Бірақ, ауылға келіп 2 жыл бойы өз мектебімде мұғалімдермен бірдей жұмыс жасап, кейін оқудың сырттай бөліміне түстім де, бастауышты оқыту педагогикалық мамандығы бойынша оқуымды аяқтадым.

Оқуға дейін 2 жыл бойы мектепте тәжірибе жинақтап жүрдіңіз бе?

Ия, осы 2 жыл мен үшін «өмір мектебіндей» болды. Мектептегі көп мұғалімдер сүйеу болды. Арқамнан қаға жүріп, қателігімді түзеп беруге тырысты. Ол кісілердің біразы қазір бар, біразы жоқ, жатқан жерлері жайлы болсын деймін! Сол кездегі мектеп директоры Монтаев Әлиакбар деген кісі өте қатал, бірақ өте әділ болған еді.  Директордың орынбасары Жүсіпова Пернеш апай  көп шәкірт тәрбиеледі, қазір үлкен қарияға айналған. Сәркеев Тұрсынбай, Боранбаев Медетбек, Сапарова Аққалам, Алтынбекова Апуза, Мұратбекова Мәрия, Әлиева Базаркүл, Күзенбаева Айғанша, Жақсыбаева Бибісара, Ғылманова Гүлфара  апайлар менің жақсы ұстаз болуыма көп септігін тигізді.

Ең алғашқы сыныбыңыз туралы айтып берсеңіз… Алғашқы сезімдеріңізді…

Мен 1991 жылы ең алғашқы сыныбымды қабылдап алдым. Бұл сыныпқа сынып жетекші болар кезде қатты жүрексінген едім. Алғашқы кездері қатты толқығаннан, сабақты дұрыс өте алмай, қарапайым нәрсені тақтаға көшіре алмай, қиналып жылайтынмын. Бірақ осы алғашқы сыныбым өте жақсы сынып болды, бәрі белсенді, өте еңбекқор еді.  Қазір олардың бәрі үлкен азаматтар мен азаматшаларға айналды.  Бір өкінетінім – осы ең алғашқы сыныбымды өзім аяқтата алмадым. Олар 4-сыныпқа көшкен кезде мен тұрмыс құрып, өзге жаққа кетіп қалдым. Бірақ менің де, осы оқуышыларымның да жүрегінде сол алғашқы жылдар мәңгілік сақталып қалды деп ойлаймын. Бұл оқушылар мені көріп қалған кезінде қуанып, үнемі құрмет көрсетіп тұрады.

Жалпы осыған дейінгі ұстаздық жолыңызда қанша оқушыны алдыңыздан өткіздіңіз? Сүйікті шәкіртіңіз қандай еді?

Әр сыныбымда 18-22 оқушыдан болды. Барлығы 7 сынып алдымнан өтті. Жетістікке жетіп жатқан мақтанарлық оқушыларым баршылық, әрқайсысы әр саланың білікті мамандары. Бірнешесі  — денсаулық сақтау саласында, бірі — ішкі істер бөлімінде қызметкер болса,  көбісі — мұғалімдер, бірі — журналист, бірі — айтыскер ақын. Қазіргі таңда жоғарғы оқу орнында оқып жатқандары қаншама. Ал мен үшін сүйікті шәкірт ол – ізденгіш, білімге құштар, әр сөзімді қалт жібермей тыңдай білетін балалар және көркем әдебиетті сүйетін оқушылар.

Сіздің ойыңызша, тыңдамайтын, оқығысы келмейтін балаларды қалай тәрбиелеу қажет?

Әр бала – бір жұлдыз. Оларды ешқашан бөліп-жаруға болмайды. Сондықтан, әр баланы назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Үлгермей жатқан балаларды мақтау-мадақтау арқылы, өзіне лайықты тапсырмалар арқылы меңгерту қажет.

Сабақ үстінде қандай принциптерді  басты назарда ұстайсыз?

Әр сабағымның мақсаты – отансүйгіш, иманды, адал азаматтарды тәрбиелеу. Бүгінгінің балалары – талапшыл, жан-жақты, ізденіс үстіндегі ұрпақтар. Оларды озық технологиямен, жаңа әдіспен оқыту – заман талабы. Сонымен қатар, қазіргі таңда еліміз мықты мемлекеттермен теңесіп, тығыз байланыстар орнатып жатқандықтан, елбасымыздың үштілділік туралы саясатына үлес қосуға тырысамын. Себебі, шынында, балаларымыз ертеңгі күні кез келген ортада өздерін еркін ұстауы үшін біріншіден, тілі білуі қажет болса, екіншіден, «Өзге тілді білмесең, демек, өз тіліңді де дұрыс білмейсің» деген сөз бар ғой, басқа тілді білу арқылы өзге ұлттардың да психологиясын түсініп, өз тілімен салыстырмалы түрде ұғынып тұруы қажет.

Айтыңызшы,  ал қазіргі күні өзіңізді бақытты ұстазбын деп санайсыз ба?

Әрине, бақыттымын. Бала арманы орындалған адам бақытты болмаса, кім бақытты болады?! Ес білгелі ұстаз болып жұмыс атқардым, Құдай қуат берсе, алдағы уақытта әлі де еңбек ете берем. Оның үстіне, өзімнің талапшылдығымнан ба, әйтеуір,  менің алдыма келген сынып оқушыларының барлығы алғыр, барлығы жақсы, барлығының жүректері жұмсақ болды. Олардың ешқайсысын ешқашан бөліп-жарып айта алмаймын. Өзім тек бір ұл, бір қызды дүниеге әкеле алсам да, 100 шақты балам бардай сезінемін. Себебі, мен өз оқушыларымды өз балаларымнан кем жақсы көрген емеспін. Олардың әрқайсысы әрдайым мен үшін бір-бір жұлдыз болып қала бередІ!

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ақтолқын Оразхан

«Білім айнасы» газеті

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.