Home » Мақалалар » ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІГІН ДАМЫТУДА  «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»  ПӘНІН  ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІГІН ДАМЫТУДА  «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУ»  ПӘНІН  ОҚЫТУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

 

 Кульниязова  Айжан  Сисенқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ  филиалы
Атырау облысы бойынша педагогикалық  қызметкерлердің
біліктілігін  арттыру  институты,
«Деңгейлік бағдарламалар орталығының
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша тренер

 

ХХІ ғасырдың табалдырығын аттаған еліміз әлемнің дамыған елдерінің қауымдастығына кіруге бет алды. Сондықтан еліміздің туын биікке көтерер білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу біздің алдымыздағы ең басты міндет.

«Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін, жаны да, тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз», — деп Елбасы                               Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның жеке тұлғалық әлеуетін  мақсатты түрде және кеңінен ашуға бағытталған рухани-адамгершілік білім беру  ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басты бағыты болып отыр.

 Еліміздің барлық мектептерінде 2010 жылдан бастап міндетті пән ретінде  оқытылып келе жатқан «Өзін-өзі тану»  пәнінің  оқыту мен тәрбие үрдісіндегі орны өзгеше. Оның өзгеше болатын себебі, бұл пәннің мақсат-мүдделері    мектептегі басқа пәндердегідей  ғылыми тұрғыдағы білімді  меңгерту  емес,  керісінше сол білімді меңгерту үшін ең әуелі:

  • әр оқушының  ішкі жан-дүниесін байытуды;
  • қайталанбас   жеке даралығын, қабілеттіліктері мен жасампаздық әлеуетін ашуды;
  • өзіндік «Менін» қалыптастыруды;
  • қоршаған орта мен  бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасының  негізін дамытуды;
  • қоғамға қызмет ету мәселелерін шешуде  алған білімдерін шығармашылықпен қолдану дағдыларын  қалыптастыруды   көздейді.

Л.С.Выготскийдің «Тәрбиелеу үрдісі оқушыны тәрбиелеуге емес, оқушы өзін-өзі тәрбиелеуге әкелетін үрдіс болуға тиіс» — деп көрсеткеніндей, қазіргі мектептердің алдындағы міндеттердің  бірі – оқушыларға  білімді меңгерту ғана емес, олардың ішкі жан дүниесіне әсер ету арқылы оқушылардың ізденімпаздығын, танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашу десек, бұл пәннің басты маңызы да осында.

Мектептерде  «Өзін-өзі тану» пәнін оқытуда ұстаздар алдына оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу, ұлттың рухани санасын қалыптастыру, олардың әдебиетке деген құштарлығын ояту, әсемдікке баулу, дарыны мен талантын, қабілеттерін  аша түсу,  сөздік қорын, тілін дамыту міндеті қойылған. Сондай-ақ, алған білімді теориялық және практикалық мәселелерді шешуде саналы түрде қолдана білетін  ақыл-ой белсенділігі дамыған адамды даярлауды талап етеді.

Шәкірттің жеке тұлға ретінде дамуына ұстаздың өткізген әрбір сабағы шешуші рөл атқарады. Оқушы білімінің сапалы болуы ұстазының  кәсіби құзіреттілігіне тікелей байланысты.

Сондай-ақ, оқушының пәнге қызығушылығын арттырып, шабытын тудыру  үшін әр сабақты дұрыс ұйымдастыру, педагогикалық шеберлікті үнемі ізденістермен жаңартып отыру, қиынның қисынын келтіру, күрделіні тартымдыға айналдыру, сергек сезімталдықпен  өнер сахнасында тұрғандай дауыспен, жатық және мәнерлеп сөйлеу, яғни сабақты таңқаларлықтай өткізу, әсіресе сабақтың кіріспе бөлімінің ерекше ұйымдастырылуы, бұрын-соңды болмаған ойын түрлерін қолдану, проблемалық оқыту, өмірмен ұштастыру, әрбір оқушының шығармашылықпен жұмыс істеуіне жағдай жасау әр ұстаздың міндеті болу керек.

Өзін-өзі тану сабақтарында  әдістемелік тәсілдердің көмегімен оқушылардың көңіл-күйлерін көтеріп, эмоциясына, рефлексиясына дем беретін    дамытушы салауатты орта құрылады. Ал,  «шығармашылық тапсырмалар»   кезінде көрнекі құралдарды, ақпараттық-технологияларды жиі қолданып, мәселелі суреттерді қиюластыра қажетке жаратып, әдеби кітаптар бойынша «мұғалімнен сый» кезеңін орайластыра пайдаланып, «коллаж — жоба» жасауға ұмтылдыруға болады. Сондай-ақ, сурет салып, өлең шығару, жағдаяттар кезіндегі ойлану мен ойындар кіреді.

Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы. Баланың қажеттілігі ойын, ойнаған бала ойлайды, ойланса ішкі қажеттікті іздейді, іздегенін табуға өзінше әдіс, өмірлік тәжірибесін қолданады, яғни әрекет етеді, (бұл- шығармашылық қызмет) іздегенін тапса — нәтиже  сол  болады, бұл-тұлғалық қызмет. Шебер ұстаз әр сабағын ойлайтын ойынға айналдара алуы керек. «Жалғасын тап», «Тез ойла», «Мен болсам» сияқты әрекеттер баланың логикалық ойын дамытса, өздері құрастырған ребус, жұмбақ, криптограмма, қанатты сөздер мен сөзжұмбақтар баланың зерігуін туғызбайды, керісінше іске машықтандырып, шығармашылық дербестігін қалыптастырады.

Әңгімені салыстыру, бөліктерге бөліп, ат қойғызу, мәтін бойынша мақал, тақырып пен тірек сөздер бойынша мәтін құрастыру, кейіпкерлерге мінездеме беру немесе кейіпкердің мінезіне қандай сөйлем сәйкес келетіндігін  табу секілді жұмыстарда оқушылар ізденіп, өз пікірлерін еркін білдіріп жатады.

Жоба қорғау мен тұжырым жасауды әдетке айналдырып, хат, тақырыптық және еркін тақырыпқа шығарма жазуға дағдыландыра отырып ой-талдатуға үйретуге, сөздік қорды дамытуға болады.

Сондай-ақ, рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді – мақалдар мен мәтелдерді,тыйым сөздер мен жаңылтпаштарды, санамақтар мен даналық сөздер терапиясын тәрбие ісінде қолдану – жеке тұлғаның адамгершілік сапаларын дамытады, мінез-құлқын қалыптастырады. Мұның өзі мейірімділік пен ізгілікке, сабыр мен саупқа, тыныштық пен сүйіспеншілікке және ақиқат пен дұрыс әрекетке шақырады. Мысалы, мәтіндерді оқыған кезде мәтінде жоқ ұлттық бояудан сыр шертетін салт-дәстүрлер тұрғысындағы сөздерді кірістіре оқу, мән-мағынасын түсіндіру балалардың абайы мен зейінін тәрбиелеуде үлкен көмегін тигізеді.

Міне, жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде оқушылар өздерінің түрлі танымдық және шығармашылық сұраныстарын қанағаттандырады. Ізденістер арқылы олардың қиялы ұшталып, талант көздері ашылады. Өзіндік идеясы туып, үлкен тәтижеге қол жеткізеді. Әр баланың өзі сүйетін жанры, тақырыбы айқындалады. Кей бала өзін ақын сияқты сезініп өлең жазуға ұмтылады.        Мәтіндерді рольге бөліп оқу, мектеп сахнасында қойылымдар көрсету кезінде балалар кейіпкерлермен кездесіп, сомдаған рөльдерінен эстетикалық тәрбие алады және сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдаланады. Бұндай іс-шаралар арқылы оларды өнерге баулып, мамандық таңдауына жол ашамыз. Өнермен айналысқан баланың жан дүниесі ерекше болады. Ол ешқашан жаман әрекеттерге бармайды.

Бала үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрән де ертегіден алатындықтан, ертегілерді оқып талдау, өз ойларымен басқаша аяқтау, ертегі, әңгіме жаздыру арқылы балалардың әдиби шығармашылық қабілеттерін ұштай аламыз.

Қорыта келе, «балаға тәрбие қылу» — қиындықтың тұңғиық теңізін қажырлы қайратпен кеше білетін, тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе алатын, қаласа өзін, асса барлық адам баласын өрге сүйрейтін, адалдық жолда иманды болатын, қысқасы адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел тұлға шығару десек, мұғалімнің балаға деген ұлы махаббаты – табысқа жетудің ең басты көзі!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.