Home » Білім және тұлға » Сүйген ісінен абырой тапқан

Сүйген ісінен абырой тапқан

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

 

1990 жылдардың бастапқы кезеңі тарихымызда ауыр кезеңдердің бірі болғаны баршаға аян. Ел тұрғындарының өмір сүру деңгейі нашарлай отырып, шаруашылық механизмдердің кемшіліктері біртіндеп өрши түскен кезең болды. Содан барып, әлеуметтік және саяси проблемалардың тереңдей түсуі жүйелік дағдарысқа әкелді. Бұл мәселелердің шешімі табылуы үшін КСРО-ның ыдырауы, жаңа тәуелсіз республикалар құрылуы тиіс болды. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру 1992 жылы сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету нысандарынан, яғни кіші жекешелендіру нысандарынан басталды. Тұрғындар арасында чектер бөлінді. Тіпті, осы кездері мектептердің жағдайы да нашарлап, көптеген мұғалімдер табақтай дипломдарын тастап, көбі базарға қаптарын арқалап кетуге мәжбүр болған кезеңнің де куәсі болдық қой.

Мақаламыздың кейіпкері болып отырған жан осы бір қиын кезеңде білім ошағында басшылық жасап, тығырықтан таймай шығып, ер азамат атқаратын жұмыстарды күн-түн демей атқарып, намыс пен табандылықтың туын көтеріп, бар жауапкершілікті өзі артып, еңбегін адал, абыроймен атқарған жандардың бірі. Сондықтан да болар, 40 жылдан аса аянбай қызмет жасаған еңбегінің 30 жылын тек қана мектеп директоры болуы – тегін болмас, сірә? Біз мұны, оны әңгімеге тартып, сұхбаттасқан кезде аңғарған едік.

Әрине, басқарған ортаның жұмысының нәтижелі болуы басшыға тікелей байланысты екенін бәріміз білеміз. Десек те, адамдармен тіл табысу өз алдына, өмірде жақсы мен жаманды айыра біліп, оларды белгілі бір істі тындыруға жұмылдыру, қиын істі жеңілдетіп, атқарар істің көзін тауып, нәтижеге жетуге ұмтылдыру оңай шаруа емес. Мұндай басшылар саусақпен санарлықтай-ақ.

Кеңестік жүйе ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері де басшы кадрлардың жұмысын халық осы өлшеммен бағады емес пе?

Қолыма қалам алуыма себеп болған азаматша Гаухар Кәрімқызының ел игілігі, ұрпақ болашағы үшін атқарып жатқан жұмыстарының берекелі болуы, түпкі нәтижеге жетуінде. Қарамағындағы адамдарды игілікті іске біркісідей жұмылдыра білуінде. Атқарар міндетіне біліктілігінің жоғары болуы, көп адамдардың қолынан келе бермейтін өрелі істі өрге бастырып, әсіресе, ер азаматқа тән істерді мойнына алып, оны абыроймен алып шығуы – үлкен ерлікке пара-пар. Міне, Гаухар Кәрімқызы кездескен қиындықтарды кесіп өтіп, қайырылып қайыспай, мектепті ауыр кезеңнен аман сақтап қалған нағыз ер азаматша.

Енді біраз кейіпкеріміздің туып-өскен жері, арғы тегіне тоқталсақ.

Негізгі ата қоныстары Түрік елі болса керек.

Кәрімнің атасы Оспанға: «Қол басындай алтыным бар, сені оқуға жіберем» деген екен. Әкесі кенеттен ауырып қайтыс болады, сол кезде Оспан 16-17 жасар бозбала екен. Дінге сауатты Оспан Қазақстанға Түркиядан миссионер болып келген.

Мақала кейіпкері қыз болса да әкесіне ұлдарынан гөрі өте жақын болған. Сондықтан әкесі Кәрім пысық қызынан көп үміт күтіп, оған бар білгенін үйреткен. Соғыс аяқталғанша ата-әжелері Ресейде тұрған. Сол жерде ағайындылар қолдарынан келген кәсіптерін жасап, барларын ұқсатып, жоқшылық көрмей өскен. 1945 жылы Железин ауданының Есқара ауылына көшіп келіпті. Мақала кейіпкері әкесіне ұлдардан гөрі жақын болып өскен. Оның қызына айтқан: «4 ұлым бір төбе, 1 қызым – бір төбе», — дегені осыған саятындай.

Гаухар апайдың әкесі Оспанов Кәрім – соғыс майдангері. 1905 жылы туған. Сталинградты қорғауға қатысады. Пулетметші болып, майданнан жаралы қолымен қайтып, шаруашылыққа қатысып, мал бағып, шабандықты атқарған. Құранды жатқа оқып, намазын тастамаған, дінді жанындағыларға насихаттаған адам. 1990 жылы 85 жасында дүние салды..

“Сол атеизмнің кезінде әкеміздің үйде отырып, жасырын құран оқығанын көріп тәліппен өскен жандармыз”, — дейді Гаухар Кәрімқызы.

«Кірпияз, сұңғақ бойлы, көк көзді, қыр мұрынды әкеміздің сымбатты келбеті» әркез көз алдымда тұрады деп еске алады. Әкесінің мінезі ақкөңіл болғанымен, әділ де, шыншыл, талапшыл болыпты. Әкесінің көп қасиеттері қызына дарыған сыңайлы.

Он құрсақ көтерген анасы Мәшкен (Мәстура) жуас, таза, жұмысқа тықы. Әжесі де, өзі де ісмер жандар болса керек. Бала өсіріп, үй шаруасын тындырып, кірбің тірліктен аспаған жан дейді анасы туралы.

Бала кезден адам дәрігері болуды армандаған мектеп бітірген соң, жас жеткіншек қыз арманның жетегімен Семей қаласына аттанбақ болады. Бұл — 1960 жыл. Бірақ та, қаражат болмады ма, әйтеуір оқуға бара алмай қалған.

Уақыттың қадірін білген, екіншіден, үйде отыруды ұят деп санаған жас талап ізденіп, құшырланып, ауылда бір-екі ай есепшінің көмекшісі болып істейді. Жұмысбасты болып жүріп, күзде оқудан қалып қояды. Содан үш құрбы (Надя мен Соня) жиналып, күз айында 1961 жылы Алматыға болашақтың ақ кемесіне аттанады.

Новосібір облысы Тогучинский ауданының Завьялово селосына сауыншылар керек екен деген хабарламаны оқып, жастықтың буымен қыстың алғашқы айында үйлеріне ескертпестен үшеуі жол жүріп кеткен. Завьяловоның басшылары келген жастарды жатсынбай, құшақ жайып қарсы алып бір зейнеткердің үйіне орналастырады. Село шағын, ауасы таза, қарағайлы өлке. Бойжеткендердің ойы: «Сауыншы болып істеп, оқуға түсуге мүмкіндік болады»,- деп, үйлеріне айтпай, осы жерге келудегі мақсаттары да сондықтан еді.

«Жастықтың аты жастық»,- демей ме? Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада дегенге сайып, ұйқы көрмей, анасы сары уайымға батып, ауырып жатқанын бұлар қайдан білсін? Содан әкесі іздеу салып, ақыры оларды тұрған үйлеріне тауып келеді. Содан әкесінің алып кетемін дегеніне басында село басшылары қарсылық көрсеткенмен, қыздарды елге қайтарыпты.

Кейін Павлодарда педагогика институтының жанынан ашылған педкласта оқып, 3-4 айдан кейін ауылдан 25 шақырым Михайловка деген жерде 11 педкласс ашылғанын естіп, сонда ауысады. Аз уақыттың арасында 1962 жылдың аяқ кезінде өзінің оқыған Есқара мектебіне оралып, бастауыш сыныптарға сабақ береді. Алғашқы түлектерінің бірі – өзінің інісі Абай.

Өзін-өзі көрсете білудің арқасында ұжымға тез сіңіп, тіл табысып, ширап, тәжірибе жинақтай бастайды. Зоя Мұхитқызы, Канафин, Дүйсекин сынды тіс қаққан, өте тәжірибелі мұғалімдер – алғашқы тәлімгерлері болған. Бұл кезде Есқара мектебі қазақ мектебінің алғашқысы еді. Осы жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты жүріп, жан-жақтан әр ұлттың өкілдері келіп жатқан кезең. Орыс сыныптары ашыла бастаған кезге сай түскендіктен, Гаухар Кәрімқызы сабақты орыс сыныптарына берген.

1970 жылы Павлодар педагогикалық институтын тәмәмдап, Есқарада ұстаздықты бастайды. Міне осы кезде іске белді бекем буып, қолды сыбанып, жаңаша оқу үрдісін қалыптастырып, мектептен тыс тәрбие-ісі жұмыстарын ұйымдастырады (КВН, агитбригада, сахналық көріністер, диспут-кездесулер, дөңгелек үстелдер, т.б.). Аз уақыттың үшінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болады (1971жыл). Өмірлік жолдасы Мұхаметкалиев Айтуғанды да осы жылдары кездестіреді. 1972 жылы директорлыққа тағайындалады. 1 жастағы Ринатты үйіне тастап, 200 шақырым жердегі ауданнан мұғалімдердің жалақысын әкеліп, отырыстарға барады. 2-3 мектепке ауысып ұзын ұрғасы 30 жыл мектеп директоры болып істейді.

Директор болған 30 жылының 20 жылын бүгінде жарқырып, көрсеткішті мектептің бірі болып тұрған Железин ауданының Күзьмино орта мектебінде өткізген. Дәл осы мектеп ауыр күйге ұшырағанда, аман қалып қалған да осы батыр, еңбекқор апамыз.

Міне, көп ғимараттарды ұстауға үкіметтің шамасы келмей, сырттан келген азаматтарға жекешелендіруге беріп, ауылдың тас-талқаны шығып, көп мектеп жабылып жатқан тұста, бұл мектептің де аяқ алысы дірілдеген тұсында, жұмысын тоқтатып, кішірек үйге енуге мәжбүрлейді. Өйткені, жарық та жылу да жоқ. Дәл осы жылдары мектеп пен оқушы тағдыры басшының мойнына ілігеді.

Бір жыл бойы жарықсыз, жылусыз, бірде-бір баланы ауыртпай, мектепті бұздырмай аман алып шығу – нағыз ерлік емей немене? Балалар да оқуларынан қалмай, 30-35 минуттан оқып, бәрі 1995-1996 жылдары 9 сыныпты бітіріп шықты. «Бірінші, халқымның, ұжымымның, оқушыларымның арқасында көп қиындықты жеңіп шықтық» — дейді.

— Басымыздан не өтпеді? 70-ке тарта оқушы болды. Жылуды ұстау үшін, шеберханада бес айналма пеш салдық. Су қайнатып, тоңғандарды жылытамыз. Тығырықтан шығатын жол іздедім. Жолдасым шағын кәсіппен шұғылданатын. Үйден бір тегене нанды илеп, картоп пісіріп, бос мұғалімдерді қойып, кезектеп самса, бәліш пісіріп, балаларды тамақтандырып отырдық. Мектепке ынтызарлықтарымен келеді. Қандай қиындық болып жатса да, ата-аналардан бір теңге де алып көрген жоқпыз, — дейді тәжірибелі басшы.

Севостьянов, Гришин, Мұхаметкалиев, Лыскенко, Исаев сынды кәсіп иелерімен келісіп жоғары сыныптарға 5 сотықтан жер жыртқызып, өскен өнімнің бір шамасын сатып, қалғанын қажеттеріне пайдаландырып еңбекке баулыған. Тапқандарына мектепке керек-жарақты алдыртқан.

«Ебін тапқан екі асар» дегендей, бір қызығы, кешкі уақытта көңілді би кештерін де ұйымдастырып, соның басы-қасында бірге жүрген. Билет бағасын 10 тиыннан қойып, оны да қажеттеріне жұмсаған.

Мейірімді жүрегі көп жандарға көмектескенді қалап тұрады. Мұғалім болғанына өкінбейді. Бәрін ұнатады (қонақ шақыру, іс тігу, қолөнер шебері, емдеп те жібереді, 5 немеренің әжесі).

«Бізге мынандай көмек керек» демеді. Өмір жағдайын жақсы түсінген. Алдағы кезде атқарылар қыруар істерді бар күш-жігерін жұмсап, бірте-бірте шешетініне сенімді болған.

Оның басшылығымен атқарған жұмыстардың абыройлы болғаны – сырт көзге байқала бермейтін істің де жемісті болатыны. Мектепте атқарылған жұмыстардың зая кетпей, оң нәтижесін бергені.

Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтып кеткенде, тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихи әлеуметтік, мәдени-рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор. Өйткені, ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, беделді де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан Гаухар ұстаздай нағыз өз маманының иесі болу – үлкен абырой.

Қызмет еткен жұмысыңды аңсап бару, қуанып қайту, өзіңнің не бітіргеніңді, енді не істейтініңді білу, бұл – нағыз мамандығын сүйген адамның ісі.

Бүгінде сол мектеп бұрынғысынан да жайнап, жас жеткіншектер сапалы білім мен саналы тәрбие алып жатқан жайы бар.

 

Ләззат Теміртасқызы,

Павлодар қаласы,

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.