Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажет. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет», — деп көрсетілген болатын. Аталған бағыттағы тапсырмаларды орындау мақсатында 2015 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан Worldskills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының өңірлік кезеңі биыл 26-28 ақпан күндері Маңғыстау облысының Ақтау қаласында өтті. Жұмысшы мамандығына ынталы жастарды тарту арқылы дарынды мамандарды анықтау, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, өндіріс орындарындағы жас мамандардың, мектеп оқушыларының, студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған Жұмысшы мамандығының «Worldskills Аktau–2018» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңіне биыл 33 құзыреттілік бойынша 200-ден астам Маңғыстау өңірінің техникалық және кәсіптік білім және жоғарғы білім ұйымдарының студенттері мен бітірушілері, жас жұмысшылар және мамандар қатысып, бақ сынады. Қатысушылардың жұмыстарын 150 сарапшы бағалады.
Чемпионаттың өңірлік кезеңінің 2-ші күні әр құзыреттілік бойынша өтетін 18 алаңда келесі құзыреттіліктер бойынша сайыстар өтті: «Инженерлік графика CAD (Автоматтандырылған жобалау жүйесі)», «Желілік және жүйелік басқару», «Графикалық дизайн», «Веб-үлгілеу», «Компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қосымшаларды дамыту», «Токарлық жұмыс сандық бағдарламалық басқармалары станоктарында», «Дәнекерлеу технологиясы», «Тақтатаспен қаптау», «Электромонтаждық жұмыстар», «Слесарлық жұмыс», «Кірпішті қалау», «Құрғаққұрылыс және сылақ жұмыстары», «Майлау және безендіру жұмыстары», «Шаштараз өнері», «Киім үлгілеу», «Аспаз ісі», «Аспаздық ісі», «Мейрамханалық қызмет көрсету», «Наубайшы ісі», «Жүк машинасына қызмет көрсету», «Кондитер ісі», «Туризм», «Қонақ үй әкімшілігі», «Аударма ісі», «Жеңіл автокөлікке қызмет көрсету, жөндеу», «Медициналық және әлеуметтік күтім», «Темір жол көлігін басқару», «Сигналдау, орталықтандыру, блоктау және автоматика жабдықтарын жөндеу, қызмет көрсету», «Ақпараттық кабельдік желілер», «Мектепке дейінгі тәрбие», «Бастауыш сыныптарда сабақ беру», «Дене шынықтыру және спорт», «Кәсіпкерлік».
Сонымен қатар, Қазақстандағы техникалық кәсіптерді дәріптейтін және қоғамның назарын аудартқан толыққанды инновациялық іс-шара болып танылған Worldskills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары «Хан-Шахар» салтанатты сарайында ұйымдастырылған «Мен кәсіпкермін» атты көрмеге өз жұмыстарын ұсынды.
Жұмысшы мамандығының «Worldskills Аktau–2018» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңінің 3-ші күні әр құзыреттілік бойынша жеңімпаздар марапатталды. Чемпионаттың қорытындысы бойынша 1-ші орын алған жеңімпаздар республикалық чемпионатқа жолдама алды.
А.ӨТЕУОВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалы
Инновациялық дамуды әдістемелік қамтамасыз
ету бөлімінің бас маманы,
С.БЕРДІБЕК,
Ақпараттық технология
бөлімінің жетекші маманы