Home » Абайтану » Келі мен келсап

Келі мен келсап

Абай орыс халқының мәдениетіне бой ұрып, одан өнеге, нәр алған ұлы ақын. Ол халқының келешек тағдырын орыс халқының мәдениетімен жалғастырып, рухын өсіруді өмірлік еңбегінің нысанасы етті. Өзінің ақындық тұлғасынан туған ерекше қалып, ерекше қабілетімен қоса, қайраткерлік қызметті де меңгерді. Абайдың заманында саяси жер аударылғандардың орталығы болып есептелінген Семей қаласында 1878 облыстық санақ комитеті құрылды. Бұл санақ комитеті жеті аймақты мекен ететін халықтың тұрмысын, шаруашылығын, тарихын, мәдениетін, географиялық жағдайын зерттейтін жалғыз мекеме болды. Аталмыш мекемеге Абай да қамқорлық көрсетіп, балалары Ақылбай мен Мағауия үшеуі қоғамның мүшелігіне еніп, арнайы жарна төлеп отырды.

Бұл тұста саяси қылмысты деп танылып, Сібірге жер аударылған бірнеше ұлт өкілдерінің бірі -Михаэлиспен жақсы таныс болған Абай, саяси жер аударылушылардың бірі – доктор Нифонт Долгополовпен бірлесе отырып, мұражайға жасау-жабдығымен қазақ үй бастатқан елуден астам зат тапсырады.

Абайдың мұражайға сый ретінде тапсырған заттарының ішінде – төсекаяқ, асадал, кебеже, асатаяқ, қамшының түрлері, сыбызғы, қобыз, ыдыс-аяқ түрлері де бар.

Біз тілімізге тиек еткелі отырған тұрмыс құралының бірі – келі мен келсап.

Қазақтың тұрмыс саласындағы кейінгі уақытқа дейін кеңінен пайдаланып келген тұрмыс құралдарының бірі де осы келі мен келсап. Ол тары, бидай сияқты дәнді дақылдарды түйіп, ұнтақтайтын қатты ағаштан ойып жасалған құрал. Келі – құрылымы жағынан екі түрге бөлінеді. Тақта келі және шұңғыл келі түрлерінің ерекшеліктері — түбінің жайпақ немесе шұңғыл болуына байланысты.

Шұңғыл келі – дәнді ақтауға пайдаланылса, тақта келі – дәнді жармалап, ұнтақтауға қолданылады. Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап тиіп, дәнді майдалауға, ұнтақтауға қолайлы болады.

Келі мен келсапты қайың, қарағаш сияқты қатты ағаштардан ойып жасайды. Ертіс бойындағы елдерде биіктеу келеді. Қазақстанның оңтүстік өңірінде тұтас ағаш көп кездеспейтіндіктен екі, болмаса үш ағаштың кесіндісінен қиюластырып, түйе терісімен тартып жасайды. Мұндай келілерді – құрама келі деп атайды. Келіні шеберлер мықты, әрі жарылмай көп жылға шыдау үшін қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін әдетте оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен ысқылап, жылтыратып қояды. \А.Қалқаұлы\

Келінің түйгіш ағашы – келсапты да қойдың құйрық майын сіңіріп, өңдеуден өткізеді. Келсаптың келіні түйгіштейтін жағы сәл жіңішке болады да,басы жуандау, салмақты етіп жасалады. Қолға ұстайтын жерінен ойық тұтқа шығарылады.

Келінің темірден жасалған түрін “темір келі” деп атайды. Темір келі кейінгі отырықшы елдің ықпалымен қолданыла бастаған шағын ыдыс іспеттес құрал. Түйгіштейтін келсабы да шағын. Келіні қазақ даласында 7-10 жасар балалардан бастап түйе береді. Машықтанған келі түйушілер келінің екі жағына қарама-қарсы тұрып, бір келідегі дәнді алма кезек екі келсаппен бір мезгілде түйеді. Мұндай келі түйудің ерекшелігі – бірінің келсабы екіншісіне соғылмауы, келінің жиегін соқпай, дәнді дәл түйгіштеуі қажет. Яғни, түйірдей дәнді дәл көздейтін мергендік пен ұқыптылықты, сұрмергендікті қажет етеді.

Осындай деректерге сүйене отырып, аңшылыққа бейім қазақ мәдениетінің мергендігі осы – келі мен келсаптан бастау ала ма деп ойлаймын. Өз заманында “даланың философы” атанған дана бабаларымыз кәзіргі дене тәрбиесі сабағында өтетін теориялардың барлығын — келі мен келсап, саба сабау, диірмен тарту арқылы өткізіп отырады дегенді айтқым келеді. Жасынан салмақты келсапты келіге тигізбей дәл көздеп, дәнді үгіту арқылы –дәлдікті, мергендікті, бұлшық еттің қатаюын, қалт етпе қимылды шалыс жібермейтін жылдамдықты үйренеді. Белдің әрекетін жақсартып, буындардың қатаюына, ми жұмысының жылдамдығына да үлкен әсері бар. Спорт саласындағы ауыр және жеңіл атлетика түрлерін бабаларымыз қарапайым тәсілмен-ақ оңай пайдаланып отырған. Келі түйген балалар мен кәзіргі тир атып жүргендерді салыстырып көрсеңіз, келі мен келсап түйгендер тир атушылардан әлдеқайда ширақ.

Тарихи шығармалардан шығармалардан кездестіретін “Көз мерген”, “Қол мерген” осындай қазақы мәдениеттен туындаған болса керек.

Жасынан келі мен келсап түйіп, қолмергендікке машықтанған қазақ аңшылары таудың жықпыл-жықпылынан көз ілестірмей қашатын аңның көздемей-ақ құлағынан тигізетін сұрмергендік, шеберлігі осындайдан шыққан. Ұшқан құсты, қашқан аңды садақтың оғы жететін жерден қалт жібермейтін аңшылар салмақты келсап арқылы жасынан тарыдай дәнді көздеп, дәл тигізуден бастайды.

Қазақ мәдениетіндегі ертеден кең тараған спорт түрлерінің бірі – осы келі мен келсапты бүгінгі күнге дейін дәнді-дақыл түюге ғана арналған ас үй құралы деп келеміз. Ал не нәрсені тереңнен саралайтын бабаларымыздың арғы астарына терең үңіле бермейміз. Келі мен келсапты ауылдағы ұл-қыздардан бастап, абысын -ажындар да қолданады.Балғын кездерінде келі мен келсапты кеңінен пайдаланған жастар – жамбы ату, алтын қабақ сияқты ойындарды да тек ойын ғана емес, жастарды ел қорғауға, сақтыққа, мергендікке тәрбиелейтін амал ретінде пайдаланған. Ертеректе қазақ қыздарының да садақ атқанын тарихтан жақсы білеміз.

Жерде тұрып, ат үстінен шауып келе жатып садақ ату, оғын нысанаға дәл тигізу, ат үстінде шауып келе жатып, жерден жамбы алу -асқан мергендікті шеберлікті, қол мергендігін қажет ететін өнер. Осы өнерді меңгерген сұрмергендерді ел де қадір тұтқан. Аң қашып құтылмайтын мұндай мергендер елдің де намысын қорғаған.

Тұрмыста күнделікті қолданылып жүрген қарапайым құралдың өзін аса терең мағыналықпен пайдаланған бабаларымыз елдің ертеңін, ер намысын, болашақтың денсаулығын да ойлаған. Осындай мәні терең тұрмыс құралдары өкінішке орай, мұражайларда ғана сақталған. Тұрмысқа қажетті бүгініміз бен ертеңіміздің айғағы боларлық басқа тұрмыс құралдарының сыры қалың жұртшылыққа мәлім емес. Өйткені атамұра мұрағаттарын біз тек мұражай мұрағаттары арқылы ғана білеміз.

Абай мұражайында келі мен келсаптың екі түрі бар. Ертіс өңірі тәсілінде жасалған биіктеу ағаш келі экспозицияның киіз үй бөлмесінде орналасқан. Кейіннен өзге елдердің ықпалымен келген “темір келі” де мұражай қорында сақтаулы.

Алмахан Мұхаметқалиқызы,
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.