Home » Мақалалар » Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын …

Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын …

Қазағымның қасиетті қара топырағына аунап, қымызын ішіп, құртын жалап, әжесінің әсерлі әңгімесін тыңдап, зиялылықты бойына бала күнінен сіңіріп өскен қарапайым отбасынан шыққан жан бүгінде қаламыздың құрметті азаматы, білдей ұстазға айналды. Алтын құрсақ анадан туған қайсар қыз бүгінгі таңда тамырын кең жайған бәйтерек іспеттес, айналасына шуағын шашқан күн көзіндей таралып, ана деген ардақты атты иеленіп, ұстаз дейтін ұлы жолды таңдап, өз міндетін абыроймен атқарып зейнетке шыққан бақытты ана, ақ жаулықты әже…

Қолыма қалам алғызып, мақаланың жазылуына себеп болған аяулы жан – Искакова Баян Заитовна, 1960-жылдың 25-мамырында Баянауыл ауылында дүние есігін ашқан екен. Еңбек жолдарын сонау Павлодар облысы Екібастұз ауданындағы Баянауыл елді мекенінде неміс тілі пәні мұғалімі болумен бастаған ұлағатты ұстаз 1977-1982 жылдары Көкшетау қаласының педагогикалық институтының «Неміс тілі пәнінің мамандығын» игеріп шығып, неміс және ағылшын тілдерінің мұғалімі атанған. Осы Баянауыл мектебінде үздіксіз 17 жыл қызмет атқарып, көптеген дәрежелерге жеткен. Одан әрі Сарыарқаның төріндегі қара алтынның шаһары Екібастұз қаласының № 12 білім ошағында мұғалімдік қызметін адал атқарып, сол ошақтан зейнет жасына шыққан. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», демекші осындай дара тұлғалы ұстаздың еңбек жолдарын саралай келе ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік ұстанымдары мен тәжірибелеріне қызыға да қызғана қарайсың. Мектеп қабырғасындағы құмырсқаның илеуіндей қызу жұмыс, күйбең тіршілік әбден ығырыңды шығарып шаршатқан сәттерде де Баян ұстаздың бір жабырқап, алған жолынан қайтқан емес. Әрқашан көздерінен нұр төгіліп, бойынан мейірімділік пен рухани байлық менмұндалап тұратындығын көптеген тәрбиелеген шәкірттерінің аузынан жиі естіп жүреміз… Білім десе ішкен асын жерге қоятын білікті маман иесі қай жерде қандай сайыс, жарыс болмасын бағын сынаудан аянған емес. Шәкірттерімен жасаған жұмыс тәжірибелері де өз нәтижелерін беріп оқушылары бүгінде еліміздің елеулі азаматтарына айналған. №12 мектептегі ұстаздық жолында 3 сынып түлетіп, болашаққа қанат қақтырған екен. Баян Заитовна өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді.

Ол тек қана нағыз ұстаз  ғана емес, өз отбасының мәуелі бәйтерегі.
Өмірінің қанша уақытын жұмыста өткізгенмен қатар Баян Заитовна — аяулы ана, ардақты әже. Екі ұлын нағыз азамат етіп тәрбиелеген ана төрт немере сүйіп отыр.

Мектебінің мақтанышы, әріптестері мен достарының арасында зор беделге ие болып, шәкірттерінің жүрегінен орын алатын осындай ұстаздарымыздың қатары азаймаса екен. Шәкірттері мен әріптестері де ұстаздың әрбір басқан қадамын әлі күнге дейін өнеге тұтып қадірлейді.

Инемен құдық қазғандай қиын жолды таңдап, сол жолда аянбай еңбек етіп, сүбелі сөз саптап, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстазымыздың ғұмыры ұзақ болсын демекпін.

 Исмаилова Бакыт Айтмұқанқызы,
Павлодар облысы
Екібастұз қаласы
№12 ЖОББМ директорының орынбасары.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.