Home » Мақалалар » Ұлы даланың жеті қырымен үндескен дәріс

Ұлы даланың жеті қырымен үндескен дәріс


Ата-бабамыздан жеткен «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген халық даналығы әлем елдерімен байланыс жасап отырған бүгінгі заманның саналы ұрпағына көп тілді меңгертумен қатар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауды басты назарға қойып отыр. Осы орайда Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық  колледжінің «Филология» бөлімінде өткен «Заманауи оқыту — көптілді білім берудің мүмкіндігі» атты облыстық семинарда қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пән оқытушылары К.А.Шалабаева, Ж.М.Магазова, Р.Х.Исенгариева үш пәнді үндестірген «Тұрақты сөз тіркестері (Фразеология) тақырыбында өткен ашық сабағымызда халқымыздың үш және жеті санын қасиетті сан деп бағалауы және халық ұғымына сай келетін атауларды осы сандармен байланыстырып атауы: жеті ата, жеті қазына, жеті ру, жеті қарақшы, жеті қару, жеті ғашық, жеті жұт немесе үш арсыз, үш жұрт, үш байлық т.б. ұғымдармен әкелуі тегін емес екендігін еске салады. Ендеше ұлы даланың жеті қырына үш тілде тоқтам жасау, әлемдегі тоқтаусыз өзгерістерге Елбасы атап көрсеткен «Үш тілді білу — бұл жаһанданған әлемге жолдама» деген пікірінің толық айғағы болғандай болды.   Осы орайда өз беттерімен тұрақты сөз тіркестерін үш тілде қолданып, аз сөзге көп мағына сыйғызған ұтымды, шебер, тапқыр сөз өрнегі студенттерді талаптандырып, жетістікке жеткендей әсер қалдырды. Бабамыздың бекзат өнерін бағалау мен бүгінгі жастардың табиғатына татымды етіп қалыптастыру мақсатында жеті қырға жеке тоқталып, жеті жәдігермізді жете түсінуі жеті атасын танығандай құнды дәріс болды. Ұлы тарихымызды келешекке ұғындыратын ұстаздың ұстанымы ұлттық құндылықтарға тамыр жіберген, үш тілді жетік меңгерген маман майталманын тәрбиелеу сабақтың мақсаты болатын. Білім үрдісінде практикалық тұрғыдан инновациялық әдістемеліктерді  қолдану артықшылықтарын көрсетуді мақсат еткен семинар барысында жеті қырды зерттеу арқылы мағынаны тану және жастардың ұтымды пікірлермен үш тілде білім көкжиегіне самғауы көпшіліктің көкейінен шықты. Мемлекеттік тілмен қарым – қатынас индустрия тілінің үйлесім тапқан және ана тіліміздің рухани қазына бесігі екенін көрсеткен заманауи білім беру мүмкіндіктеріне құрылды. Сонымен қатар сабақ барысында ағылшын тілінің қолдану аясының кеңейгенімен ұлттық тілдің  зор мүмкіншілігін көрсетуге жұмыстандық. Сабақтың соңында Қадыр Мырза Әлі ақынның «Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте, Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» өлең жолдарымен қорытындыланды.

 

Шалабаева Кенжегүл Әзбергенқызы,
Атырау қаласы
Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі
пән бірлестік жетекшісі,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.