Home » Білім және өнер » МЕКТЕП – БІЛІМ ОРДАСЫ

МЕКТЕП – БІЛІМ ОРДАСЫ

Мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты — тәрбиесінде. Ал, білімнің сарқылмас «көзі» — мектепте!

Павлодар қаласындағы № 2 жалпы орта білім беру мектебі 1965 жылы алғаш рет өз    шәкірттеріне есігін айқара ашқан болатын. 2012 жылдан бастап, мемлекеттік тілде білім беру мектебі мәртебесіне ие болды. Қазіргі заман талаптарына сай материалды-техникалық базамен, заманауи пән кабинеттерімен қамтамасыз етіліп, әр кабинет  техникалық құралдар – компьютерлер, моноблоктар, ноутбуктар, интерактивті тақталармен толықтырылды. Оған қоса, арнайы жабдықталған: химия, физика, информатика, шеберхана, спортзал, мультимедия, робототехника, шахмат, психология, Президент кабинеттері мен басқа да кабинеттер баршылық. Тәрбиелік және сабақтан тыс шаралар жыл бойы мектептің мәжіліс залында өткізіледі.

Мектепте дарынды, қабілетті балалармен жұмысты дамыту мақсатында  гимназиялық және жеке пәндерді тереңдетіп оқыту сыныптары жұмыстарын жалғастыруда. Биылғы жылы ортаңғы және жоғарғы буындағы кейбір сыныптарға  жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді үш тілде оқыту бағдарламасы  енгізілді. Бұл сабақтарды арнайы курстан өтіп, сертификатқа ие болған мұғалімдер жүргізеді. Ал мектеп басшылығы ұстаздар біліктілігін арттыруды басты назарда ұстайды. Қазіргі таңда 34 жоғары, 15 бірінші санатты мұғалім аталмыш мектепте қызмет атқарады. Осыған орай, шәкірттеріміз де қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарда жеңімпаз және жүлдегерлер атанып, талай зияткерлік, шығармашылық және спорттық сайыстарда биіктен көрінуде. Осындай нәтижелерге жету үшін мектеп қабырғасында барлық жағдайлар жасалған. Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін арнайы курс, үйірмелер, секция жұмыстары ұйымдастырылды. Нақты атап кетсек: вокал, хор, би, шахмат, тоғызқұмалақ, жас суретшілер, қолөнершілер, робототехника үйірмелері; волейбол, футбол, баскетбол, каратэ секциялары; театр студиясы т.б.

Бүгінгі күнде аталмыш мектепте бір мыңға жуық бала білім алады. Олардың тең жартысы – бастауыш сынып оқушылары. Жыл сайын 1 сыныптан 4-5 комплект ашылады, бала саны 140-150-ге жуық. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау алдында дәстүрлі түрде бірталай жұмыс жүргізіледі. Мектепке дейінгі және бастауыш сатыда білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатымен бірнеше жыл бойы № 14, № 28, № 85, № 93, № 122, № 31, № 35, № 37 балабақшаларының қазақ тілді топтарымен бірлесіп жұмыс өткізудеміз: мектеп қабырғасында экскурсия ұйымдастыру; өзара сабақтар мен тәрбиелік шараларға қатысу; ата-аналар жиналысын өткізу; консультациялар беру; пікіралмасу мектепте дәстүрге айналған. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында мемлекеттік тілде оқытатын және тәрбиелейтін шағын орталықта екі даярлық тобы бар (43 бала). Топ түлектері біздің мектептің 1-сыныбына келеді.

Биыл да балабақшалар түлектеріне арналған «Жарқын болашақ» атты мерекелік концерт, «Ертегілер әлемінде» — сахналық көрініс, «Ашық есік күні» — сабақтарға қатысу  сияқты шаралар өтті. Мамыр айында болашақ 1-сынып ата-аналарымен кездесу өткізіп, мектеппен және 1-сыныпты қабылдайтын мұғалімдермен таныстырамыз. Ұстаздарымыз — тәжірибелі, жоғары білімді; екеуі — жоғары санатты, екеуі — бірінші санатты. Бәрі білім мазмұнын жаңарту бойынша қайта даярлау курсынан өткен. Олар: Бақыт Юсатқызы Сағындықова, Гүлия Сләмбекқызы Ахметжанова, Рымтай Аманболқызы Балтагулова, Бақытгүл Серікқызы Арынова. Аталмыш мұғалімдердің оқушылары бастауыш олимпиадасы, мәнерлеп оқу сайыстары, зияткерлік және ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ұстаздардың өздері де мектеп өмірінде белсенділік танытып, әр түрлі кәсіби сайыстар бойынша Дипломдар мен Грамоталарға ие болды.

Жазғы уақытта мектеп жанында демалыс лагері жұмыс жасайды. Онда болашақ 1-сынып оқушыларына арналған жеке топтар құрылады. Сондай-ақ, балаларын № 2 жалпы орта білім беру мектебінде оқытқысы келетін ата-аналар санының жылдан-жылға артып келе жатқаны – мектеп ұжымының жүйелі әрі еселі еңбегінің жемісі екені сөзсіз…

Қорлығаин Советқызы ТАБУЛОВА,

№ 2 жалпы орта білім беру мектебінің

оқу жұмысы жөніндегі директордың орынбасары.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.