Home » Білім және тұлға » Берекелі білім ошағы

Берекелі білім ошағы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріледі. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айрықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.  Елбасы мақаласын басшылыққа ала отырып мектебіміздің байырғы ардагер ұстазы Б. Ү. Қанатбаевтың биылғы жылғы 100 жылдығы мектеп, аудан көлемінде сәуір айында аталып өтті. Ендеше майдангер ұстаз, білікті басшы жайлы ой қорытайын. Бержан Үсенұлы 50 жылдан астам ұстаздық еткен, соның ішінде Доссордағы қазақ, кейін В.Г.Белинский атындағы орта мектепте 40 жыл еңбек еткен ұлағаты мол ұстаз, басшы болды.Ұстаздық жолында ол шәкірттеріне терең білім, саналы тәрбие берді, адамгершілікке, кісілікке жалықпай үйретті. Оқушылардың білім сапасына ерекше көңіл бөлді. Ұстаздың оқушыларының математикадан дайындығын Одақтың іргелі жоғарғы оқу орындарында таныған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.

 1966 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді.
«Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері. Мақат ауданының Құрметті азаматы.Барлық өмірін ұстаздық жолына арнаған, сол жолда өшпес із қалдырған, майталман маман, танымды тәлімгер 1995 жылы қарашаның 13 жұлдызында дүниеден өтті.  Қазіргі күні ұстаз еңбегінің үлкен бағасы — 2006 жылы 31 мамырда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 480 қаулысымен Атырау облысы, Мақат ауданы Доссор кентінің В.Белинский атындағы орта мектебі — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп деп аталды. Бержан Қанатбаев атындағы орта мектеп Мақат ауданындағы ең ірі мектептердің бірі, бала саны жағынан аудан бойынша бірінші орында. Бұл мектеп ауданда, облыста  білім беру cаласында өзіндік дәстүрі қалыптасқан ізденісті ұжымы бар мектеп.Мектеп бұрын В.Г.Белинский атындағы орта мектеп деп аталып келді.Тарихы өте әріден басталады. 1928 жылдары Қазақстандағы сауатсыздықты жоюдың екінші сатысында Доссорда қазақ мектебі ашылған, кейін ол А.С.Макаренко атындағы  жетіжылдық мектепке айналған дейді. Осы мектепте 1955-56 оқу жылында 11 класс-комплект болып, онда 238 оқушы оқыған, ең жоғарғы 7- класты 43 оқушы бітірген, барлығы да қазақ балалары. Мектеп директоры Г.С.Лұқпанов деген орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Бұл мектепте аудан  жұртшылығына белгілі Исатаева Зейнеп, Қапашев Бозекен, Есетов Тілеш, Иманқұлов Тілеш, Адилова Дәметкен, Көпкенова Сәнді сияқты ұстаздар еңбек еткен.1935 жылдары В.Г.Белинский атындағы орыс мектебі ашылған. Сақталған мәліметтер бойынша бұл мектепте  1953-54 оқу жылдары 12 класс-комплектіде 262 оқушы болған,10- класта 33 оқушы болған. Бір ерекше  жағдай 262 оқушының 37-сі ғана қазақ балалары. Бұл дерек  осы жылдары біздің поселкемізде орыс және өзге де ұлт өкілдерінің көп болғанын көрсетеді. Мектеп директоры болып Лим Гидон Петрович физика-математика пәні мұғалімі еңбек еткен. Педагогикалық ұжымда қазақ ,орыс, корей, украйн, армян, неміс, болгар ұлт өкілдері болғаны белгілі. Осылардың ішінде аудан, облыс халқына танымал ұстаздар Калакова Дина Геннадиевна, Тушканова Галина Сергеевналар бар. Кейін 1958 жылдары екі қатарлы 480 орындық жаңа мектеп үйі салынып, осы екі  мектеп бірігіп аралас жаңа мектеп пайда болған, оған В.Г.Белинский аты сақталған. Бұрынғы мектептерден қалған орындар да көп уақыт пайдаланылып келді. Бұл мектепте жоғарыда аталған мұғалімдерден басқа да көптеген белгілі ұстаздар еңбек етті, мысалы Ермек Өтебаев, Қали Ұлжанов, Орын Ихсанов, Шолпан Төреханова, Зағыпар Өстемірова, Тоғжан Қожамжарова, Қайырлы Ахаева, Қайырғали Жанасов, Жамиға Намазова, Ғазиз Садиров, Шартекенова Жамби, кейінгі жылдары Роза Карина, Нұржауған Ботабаева, Назира Далабаева, Мырзахмет Сейтқалиев, Коестантинова Людмила Васильевна, Арысова Балхия, Бисенова Иба, Есетова Орынай, Ұлжанова Ақжан, Роза Аухатова, Жүсіпова Дәмелі, Жапарова Жанат, Исатаева Гүлшат, Самалиқова Бағыт, Құсайынова Айтжан, Жамиля Өтепқалиева, Алтын Абілғазиева, Тасмағамбетова Қалимаш, Жантоқова Дәмен, Мақпал Бағытқызы, Сақыпжамал Оспанова, Жамиля Иманғазиева, Утемисова Раиса, Туралиева Батима т.б.мұғалімдер де жұмыс істеген. Бұл мектепте Ахмет Тілесов, Нұрбай Нұрсұлтанов, Бержан Қанатбаев, Қасымқожа Кейкешев, Раиса Қаратюрина, Баженов Хұттымұрат сияқты ұстаздар директор болып, білім беру ісін жетілдіруге аянбай еңбек етті. Атап айтсақ, Бержан Үсенұлы Қанатбаев 1959-1977 жылдары басшылық етті, мамандығы бойынша математик. 1966 жылы білім саласындағы елеулі еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды.Ұстаз есімін,оның еңбегін республикада ғана емес, Одақтың іргелі жоғары оқу орындарында жақсы білген, шәкірттерінің білімін жоғары бағалаған.1978-1998 жылдар аралығында Қасымқожа  Жақсығалиұлы Кейкешев директор болып еңбек етті , химия пәнінің мұғалімі. Бұл басшы тұсында оқушылар санының көбеюіне байланысты мектепке үлкен спортзал, қосымша сынып бөлмелері жалғамасы салынды. Өз жұмысының шебері болған ұстаз  «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген халыққа білім беру қызметкері» атағының иесі. Білім саласындағы сол кездегі озық тәжірибелер енгізілді, блоктап оқыту, тереңдетіп оқыту, теңестіріп оқыту т.б.1998-2001 жылдарда француз тілі маманы Раиса Құсайынқызы Қаратюрина басшылық етті. Бастауыш сыныптан бастап шет тілін оқыту, 5-6 жасарларды мектепалды дайындықпен қамту жұмыстары дамыды. 2001-2007 жылдары  мектеп директоры болып Қазақ ССР-і білім беру ісінің үздігі, тарих пәнінің мұғалімі Хұттымұрат Рахымұлы Баженов еңбек етті. Хұттымұрат Рақымұлының еншісіне мектептің 2001-2004 жылға дейінгі қиын кезеңі  тиді. Мектеп өртеніп оқушылар поселкенің бірнеше мектептерінде бөлініп оқыған кезде басшы еңбек ұжымын, оның жұмыс істеу қабілетін, бірлігін, оқушы контингентін, оқу-тәрбие үрдісінің жүйелі жұмысын сақтап қала алды. Мектептің көп жылдар бойы жинақталған озық дәстүрлерін жалғастыруға, оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға көңіл бөлінді.
Қазіргі күні мектеп ұжымы бұрынғы ардагер ұстаздар қалдырған ізгілікті іздің жалғасын көрсетіп, бүгінгі күнге дейін оқушыларға білім беру жолында аянбай етіп келеді.

Бектурлиева Гүлнар Мыңбайқызы
Атырау облысы, Мақат ауданы, Доссор поселкесі
Б. Қанатбаев атындағы орта
мектебінің директоры, тарих пәнінің
жоғарғы санатты мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.