Home » Білім және тұлға » ҰСТАЗДЫҚ ӨМІР ӨРНЕГІ

ҰСТАЗДЫҚ ӨМІР ӨРНЕГІ

Егемен еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын білімді де саналы жас ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі орасан зор. Шәкірттердің санасына сәуле ұялатып, білім нәрімен сусындататын мұғалімдер – мектептің тірегі мен жүрегі. Ұстаздар көшінің шоқтығын биік еткен тұлғаның бірі – Жылқыбаев Мақажан Несіпбайұлы.  Қарапайым  ұстаздықтан  мектеп басшысына дейінгі өнегелі баспалдақтарға көтеріліп, осы салада  қырық жылдан астам  уақыт абыройлы еңбек еткен Мақажан Несіпбайұлын облыс жұртшылығы тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таниды.  Өзінің біліктілігімен облыстық және қалалық білім беру мекемелеріндегі әріптестері арасында зор беделге ие.

“Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті, сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді” деп Мәлік  Ғабдуллин  ағамыз  айтқандай, талантты  басшы әріптестерінің білімі мен біліктілігіне ғана емес, олардың жүріс-тұрысы мен киім-киісіне де талғампаздықпен  қатаң  талап қоя білді.  Расында да, оқушы мұғалімге қарап бой түзейді, тәрбие алады. Мақажан Несіпбайұлы  да  басшы ретінде осыған баса назар аударды. “Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” демекші, іскер басшы, ұжым мақтанышы, тәжірибелі ұстаз Мақажан Несіпбайұлы өзі басқарған ұжымды тек биік белестерге жетеледі. Оқушылардың сапалы да терең білім  мен саналы тәрбие алуына  барлық жағдайлар жасап, үлгілі білім ордасына айналдырды.
Айта  берсе  жеткен жетістік, алған асу жетерлік. Мұның  бәрі мектеп директоры  Мақажан Несіпбайұлының   тынымсыз еңбегі мен өлшеусіз төккен терінің жемісі.
Ұлағатты ұстаздың  бойындағы  ұйымдастырушылық және болашақты аңғарғыштық қабілеті, жоғары кәсіби маман иесі екендігі, еңбекқорлығы, табандылығы, ұжымды басқара  білу өнері оның педагогикалық бейнесін асқақтатады. Педагогикалық еңбек жолындағы оның сезімталдығы мен парасаттылығы, турашылдығы мен шыншылдығы, кәсіби біліктілігі мен терең білімпаздығы, адами қасиеттерінің биіктігі өз шәкірттері мен әріптестері арасында үлкен  абыройға  жетті.
Оқушы жетістігінің негізі мұғалім іскерлігіне байланысты екендігін берік  ұғынған ол кадр таңдауда мамандардың білімі мен біліктілігіне ерекше ден қойды. Ата – аналармен, оқушылармен ынтымақтастық педагогикасын басты нысанада ұстады.
Мектеп директоры болу – біле білген адамға оңай мансап, жеңіл жүк  емес. Ұжымыңның әрбір мүшесі қолынан іс келетін, ісі мен сөзі бір жерден шығатын, басшы талабын дұрыс түсініп, орындай алатын, оның ішкі дүниесін терең ұғынатын адамдардан тұрса, ұжымды биік белестерге жұмылдыру, әрине, басшыға оңайырақ болары сөзсіз. Оның әр ісінен шығармашылықты, жоғары педагогикалық білік пен ізденімпаздықты көре аласың. Ұстаз еңбегінің таразысы – ол оқушылардың білімі. Мектеп оқушылары облыстық, республикалық  білім бәсекелерінде  әрдайым биік шыңнан көріне білді.
Мақажан Несіпбайұлының істеген  қажырлы еңбегінің арқасында мектебіміз – облыс, республика мектептерінің ішінде үздік мектептердің бірі. Қазіргі таңда мектебімізде білікті ұстаздардың арқасында білімді ұрпақтар тәрбиеленуде. Небір сындарда сыналған, ұстаздықпен шыңдалған Мақажан Несіпбайұлының әрбір ісі, білімі мен өнегесі, ақыл-парасаты, үлкен-кішіге деген шарапаты, ұлағатты ұстаздың еңбек жолынан әрбір оқушы санасына білімнің дәнін сеуіп, жанына нұр құятын, асқақ  армандарға жетелейтін аяулы ұстаз екенін ерекше айтқым келеді. Білікті басшы болған, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған Мақажан Несіпбайұлы – ақылшы да қамқоршы аға. Қолы қалт ете қалса, мектепке келуден  әсте  шаршаған емес, білім саласындағы барлық жаңалықтардан да хабардар. Өмірлік тәжірибесі, тәлім-тағылымы көпке үлгі боларлық басшы мұғалімнің, ұрпақтар жүрегінде қалдырған ізі мәңгілік деп санаймын Ұстаздың биік бейнесі шәкіртінің жетістігімен және құрметімен өлшенеді ғой. Жан жылуын шәкірттерінен аямайтын, бала жанын жанарынан ұғатын қайсарлық пен мейірімділік, инабаттылық пен ізгілік иесі. Абай атамыздың «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген дана сөзімен аяқтағым келеді.

Ы. Алтынсарин  атындағы дарынды балаларға арналған
облыстық  қазақ гимназия-интернаты
директорының оқу ісінің меңгерушісі
Оразбаева  Күләзи  Қабдоллақызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.