Home » Абайтану » Мұражай жәдігерлерінің сыры

Мұражай жәдігерлерінің сыры

Абайдың мәдени өнер білімінің биік көкжиегіне жетуіне, өрлеп, өсуіне себепші болған да осы мәдени ағарту қоғамдарындағы атқарған қайраткерлік қызыметі. Абайды “ағартушы демократ” деп қарағанда ақынның халықты өнер-білімге шақырған терең насихат сөздерінен бөлек халықтың тәрбиелік мәні зор мұраларымен де толықтыра түскен.

Абайдың заманында саяси жер аударылғандардың орталығы болып есептелген Семей қаласы “қылмысты” деп танылып, жер аударылған – орыс, украин, поляк, белорус т.б. ұлттарының мекені болды. Солардың ішіндегі ең көрнекті, аса талантты терең білімділердің бірі – Е.П. Михаэлис болатын. Ол Семей қаласында 1969 жылы келіп, 13-14 жыл бойы осы қалада тұрған.

Михаэлиспен тығыз байланыста болған Абай саяси жер аударылғандардың бірі – доктор Нифонт Долгополовпен танысады.

1885 жылдың жазында ауырып қалған ол Семей генерал-губернаторынан Абай ауданына барып емделіп қайтуға рұқсат сұрайды. “Менің денсаулығым қатты бұзылды. Жоғары мәртебелім, Сізден осыған байланысты Шыңғыс болысына Өскенбаев Құнанбай ауылына баруыма рұқсат беруіңізді сұраймын. 1885ж. 4-маусым. Н.Долгополов” деп қол қойған хаты Абай мұражайының экспозициясында қойылған.

Осы сапарда қыркүйек айына дейін, екі ай бойы Құнанбай елінде болған Н.Долгополов Абаймен ақылдаса отырып, қазақтың тұрмыс- салтын, әдет- ғұрпын, мәдениетін жан-жақты көрнекті түрде бейнелейтін заттарды халық арасынан жинап алып қайтады.

Мұражайға жасау-жабдығымен қазақ үй бастатқан 50-ден асқан зат тапсырады. Абайдың сый ретінде тапсырған заттары негізінде өлкетану мұражайының этнография бөлімі құрылады. Сөйтіп, облыстық өлкетану мұражайының алғашқы іргетасын қаласып, шаңырағын көтеріскен Абай, бүгінгі ұрпаққа соншама мол мұра, бағалы заттар қалдырды.

Абайдың жасау-жабдығымен өткеізген кигіз үй бастатқан 50-ден астам заттарының ішінде – төсекаяқ, асадал, кебеже, саба, сүйретпе, піспек, еттабақ, ертоқым, қобыз, сыбызғы, асатаяқ, айбалта, шоқпарға дейін бар. Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайының экспозициясында қойылған Абай жинаған мұралардың қатарында текемет, тұскиіз, тұскесте кесінділерінің көрмеге әзірленген түрі қойылған. Аса мән бере бермейтін, бірақ, маңызы өте зор тұрмыс құралдарын терең сырын ұғына білген бабаларымыз кез келген дүниеден философиялық ой түйіндей білген. Аса құнды дүниелердің сырын сырттан келген сыншы көздер бірден байқап, бағалаған.

Бүгінгі таңда ұлт-ұрпақ мәселесі, ұлттың денсаулығы халықтық мәселе болып отырған тұста кеңінен етек алған дерттердің бірі – буын аурулары, аяқ-тізе сүйектерінің қақсауы, буындарға сары су жиналу сияқты дерттер қазақ даласында болмаған. Қысы-жазы далада мал соңында жүріп, желдің өті, аяздың бетінде, іргесі ашық кигіз үйде өмір жетпіс-сексендегі бабаларымыз ерттеулі ат үстінде жүретін шапшаңдығы мен ширақтығы осының айғағы. Қазақ даласына сырттан келіп, қызығушылық танытқан зерттеуші ғалымдар бабаларымыздың даналығына қайран қалып, “даланың философы” деп атаған. Табиғатпен біте қайнасып, дүние тірліктің тілін ұғуға тырысқан қазақ халқы тұрмысқа пайдаланатын заттардың қыр-сырын да терең меңгерген. Таза табиғаттың өз өнімі – қойдың терісі мен жүнін, жылқының қылын, ешкінің қылшығы мен түбітін пайдаланған. Таза, табиғи өнімдерде синтетика қоспалары болмаған. Ал синтетика қоспаларының адам денсаулығына зиянды әсер ететінін ғалымдар дәлелдеген болатын.

“Даланың философы” атанған бабаларымыз таза- табиғи өнімдерді тұрмысқа пайдалану арқылы денсаулықтарын да нығайта білген. Қойдың шайыры сіңген таза жүннен жасалған текемет адамның бойына жиналған артық сары су, жаман энергияны өзіне тартып алып отырады екен .Бүгінгі ғалымдардың зерттеуінен өткен бұл тәжірибені дала мектебін еркін меңгерген бабаларымыз мейлінше пайдалана білген. Текемет – біріншіден сыз, ылғал өткізбейді, екіншіден адам бойының жылуын бірқалыпты ұстап тұратын қасиетке де ие. Соның нәтижесін білетіндер қыстық аяқ киімдерге осы күнге дейін киізден ұлтарақ салады.

Қыста – қыстауға, жазда – жайлауға көшіп, қонып жүрген бабаларымыздың негізгі тұрағы киіз үй болған. Киіздің ғаламат пайдасының бірі – үйдің жылуын да бірқалыпты сақтап, сыртқа шығармай ұстайды. Сырттағы суықты бойынан өткізбейді. Сондықтан да киіз үй қысы-жазы тұруға ыңғайлы жылы болған. Жауын-шашын киіздің бойын қуалай ағып, етекке қарай білінбей ағады. Төбеден сорғалап, тамшыламайды. Іште жинаған дүние-мүліктер де су болмайды.

Семейдегі Абай мұражайының үлкен бір бөліміне айналған бір бөлімі “Жаз” деп аталады. Абайдың, “Жазды күн шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек,
Ұзарып, өсіп, толғанда …” – деп басталатын “Жаз” өлеңіне негізделіп жасалған. Қазақтың жаз – жайлауда киіз үйдегі тұрмысын көрсететін көрме залы бар.
Мұнда қазақ мәдениетінің тұрмысына пайдаланған қажетті заттардың барлығы қамтылған.
Кигіз үйдің іргесіне қойылған ер адамның ер тоқымы келушілердің баса назарын аударады. Мұндағы әрбір экспонаттарға қызығушылықпен қарайтындар – кигіз үйдің іргесінде тұрған ер адамның ер тоқымының мәнін сұрайды. Қазақтың даналығы осы жерде де ел назарын аударады. Жылқының тері сіңген ер тоқым, киіз үйдің іргесінде тұрса үйге шағатын зиянды жәндік кірмейді. Ауылды жерлерде жылқының иісінің жәндіктерге кері әсері бар екенін білетіндер үйге құрт-құмырсқа жоламасын деп, іргеге жылқының тезегін сеуіп қояды.
Далада мал соңында жүріп, шаршағанда тынығу үшін басына ер тоқым жастап, айналасын жылқының қылы қосылып есілген арқанмен қоршап қойса, зиянды жәндік арқаннан өтпейді. Жаннан бұрын малының амандығын сұрайтын малсақ бабаларымыз жылқы малын қатты қадірлеген. Кейбір адамның мінезіне баға бергенде, “жылқы мінезді” деп жатады. Қысы-жазы жылқының үстінде, жылқы мініп өскен қазақ небір қыстың қақаған аязында тоңбайды. Жылқы өзінің бойындағы қызуымен үстінде отырған адамды жылытып отырады. Яғни жылқының буының өзі суық өткізбейді. Екіншіден жылқы мінгендердің тізе, бел буындарын сары су ұстамайды. Жылқы қылының өзінің адам денсаулығына ерекше пайдалы қасиеттері бар екенін білген бабаларымыз, жылқыны қадірлеп, жеті қазынаның біріне қосқан.

 

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Қазақстан-Ресей университеті,
«Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.