Home » Поэзия » Бердімұрат Сейфулла, Өлеңменен тарту еттім гүлімді

Бердімұрат Сейфулла, Өлеңменен тарту еттім гүлімді

Бердімұрат Сейфулла,
 Лебяжі ЖОББМ-нің
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
Аққу ауылы
Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

 

 

 

 

 

(Павлодар облысының 80 жылдығына арнау)

Өлең құрдым шабытты шаттандырып,

Айтайын жазбасам да дастан қылып.

Жүректен жүректерге жеткізейін,

Ақыным, деп алашым артқанда-үміт.

Қазақ едік ұлдарын он бесінде,

Жататын жауларына аттандырып.

Қызына тиым қылып қырық үйден,

Жасатпаған ұяттан асқан қылық.

Тауқыметті тартсақта талай ғасыр,

Тағдыр бізді көрмеген жасқандырып.

Бұл таңға да жеттік біз батылдықпен,

Қазағымның намысын аспанға іліп.

Көрінсе де тәтті өмір тым алыстан,

Аяқ-қолы шешілмей тұсамыстан.

Батыр ұл, батыл қыздың арқасында,

Бүгін де, көк аспанда қыран ұшқан.

Сарқырап сай-саладан аққан бұлақ,

Сылдыры көңілімді шаттандырар.

Өзгерседе тіршілік, шыр айналып,

Көк болып қала береді аспан бірақ.

Көк байрақ желбіресе –сол аспанда,

Қазақтар да мәз болар жатқан жырақ.

Еңселі ел ордамыз көп алдында,

Еңсемізді марқайтып мақтандырар.

Жалау етіп жырымның желегіне,

Кетпесем, сағынышым көнеді ме?

Киелі «Керекуім» мен өзіңді,

Қалай ғана қоспайын өлеңіме.

Жырламасам,туған жер бір өзіңді,

Ақын болып туудың керегі не?

Қара Ертіс толқыны қуат қосып,

Шабыт берген осынау өнеріме.

Өзің жайлы өлеңдер жаза берем,

Жаза берем жетсем де кемеліме.

Өнегелі өлкелер ордасысың,

Көз жүгіртсем тарихтың тереңіне.

Қазаққа ер оралмас, Иса сынды,

Мәшһүрлер де оқыған қисасулды.

Рүстембек Омаров та жерлесіміз,

Кезінде домбырасынан күй шашылды.

Шабытымды шимайла төгіл қалам,

Қасиетті кең далам, кербез далам.

Қаныш пенен Сұлтанмахмұт Торайғыров,

Топырағыңнан нәр алған — ұлы данаң!

Ел ағасы — Сыздықтың Титосы мен

Ғарифолла Есім де — сенің балаң!

Осылардың есімі естілгенде,

Өзі-ақ, келіп қонады сенім маған.

Мен де — сенің балаңмын, Керекуім,

Туған жерін ұмытпас тегін де адам.

Мерей тойың құтты болсын, бүгінгі

Сол үшін де мен арнаймын жырымды.

80 жылдық болған туған күніңе,

Өлеңменен тарту етіп гүлімді.

«Құтты болсын!» айта келген тойыңа,

Бауырыңа қысшы, мына ұлыңды!

 

Мәшһүр Жүсіпке арнау

 Сусындаған көненің жырларынан,

Тамыр үзбей тарихтың сырларынан.
Адамзатқа арнады «Асыл мұра»

Әдемісін теріп ап, жыр бағынан.

Кең даланың құлашты қыраны еді,

Қалықтаған көгінде тым әдемі.

Тектіліктің тамырын жоғалтпаған,

Қазағымның киелі тұмары еді.

Пайғампар аманатын дәріптеген,

Жырынан имандықты анық көрем.

Ақындық пен екеуін ұштастырған,

Әдеби әлемдегі алып дер ем.

Мәшһүрді мына жастар ұмытпасын,

Талабына қарасам үміт басым.

Ұлағатын ұл-қызға ұғындырған,

Ұлыларын ұлтының ұлықтасын!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.