Home » Абай өлеңдерінің текстологиясы » «Шәріпке» (Бесінші хабар)

«Шәріпке» (Бесінші хабар)

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы»
Абай.

 

Түңлікбайдың қатыны, атың – Шәріп,
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен – шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып,

Абайдың жазылған жылдары белгісіз өлеңдерінің бірі. Өлең 1855 – 1881 жылдар аралығында жазылған.
Абайдағы арнау өлеңдері, әсіресе, ақын өмір сүрген әлеуметтік орта мен сол дәуірдің саяси-әлеуметтік оқиғаларын, заман шындығын танып білуде аса терең ғылыми мәні бар туындылар тобына жатады. Абай дүниетанымын білуде, көзқарасын тануда бұл арнау өлеңдердің мән-мағынасы зор, жөні бөлек. Осы ерекшелікті ерте таныған Мұхтар Әуезов Абай жазған арнау өлеңдерді түгел жинап, олардың кімдерге, қандай жағдайда жазылғанын анықтауға ерекше күш салды.
Арнау өлеңдер Мүрсейіт қолжазбасында біршама қамтылса да, олардың жазылу мерзімі мен кімдерге арналғаны атап көрсетілген емес.
Арнау өлең табиғатына Абай Құнанбайұлы үлкен сынмен қараған. Және де поэзиясының көлемді бөлігі осы арнау өлеңдеріне арналған. Олардың жазылу себептері, шығу тарихы әр қилы. Ақынның арнау өлеңдерінің ішінде тікелей кісі аттарына бағытталған “Абралыға”, “Рақымшалға”, “Күйісбайға”, “Дүйсенқұлға”, “Шәріпке”, “Жақсылыққа”, “Көкбайға” т.б. арнауларымен қатар кімге арналғаны белгісіз, не болмаса тікелей есімі аталмаған өлеңдері де кездеседі. Әрине, сол кездегі жағдайлардың орайына қарай Кәкітайдың оларды баспаға ұсынбағанына М.Әуезов: «…Сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала, бауырлары “баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді, араздық ұстанады” деп жасқанып қалған» — деп түсінік берген.
Арнау өлеңдерді мен өзім жинастырып, көптеген кісі аттарын қалпына келтірдім”, — деп арнау өлеңдер жайын анықтау жолындағы зерттеу жұмысынан хабар береді.
Арнау өлеңдер жайлы мағлұматтардың молыға түсуі 1939-1940 жылдары басылған толық жинақтан да көрінеді. Осы жолы Абай жазған арнау өлеңдердің 23-іне түсініктеме беріп, жазылу себептері де анықталады. Ал 1945 жылғы юбилейлік толық жинақта бұндай өлең саны 28-ге жеткізіледі. Ал соңыра Абай өлең арнаған, тарихта болған кісілердің бірсыпырасы “Абай жолы” эпопеясына еніп, өткен дәуірдің тарихи-әлеуметтік шындығы мен оқиғаларын суреттеуге арқау болғанын да көреміз.
Абайдың ақындық өнерге құлай берілмей, бірақ ақындық қуаты шешек ата бастаған тұста көбірек туындағаны “Шәріпке”, “Абыралыға”, “Жақсылыққа” деген өлеңдерінен де байқалады.
Абай соңыра ақындық ұлы тұғырға отырған тұстарында да тастамай, реті келгенде әзіл-оспақ, қалжың ретінде айтып отырған. “Назарға”, “Баймағамбетке”, “Күлеңбайға”, “Дүйсенқұлға”, “Разаққа”, “Көжекбайға” деген арнау өлеңдер табиғаты әзіл – сықаққа құрылған туындылар.Жат қылық, оғаш мінез көрген жерде өленді бет-жүзің демейді, сынап отырған объектісін өлтіре, сілейте соғады. Күйеуін қанағат тұтпай, жеңіл жүріске салынған әйелді: «Сен шыққан жол үстінде жалғыз түп ши, Көрінген ит кетеді бір-бір сарып», — деп, дүйім жұртқа масқара ететін жолдар нағыз уытты тілмен айтылған,
Абайдағы арнау өлеңдердің М. Әуезов айрықша көңіл бөліп, көп қарастырған бір тобы – Абайдың тікелей өз басына байланысты үй-ішілік мұң-наласынан туған шерге толы өлеңдері Оспанға, Әбдірахманға арналып жазылған жоқтау сарыны басым өлеңдерді қамтиды.
М. Әуезов арнау өлеңдер табиғатын терең тани отырып, Абай басылымдарында қалыптасып үлгерген жаңа атауларды, яғни өлең мазмұнына лайықты анықтап, тақырыптарын қайта қояды. Бірақ арнау өлеңдерге жаңадан қойылған тақырыптардың бәрін де міндетті түрде жақшаға алып отырады.
1870 жылдары жазылған «Шәріпке» деп аталатын бір ауыз өлең ең алғаш 1933 жылғы алғашқы жинақта жарық көрген. Шәріп Түңлікбай дегеннің қатыны. Түңлікбай Абай ауылының көршісі болған. Төрт жол өлеңде ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең Абай жинақтарының барлығында жариялып келеді. Орыс, ағылшын, түрік, қарақалпақ, өзбек, т.б. тілдеріне аударылған.

Алмахан Мұхаметқалиқызы.

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.