Home » Жаңалықтар » Томасов тордағы арыстанға айналды…

Томасов тордағы арыстанға айналды…

          Кеше ғана футболдан «Уефа Еуропа лигасының» 2-ші іріктеу кезеңінің аясында Елордалық «Астана» футбол клубы Андорралық Санта-Каломамен кездесті. Чемпиондар лигасында «ЧФР» клубынан ұтылған отандастарымыз енді , Еуропа лигасында бақтарын сынауға мүмкіндік алған болатын. Андоррада өткен алғашқы ойында есеп ашылмай, қарсыластар 0-0 есебімен тең тарқасқан еді. Тиісінше, астаналық жанкүйерлер Астана-Аренада өтетін жауапты ойынды асыға күтті.

Алма-кезек шабуылдармен басталған ойынның бар болғаны 7-минутында Ненад Эрич Санта-Каломалық Хус Сосаның соққысын сәтсіз қайтарғаны сол еді, 36-жасар Энрик Пи қақпа торын тулатты. Иәә, Андорралық команда есепте алға шықты. Бұл Астаналықтар үшін күтпеген соққы болды. Енді кем дегенде 2 гол соқпаса, келесі кезеңге өтпейтінін түсінген жерлестеріміз алға ұмтылды. Шабуылдың нүктесін қоюға тиіс Мубеле мен Янганы барын салғанымен, қорғаушылар тұсап ұстады.

Сол сол ақ екен стандарттық жағдайда Андорралық Гиорги Круашвили Юрий Логвиненкоға қарсы тәртіп бұзып, қарсыластарға 11 метрлік айып добын тебуге мүмкіндік сыйлады. Сигурьонсон мүлт кетпеді. Есеп 1-1. Соғылған голдан қарқын алған Нұр-Сұлтандықтар шабуылдарын үдете түсті. Бір қызығы Андорралықтардың санаулы соққылары голға айналуы мүмкін еді. Эрич ерледі! Сэйв!

Ал, ойынның басталғанына 1-сағат өткенде, Роман Григорчук жоспарлағанындай қос қапталға жаңа леппен Томасов пен Мұртазаевты шығарды. Жоғары жылдамдық пен үлкен дриблингке ие Марин Томасов бас-аяғы 20 минуттың  ішінде қарсыластар қақпасына 3 гол соғып, алаң қожайыны кім екендігін көрсетті. 16мыңнан астам жанкүйердің қолдауын естігенде, салқынқанды Марин эмоцияға ерік беріп, жейдесін шешіп, жанкүйерлерді бір желпінтті.. 70 минут берілмеген «Санта-Калома» футболшыларының өкініштен өзегі өртеніп, Томасовқа қол соғудан басқа амалдары қалмады.

Десе де, Астана жанкүйерлерінің бас бапкер Роман Григорчуктың жұмысына көңілі толмайды. Тіпті, Астананың «Old Boys» белсенді жанкүйерлер тобы, «Boss» атты экс-бапкер Станимир Стоиловтың суреті бейнеленген баннерді көрсетсе, трибунадан бас бапкердің қызметін атқарған Қазақстандық маман Григорий Бабаянды қайтару мақсатында, «Бабаян» атты жазуларды жиі байқалды. Спорт мамандарының пікірінше бұл – «Астана» командасының Чемпиондар лигасындағы сәтсіздіктерімен, команданың тірек ойыншыларының кетуімен, негізгі құрамға ілінбеуімен тікелей байланысты. Тіпті, бұл жеңістен кейін Марин Томасов негізгі құрамға іліне алмағаны үшін іштей көңілі толмайтындығын жасырмады. Бірақ, бұған қарамастан Роман Григорчук бұрыңғы жаттықтырған «Габала» футбол клубы секілді Еуропа лигасында жақсы жетістіктерге жетуді көздейді. Әрине, «Санта-Калома» командасымен болған ойын мақтанарлық жағдай еместігі анық. Себебі, Андорралық клуб Уефа рейтингінде 233-орында жайғасқан…

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» футболдан Еуропа жорығының 3-кезеңін 8-тамызда Мальтаның «Валлета» командасына қарсы өткізеді.

 

Ержігіт Күнтубаев

«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.