Home » Айтарым бар » Мектебіме тағзым

Мектебіме тағзым

Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан кейін «Туған жер» жобасын іске асыру идеясы туындап, «Мектебіме тағзым» акциясы Павлодар облысында бастау алды. Осы жобаның аясында өз мектебінің тарихын зерделеу ұстаздарға құрметтен басталатынын Жабағылы негізгі мектебінің түлектері көрсетті. Осы игі шараға аудан әкімі, білім бөлімі мен ұстаздар, түлектер шақырылды.

Лебяжі ауданының әкімі Ернұр Әйткенов

1967 жылы шалғайдағы кішігірім ауылда 8 жылдық мектеп есігін айқара ашқан еді. Мектеп директоры болып Н. Крупская атындағы Семей педагогикалық институтының түлегі Сүлейменов Жантемір Сүлейменұлы тағайындалған еді.

Төлеген Жантемірұлы Жабағылы ауылында өмірден ерте озған әкесін еске алу шараларын ұйымдастырды. Сол жылы педкласты тәмамдаған өрімдей жас мамандар, қазір зейнет жасындағы ұлағатты ұстаздар жиынға арнайы шақырылды. Мектептің жүрегі, мәңгі нұрдың иелері Жеңіс Бейсембайұлы, Тлебалдина Мариям Мырзаханқызы, Балнияз Бейсембайқызы, Қожина Қапиза, Үміт Бексұлтан сынды мұғалімдерді ауыл клубының төріне шығарып, қошемет көрсетті.

«ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Зауреш Махадил

Қадір-қасиеттің жақсы үлгісі туған жердің, мектептің тарихын зерттеуден көрініс тапқаны – игі істің бастамасы. «Туған ел» бағдарламасы аясындағы «Мектебіме тағзым» акциясын жүзеге асыруға «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ филиалы Павлодар облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты да атсалысты. Атап айтсақ, мектептің 50 жылдық тарихи деректері жайлы ақпараттар, мектеп тарихы туралы стендттер: «Мектепті басқарған басшылар» стендін, «Мектеп шежіресі» фотостенді, «Мектеп түлектері – біздің  мақтанышымыз» стендтерін дайындауға облыстық мұражай тарапынан әдістемелік көмек көрсетілсе, сценарий және шақыру билеттерін инновациялық технологиялар және жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы Зауреш Махадил дайындады. Ол – сол мектептің түлегі. Мектеп директоры Алтынбек Өміртайұлына институт атынан құттықтау хат және «Қазақ тілі» кабинетіне сөздіктер, көркем әдебиет тарту етілді.

Иманғазина Гүлжанат «Павлодар-Қазақстан» телеарнасы директорының орынбасары тігін машинасын сыйлау сәті

Жабағылы негізгі мектебінің түлектері – Иманғазина Гүлжанат «Павлодар-Қазақстан» телеарнасы директорының орынбасары тігін машинасын сыйласа, 1974 жылғы түлектер Жылқайдаров Балғабай, Махадил Тоқтар, Сүлейменов Төлеген, Орынбаев Бәкі, Тұрсынханов Ағзам Жоламанұлы еңбек сабағына арналған ағаш өңдеу станогын сыйлап, оқушыларды бір қуантты. Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер болып мектепте өткізген уақыт оның жадында мәңгі қалатын шығар. «Мектеп – кеме, білім – теңіз» десек, сол білім теңізінде шұғылалы сәуле шашып, нұр құятын – мектеп екеніне тағы бір куә осы болмақ! Атқарылып жатқан осындай іс-шаралардың мақсаты – өскелең ұрпаққа өз еліне,  туған жеріне, білім алған мектептеріне, сабақ берген ұстаздарына құрмет көрсетуге шақыру, оқушыларға өз мектептерін бітірген танымал түлектердің табысты өмір жолын үлгі ету.

А.Р. Жунусова

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Ф Павлодар облысы бойынша

ПҚ БАИ «Білім мұражайы» бөлімінің бастығы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.