Home » Мақалалар » XX ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ ЖӘНЕ ОҚУ-АҒАРТУ ЖҮЙЕСІ

XX ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ ЖӘНЕ ОҚУ-АҒАРТУ ЖҮЙЕСІ

Ұлт келешегі үшін қызмет еткен, бойындағы барын берген зиялы қауым өкілдерінің қазақ мектептері үшін пайдалануға тұратын көзқарастары мен тәжірибелері бүгінгі күнде өзектілігін көрсетіп отыр. ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінде педагогикалық психологияның қалыптасуына зор үлес қосқан зиялы қауым өкілдеріне назар аударып, зер салу аса қажет деп білеміз. Себебі, еліміз егемендікке ие болғалы ұлттық мектептің іргетасы қалана бастады. Ұлттық мектептер тарихын, тілін мәдениетін зерттей отырып, әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылудамыз.

Қазіргі «Қоғамның жаңару жағдайындағы ұлттық метептердің» бағыт-бағдарын, құрылымын, өткені мен бүгінгісін және болашағын анықтап, ұлттық мектептерді бүгінгі күн талаптарына сай ұйымдастыру.

ХХ ғасырдың басында тарихи сахнаға шыққан ағартушылардың, педагогтар мен жазушылар буыны туралы ерекше атап айтқан дұрыс әрі қажет деп ойлаймыз. Олар қазақ халқының тарихи-мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, республикада халық ағарту ісі мен жоғары педагогикалық ұлттық мектепті қалыптастыруда және оның іргетасын қалауға белсене ат салысқан, жеке басқа табыну кезінде зорлық-зомбылық пен заңсыздықтың құрбаны болған, көп жылдар бойы есімдері ескерілмей келген халқымыздың адал перзенттері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллиннің т.б. педагогикалық мұрасының бүгінгі таңда ғылыми мәні орасан зор. Олардың шығармашылық мұралары тек тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға қайтарылып, осы бағытта еңбектер жазылып, кітаптар жарық көре бастады. Өйткені олардың барлығы өз жолын таңдап, адамзаттың дамуына септігін тигізген өз дәуірінің өкілі ретінде қазақ үшін аса қажетті болған ұлы жандар.

ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы өзінің шығармашылық еңбегі арқылы халықтың тарихи зердесіне барлау жасай отырып, оның ұлттық сана-сезімін ояту, жігерін қайрау жолында аянбай тер төкті. Қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері аймақтық баспасөз органдарын қалыптастырды, елдегі əлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жəне рухани-діни мəселелерді реформалау қажеттілігін күн тəртібіне қойды. Қазақ зиялылары жалпы демократиялық мəндегі ұлттық тең праволық, халық-ағарту ісін көтеру, отаршылардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты көкейтесті мəселелерді өз шығармаларының өзекті тақырыптарына айналдырды. Осындай өмірлік сұраныстан туған жəне оған жауап берген санаулы дүниелердің бірі 1909 жылы Уфа қаласында жарық көрген, кешікпей əлденеше рет басылған М.Дулатовтың «Оян қазақ!» атты шағын көлемді өлеңдер жинағы еді. М.Дулатовтың «Оян, қазағында» ғасыр басындағы Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістер, оқу-ағарту секілді мəселелер көтерілді. Сонымен бірге қазақ жастарын оқып, білім алуға шақырды. «Оян, қазақ!» жарық көрісімен халықтың үлкен құрметіне ие болды.

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Республикамызда жаңа қазақ мектебінің негізін қалауда оқу ағарту ісін дамытқан қазақтың ойшыл ағартушылары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай сынды зиялыларының баға жетпес мұралары негізінде жеткіншектерді тәрбиелеу қазақ халқының болашағын қалыптастырушы күш деп білеміз. 1922-23 жж. ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Олардың iшiнде «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы», т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты. 1920-30 жж. республика мектептерiнiң оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен 1864-ке жеттi оның 1231-i қазақ мектебi, оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жеттi. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары едi. 1928 ж. Қаз ОАК-нiң 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерiнiң саны аз едi. 1927-28 жж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбi 7 жылдық мектептi бiтiрiсiмен техникумдар мен училищелерге кетiп жатты. 1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тiлi болып келген араб әлiпбиiнен латыншаға көшуi оқу-ағарту iсiнiң дамуына үлкен соққы болып тидi. Араб әлiпбиiмен шыққан мәдени бай мұралардың көбi отқа өртелдi. 1940 ж. латын әлiпбиiнен кириллицаға көшу елдегi ағарту iсiн тағы көп жылға шегерiп тастады. 1937 ж. қазақ бастауыш мектептерiнiң саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жеттi. 1940-41 оқу жылында жалпы бiлiм беретiн мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары едi. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалiм кадрларының сапасы жақсарды. 1940 ж. жалпы бiлiм беретiн мектептерде 44597 мұғалiм қызмет еттi, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдерi едi.

Осы кезде айтып кететін Солтүстік Қазақстан облыстық архивінен әкелінген қазақ педагогикалық училищесінің 1940-1941 жж. қызметі жайында зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1941 жылдың тамыз айынан бастап Көкшетау қазақ педагогикалық училищесінің директоры болып М.Нугуманов тағайындалған, завуч А.Жуманиязова болған. 1941 жылы Петропавловск қазақ педагогикалық училищесі Көкшетау қаласына ауысқандығын хабарлайды. 1941 жылдың 1-қыркүйек айында сабақ басталған, 3 класс 1941 жылдың 1-тамызда. Жаңа оқу жылының жоспары бойынша 1класқа-175 адам, 2 класқа-35 адам барлығы 210 адам қабылданған. Училище Көкшетау қаласының К.Маркс көшесі, 55 үйде орналасқан. Петропавловск қаз. пед. училищесінің Көкшетауға ауысуына байланысты оқытушылар құрамыда өзгертіліп бекіткен. Олар: Д.Баймухаметов қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы. Гурьева орыс тілінің оқытушысы. П.Е. Холодков орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы. А.Жуманиязова математика пәнінің оқытушысы, У.Кокубаев математика пәнінің, Самсонова А.Н. математика, Джолотович А.И. география пәнінің оқытушысы, Нугуманов М. география пәнінің оқытушысы, Л.И. орыс тілі, Валиулин К.К орыс әдебиеті, Митаева Г. педагогика, психология пәнінің оқытушысы, Конькова В.Г. дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы, Власова А.Д. музыка осы аталған оқытушылар 1940-1941 жылдары Көкшетау қазақ педагогикалық училищесінде жұмыс атқарған. Сонымен қатар барлығы 5 общежития 160 орны бар, төсек орындармен жабдықталған. Училищенің материалдық базасына келетін болсақ, 2 этажды арнай кірпіш оқу зданиясы салынған. 1-этаждағы оқу мекемесін орыс бөліміндегі оқушылар алған, ал 2-ші этажында қазақ бөлімі оқыған. Оқу аудиториялары мен 1 физкультурный залы бар. Оқу корпусындағы жылу пешпен орнатылған. Училищеде әскери дайындық жұмыстары да жүргізілген. Солтүстік Қазақстан облысының халыққа білім беру бөлімінің мектеп секторының меңгерушісі А.Дворниковтың Көкшетау қазақ педучилищесінің директоры М.Нұғымановқа хаттары. Сонымен қатар тир, дене шынықтыру алаңдары, гимнастикалық қалашықтардың, әскери кабинеттер туралы толық ақпарат беруді талап еткен құжаттары т.б. Солтүстік Қазақстан облысының халыққа білім беру бөлімінің мектеп секторының меңгерушісі А.Дворниковтың № 76 бұйрығы. 08.08.1941 жыл. Петропавл қ. Көкшетау қазақ пед. училищесінің директоры Елеусізов Сейтжан әскер қатарына шақырылуына байланысты уақытша міндетін атқарушы ретінде Қайрош Көкөбаевты тағайындау туралы бұйрық көрсетілген. Көкшетау қазақ педучилищесінің Казақ КСР Халық ағарту комитетіне берген ақпараты бойынша 1941 жылдың қазан айына Көкшетау педучилищесінің оқу-тәрбие жұмыстарының жағдайы, әскери және дене тәрбиесі жұмыстарының жағдайы, қазан айындағы оқушылар контингенті мен директордың орынбасары Қ.Көкөбаевтың аты-жөні көрсетілген.

 

 

 

1940-1941 жылдардағы педагогикалық училищесінде жүргізілген оқу процесі туралы көптеген мәліметтер әкелініп, әрі қарай зерттелуде.

1960 жылдары жалпы бiлiм беретiн 10363 мектеп жұмыс iстеді. 1954 ж. тың игеру науқаны кезiнде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесi мықтап қолға алынды. Бұл iспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, I.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгiлi ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орталық Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептерi жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептерiне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебi жабылды, қазақ тiлiндегi газет, журнал, кiтап таралымы құлдырап кеттi. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерiнде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептерi пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкiметi орыс тiлiн 1-сыныптан бастап оқыту жөнiнде қаулы алды. Бұл қазақ тiлiнiң рөлiн төмендетiп жiбердi. 1960-70 жылдар арасында оқу мазмұнына iрi өзгерiстер енгiзiлдi. Мектептердi 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшiру iсi 1962 — 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық бiлiм берудi iске асыру заңы оқудың сапасына керi әсер еттi, талап төмендеп кеттi. Оқушылардың бiлiмге ынтасы кемiдi. Орыс тiлiн оқытуға ерекше көңiл бөлiнiп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында сабақ түгелдей орыс тiлiнде жүргiзiлгендiктен қазақ мектептерiндегi оқушылардың саны кеми түстi. 1980-90 жж. елiмiзде халыққа жаппай орта бiлiм беру саласында бiраз жұмыс жүргiзiлдi. Соның бiрi 6 жастан бастап оқыту болды. Сондай-ақ ауылдық жерлердегi шағын мектептер мәселесiн шешу, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта бiлiм беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелерiне ерекше көңiл бөлiндi. Қортындылай келе оқу-білім ағартушылыққа үлес қосып келген XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті қазақ деген халқын ұлт деңгейіне көтеру, өз елін жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өзі-өзі басқаратын ел қылу. Алаш зиялылары оқу-ағарту саласында мектеп, оқу-әдістемелік құралдар туралы зерттеу әдістерін жазып, бірін-бірі толықтырып отырған. «Қараңғы қазақ көгінен өрмелеп шығып күн болуды» армандаған алаш қайраткерлері өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу бір туар тұлғалары еді. Олардың бар өмірі ұлтты сүюдің, ел мүддесіне қалтықсыз қызмет қылудың нағыз үлгісі болады.

Алаш зиялыларының көп салалы қызметінің бір қыры-ғылыми-педагогикалық іс-әрекетінің тамыры тереңге тарап, бүгінгі қазақстанның зияткерлік ұлт қалыптастырудың түпкілікті негізінен бастау алғандығын байқаймыз.

Алаш зиялыларының бәрін, өзінің жекелік мүддесі емес, халықтың тағдыры қызықтырды. Қазіргі біздің ақпараттық өрлеу заманында жұртшылықтың сауаты жоғары. Адамзат баласы, дәл бүгінгі күні, бүкіл дүние жүзінде болып жатқан жаңалықтардан үйінде отырып-ақ, толық мәлімет алатын күйге жетті. Алаш зиялылары өмір сүрген дәуірде, дәл бүгінгідей сауаттылық болмады.

Алаш зиялылары сияқты өз дәуірінде оқыған адамдардың көбінің орысша және латын әрпімен хат тануының өзі, жүре келе, бірнеше тілде сөйлеп, ғылымның түрлі салаларымен айналасуына қол жеткізді.

Бимаганбетова Жанар Түлкібайқызы

Көкшетау қаласы, Ж.Мусин атындағы Көкшетау

педагогикалық колледжінің оқытушысы,

тарих ғылымдарының магистрі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.