Home » Жаңалықтар » «STEP BY STEP” ТЕХНОЛОГИЯСЫН БАЛАБАҚШАДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ОҚУ ӘРЕКЕТІНДЕ ҚОЛДАНУ

«STEP BY STEP” ТЕХНОЛОГИЯСЫН БАЛАБАҚШАДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ОҚУ ӘРЕКЕТІНДЕ ҚОЛДАНУ

Еліміздің бүгіні мен ертеңі болашақ ұрпақ қолында екенін ескере отырып, жан-жақты дамыған тұлға тәрбиелеу – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – демекші, мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, халықтық тағылым нәрімен сусындатып, танымдық жұмыстарды жүргізетін бірден бір мекеме – мектепке дейінгі тәрбие беретін балабақша.

Әр баланың білім алуға, қоршаған ортаға және еңбекке бейімі, бір-бірімен қарым-қатынасы да осы кезеңде басталатындықтан, балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламаларды таңдау қажеттілігі туындайды. Баланы жан-жақты дамытуға көмектесетін бағдарламаның бірі және бірегейі «Step by Step» («Тәй-тәй») бағдарламасы деуге болады.

Ерте жастағы балалардың жеке тұлға болып қалыптасу тәжірибесі деңгейі олардың өмірінің бойында оқу және қоғам өмірінде белсенді қатысу үшін мықты діңгек құрудағы негізгі фактор екендігі мойындалған. Инклюзияны алға жылжыту және қоғамда өз орнын табуға енуді жақсарту үшін қоғамдық деңгейде баланың және оның отбасының өмірінде осы кезең ерекше шешуші рөл атқарады. Халықаралық «Step by Step» (ISSA) ассоциациясы балаларды кіші жастан дамыту мен оқыту аймағын педагогтер, балалар мен ата-аналардың біріге жұмыс жасайтын болашақтағы ерекше өмірлік кеңістік ретінде көреді. «Step by Step» бағдарламасы 1994 жылдан «Ашық қоғам» институты қолдауымен балабақшалар мен бастауыш мектептерде және жергілікті қауымдастықта өзгеріске апаратын жаңаша символ болып табылды [1].

«Step by Step» («Тəй-тəй») бағдарламасы 0 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеу және ата-аналарды оқу үдерісіне тарта отырып, демократиялық қағидалар мен тиісті даму тәжірибелері сақтай жүргізілетін инновациялық бағдарлама болып саналады.

ISSA (Step by Step Халықаралық Ассоциациясы) кіші жастағы балалардың сапалы біліміне және дамуына көзқарасы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы Конвенциясында бекітілген қағидаттарға негізделген [2].

Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасаудың негізгі қағидалары:

  • өмір сүру және даму құқығы;
  • кемсітушілік құқығы;
  • баланың көзқарастары мен пікірлерін құрметтеу;
  • балаларға қатысты барлық іс-шараларда баланың ең жақсы мүдделерін қамтамасыз етуге басымдық беріледі [3]. Бұл қағидалар ISSA-ның негізгі құндылықтарына негізделген және педагогтің тәжірибесіндегі ең елеулі өзгерістер қажет болатын салаларға бағытталған.

Сондықтан, қайта қаралған нұсқада «ХХІ ғасырдың құзіретті педагогы» қағидалары ISSA-ның сапалы педагогикаға қатысты негізгі көзқарасын көрсететін және шеберліктерге қол жеткізу жолдарын айқындайтын жеті мақсатты аймақты қамтиды[4]: Өзара қарым-қатынас;Отбасы және жергілікті қауымдастық; Инклюзия, әртүрлілік және демократия құндылықтары; Бағалау және жоспарлау;Оқыту әдістері;Оқу ортасы; Кәсіби даму.

Стандарттар жеті білім беру аймағының әрқайсысының талаптарын қанағаттандыру үшін қандай білім мен дағдыларды қажет ететінін анықтайды. Бұл жеті аймақ та «Step by Step» бағдарламасының маңызды принциптерін көрсетеді. Бұл аймақтардың әрқайсысы мектепке дейінгі мекемелердің ұйымдастырылған оқу әрекетінде жоғары сапалы, тиімді, біртұтас балалар білім беру мекемесіне қатысты «Step by Step» принциптерін іске асыруға көмектеседі. Бағдарлама қарастыратын «Әлеуметтік инклюзия» бағыты қазіргі кезге дейін өзектілігін жоғалтпай отыр.Бұл – сапалы педагогика мен демократиялық қоғамның ажырамас бөлігі ретінде әртүрлілікті құрметтеуге ерекше назар аудару. Әлеуметтік инклюзия стандарттары педагогтерге өз нанымдары мен күнделікті жұмыс тәжірибесін жаңаша құру, сондай-ақ балалардың әртүрлілікті түсініп, бір-бірін құрметтеуіне көмектеседі [4]. Құндылықтардың кейбір аспектілері жаңа құжатта атап көрсетілген: білім берудің құқыққа негізделген көзқарасы, бұл педагогтердің инклюзивті жұмыс тәжірибесін енгізу үшін жауапты екенін білдіреді. Бала өз дамуына қатысы бар субъект болып табылады, сондықтан балалардың өзін-өзі тануына, олардың бастамасын дамытуға, жеке тұлғаның мағынасына және жеке «Мен»-ін, әртүрлі топтармен баланың идентификациясын дамытуға қолдау көрсетіп, тану маңызды. Кішкентай бала қазір азамат болып табылады, сондықтан күшті дауысы, құқықтары мен міндеттері бар [4].

ISSA мүшелерінің пікірінше, бұл аймақтар балалардың дамуына және олардың біліміне жоғары сапалы қолдау көрсету үшін өте маңызды. Бұл жеті аймақ гуманистік және әлеуметтік-конструктивистік принциптерге негізделген жұмыс тәжірибесіне ықпал етеді. Балалардың даму деңгейіне сәйкестендіруге, жеке тұлғаның көзқарастарына және балалар арасындағы өзара әрекеттесу процесінде орын алатындығын және балалар мен ересектер арасында да, балалар арасында да диалог болып табылатындығын түсіну үшін ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан, бір-бірін құрметтеу, баланы ынталандыру және тәуелсіздікке қол жеткізу, сондай-ақ балалардың құзыретті және толыққанды азаматтар екендігін ескере отырып, ересектерге қолдау көрсету қажет[5].

«Step by Step» бағдарламасы балабақшадағы мектепке дейінгі топтар және мектепалды даярлық тобы балалары үшін өте пайдалы және маңызды, себебі, бағдарлама ұсынып отырған балаларға арналған орталықтарда балаларға бағытталған тәсіл әр баланың мүмкіндігін тез анықтайды, оны мектепке дайындайды, сонымен қатар, ата-аналар өздері ерікті түрде білім беру үдерісіне тартылатын болады және педагогтердің алғашқы көмекшілері болады [6].

«Step by Step» бағдарламасын қолданудың өзектілігі сонда, ол балабақша мен бастауыш мектептің педагогикалық үдерісінде Қазақстан Республикасының білім беруді модернизациялаудың кезек күттірмейтін мәселелерін шешуде көмекке келеді. Бағдарлама ұлттық бағдарламаны жоққа шығармайды, бірақ оны уақыттың талабына жауап беретін жаңа демократиялық тәсілдермен толықтырады және білім беру үдерісінде жеке дамуды және қоғамның қатысуын қамтамасыз етуді (ата-аналар, туыстар, көршілер, достар)қарастырады. «Step by Step» технологиясымен жұмыс жасауда қарым-қатынас, қамқорлық, қоғам, патриотизм сияқты негізгі түсініктерге сүйене жұмыс жасалады.

Бұл бағдарламамен жұмыс жасайтын педагогтер балалардың өзін-өзі бағалауы мен өзін-өзі қамтамасыз етуі, өмір бойы оқу дағдыларын дамыту, өмір сүру және басқалармен жұмыс істеу үрдісі және әртүрлілікке деген құрметтеуде маңызды рөл атқаратындықтан, олар өзгерістерге катализатор болып табылатындығын білді. Олар жеке және педагогикалық деңгейде өздерінің дамуына арналған кеңістікті қажет ететіндігін ескеріп,  әр баланың жеке даму траекториясына баса назар аудара білді.

«Step by Step» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған оқу әрекетін тиімді жоспарлай  жұмыс жасау педагогтерге бірқатар сұрақтар тудырады: балаларға жақын және қызықты болу үшін білім берудің қандай мазмұны, оны қалай ұсыну керек? Балаларға қандай тәжірибе жинақтауға болатыны, оны қалай жасауға болатыны, жаңадан табылған және ұсынатын нәрселер, балаларға бұл мазмұнды игеруде қызығушылық тудыра ала ма? Балалардың қалауы, олардың бейімділігі мен мүдделері ескеріле ме?

Міне, осы сияқты сұрақтарға жауап бере отырып, балаларды демократиялық қоғамның белсенді мүшесі болуға даярлау «Step by Step» бағдарламасының өзекті мәселесі.

Оқытудың демократиялық үрдісінде ерекше орны бар «Step by Step» бағдарламасы Қарағанды облысында 1997 жылдан бастап оқу — тәрбие үрдісіне енгізіліп,  қазақстандық мектеп моделінің принципіне, мақсаты мен міндетіне толық жауап беретін бағдарламаның бірі болды. Республикамызда білім беру жүйесін модернизациялауда «жап — жаңа» ағыстардың бірі болып, қоғам өмірінде орны бар өзгерістерге жауап бере алатын дайын модель болғандықтан, біздің институт бағдарламаны дер кезінде қолдады.Педагогтерге көмек пен қолдау көрсету мақсатында институт жанынан  «Step by Step» тренинг орталығы ашылды. Орталықтың негізгі бағыттары: бағдарлама бойынша тренинг,оқыту семинарларын өткізу;ISSA бойынша педагогтерді сертификаттауды енгізу арқылы мектепке дейінгі жастағы балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілердің біліктілігін арттырудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету;тәжірибе таратуда кеңестер беру;оқу-әдістемелік кешендер дайындауға үлес қосу болды.

Қарағанды аймағында 49 бастауыш сынып,16 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде топтар осы бағдарламамен жұмыс жасады. Қарағанды қаласындағы «Гаухар», «Жұлдыз» балабақшалары, № 57 мектеп-лицей, №101 мектеп-лицей, №77 мектеп-балабақша кешені, №27 мектеп, «Бесоба» ресурстық орталығы, Көктас орта мектебі, Жезқазған қаласындағы «Айналайын»балабақшасы, № 11,№22 мектептер,Сәтбаев қаласындағы №27 мектеп   «Step by Step» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын экспериментті алаңдар  болды. Қарағанда мемлекеттік университеті,Саран педагогикалық колледжімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап,біріккен іс-шаралар облыстық,республикалық,халықаралық деңгейде өтіп отырды.

Облыстық,аудандық,ауылдық әкімшіліктермен де тығыз қарым-қатынаста болып,мектеп,балабақшаны жаңаша жұмыс жасауда қолдау көрсетті.

Күткен нәтижелеріміз не берді?

  • топтар мен сыныптардың қызығушылығына негізделген тығыз ынтымақтастық орнады;
  • педагогтің балалардың білімінің өсуін үздіксіз бағалап, балалардың өздері мен олардың жан дүниесін түсінуге бағытталды;
  • баланың мүмкіндіктері мен жетістіктеріне анық, әділ, әрі шынайы баға беріп, бірін — бірі жан-жақты тануға мүмкіндік жасалды;
  • бағдарлама бойынша белгілі бір жобамен ұжымдық жұмыста өзара байланыс құра отырып, жалпы іске өз үлесін қосуға талпындырды;
  • әр тұлғаға өзінің қажеттілігі барлығын түсінуге көмектесті;
  • жауапкершілік пайда болды;
  • қорғау,қарым-қатынас, логикалық байланысты құра білу дағдысы, ашық достық қоғамдастық құрудың негізін қалады;
  • ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне отбасы қатысты;
  • тәрбиешілер әр баланың өзіндік даму жолы бар екенін мойындады;
  • оқу іс-әрекетте қолданылған көрнекі құралдар тәрбие берудің ең маңызды бөлігі болып табылды;
  • оқу жоспарын жасауда балалардың даму ерекшелігі ескерілді;
  • балалар кіммен бірге жұмыс істегісі келеді, не туралы оқығысы келеді деген шешім қабылдауға қатыса алды.

Осы нәтижелерге жету үшін және жеткізу үшін педагог өзінің өзгеруі, атап айтқанда, оның білім беруге көзқарасы, өз елімізде, әлемде болып жатқан үлкен өзгерістерді қолдай білуі, ең бастысы — білім берудегі жаңа идеяларды жаңа демократиялық қоғам құруға қажеттілігін түйсінді. «Step by Step» бағдарламасы баланың бірегей қабілеттерін дамытуға, отбасының балабақшаның іс-шараларына қатысуын және сонымен қатар мәдени құндылықтарды көрсетуге және оларды табысты дамытуға көмектесетіндігін де өз жұмыстарымызда көріп, қуанатын едік.

Педагог әр түрлі жағдайдағы проблемаларды анықтауға, жауапты шешім қабылдауға, өз шешімінің нәтижесін бағалауға,өз қызметін іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасауға бейім, ақпаратты ізденісті сапалы түрде жүзеге асыратындай, тұлғаның әлеуметтенуіне жағдай туғыза алатындай деңгейге көтерілді десек артық айтпаспыз.

Бағдарлама баланы жан-жақты дамыту және ата-анамен тығыз байланыс орнату секілді екі бағытта жұмыс жасады. Ең ерекшелік — ата-аналардың оқу үдерісіне еркін қатысуларына жағдай жасау болды. «Step by Step» Бағдарламасы балалардың ерекше қабілеттерін аша отырып, отбасын балабақша және мектеп іс-әрекетіне қатыстыра отырып, олардың мәдени құндылықтарын ашып, дамытуға бағытталды. Осы бағдарламамен жұмыс жасаған балабақшалар мен бастауыш мектептерде ата – ананың оқу үдерісіне қатысуы үлкен нәтижелерге әкелгендігін де байқадық. Соның арқасында бірнеше балабақшада «Отбасы бөлмесі», ал мектептерде «Шаңырақ» ата-аналар Университеті жұмыс жасады.Балабақшада өткізіліп отыратын «100 күн», «Ашық есік» күндері, «Апта баласы» шаралары ынтымақтастықта жұмыс жасаудың ең тиімді көзі болды.

Баланың даму ортасы әрқашан өзгеріп отыруы керектігі ескеріліп, «Step by Step» технологиясы талабы бойынша балаға сапалы білім беру, баланың іс-әрекеті, ойындар арқылы ойлау дағдыларын, таным белсенділігін дамытып, олардың шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру мақсаты қойылды.

«Step by Step» бағдарламасының жалпы ережелері қатаң сақталып отырды:

  • таңертеңгі жиын өткізу;
  • белсенділік орталықтарына бөлініп шағын топтармен жұмыс істеу;
  • кіріктірілген сабақтар жүргізу;
  • тақырыптық оқыту:
  • әр баланың жеке даму портфолиосының болуы;
  • топтағы әр балаға арналған мейірімді лебіздердің (счастьеграмка) болуы;
  • ата – аналармен тығыз байланыста болуы.

Осы ерекшеліктердің тиімділігі мынада болды:

Біріншіден: таңертеңгі жиын балаларды сезімталдыққа, ұйымшылдыққа, табиғат құбылысы мен өмір құбылысын байланыстырып суреттей білуге, өз ойларын толық жеткізуге, байқағыштыққа үйретті.

Екіншіден: топтағы белсенділік орталықтарына бөліну арқылы бір-бірін сыйлауға, бір-бірінің сөзін бөлмей тыңдауға, бір сөзбен айтқанда мәдениеттілікке үйретті, бірлікте, ынтымақта жұмыс істеуге дағдыландырды. Өзіне ұнаған ісін таңдауға, өз ойларын еркін жеткізіп, қорытынды жасауға, шешім қабылдай білуге, өздерінің білімдерін, тәжірибелерін іс жүзінде пайдалануға мүмкіндік берді.

Үшіншіден: кіріктірілген сабақтар мен тақырыптық оқыту арқылы балалар бір тақырып айналасында зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ғылымның әр саласын бір-бірімен байланыстыра білуге үйренді.

Төртіншіден: әр балаға арналған мейірімді лебіздер мен жеке баланың портфолиосы арқылы ата-анасымен, басқа педагогтармен қарым-қатынасының нығаюына әкеліп соқты.

Бесіншіден: ата-аналардың балабақша өміріне қатысуы, олардың өз баласының эксперті ретіндегі рөлінің маңыздылығы артты. Баланың ата-анасына деген сүйіспеншілігі, сый-құрметі арта түсті.

«Step by Step» технологиясының ерекшелігі сол, еліміздегі жалпы білім беру ісінде жаңа көзқарасқа бағытталып, үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы деңгейі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мақсатын жаңаша пайымдауды талап етті.

«Step by Step» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылған оқу қызметі белсенділік ортасын құру мен оның жабдықталуы арқылы жүргізілді. Материалдар мен құрал-жабдықтар балаларды ұйымдастырылған оқу қызметінде қызықтырып тартып, бірнеше арнайы ұйымдастырылған жерлерде орналастырылды. Бұл аймақтар «белсенділік орталықтары» деп аталды. Белсенділік орталықтары – ұйымдастырылған оқу қызметі барысында балаларға тезірек және табысты әлеуметтік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Баланың қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытты, қоршаған ортаға деген көзқарастарын қалыптастырды. Белсенділік орталықтарындағы қызметтер әр баланың қабілеттерін толық ашуға және оны мектепке дайындауға мүмкіндік берді. Балалардың бойына топпен, ұжыммен жұмыс жасауды, бірге болуды, өзінің және жолдастарының пікірлерімен санаса білуді сіңірді. Әрбір баланың өзіндік белсенділігінің арқасында оның қабілеттері мен дарынының дамуындағы табыстарға жеткізді деуге болады. Топ тәрбиешілерінің алдындағы мақсат – баланың белсенділік ортасын дұрыс ұйымдастыру, оны дұрыс жабдықтау және қолдана білу болды. Балабақша топтары төмендегідей  белсенділік орталықтарында жұмыс жасады. Олар: көркем әдебиет орталығы; тіл дамыту орталығы;сауат ашу орталығы; есеп орталығы; өнер орталығы;ғылым орталығы;сюжеттік-рөлдік ойындар орталығы;аспаздық орталығы; құрастыру орталығы. Әр белсенділік орталықтары бағдарлама ұсынған өз критерийлері бойынша құрылды.

Ұйымдастырылған оқу қызметін жоспарлау кезінде педагог балалардың осыған дейінгі білімдерімен дағдыларын ескере отырып, келесі қадамдарды жоспарлауды жүргізіп отырды. Жоспарлау циклы әр баланың дамуын және оқуын қолдайды. Балаларды жүйелі түрде қадағалай отырып және әр орталықта белсенді жұмыс жасау үшін, табысқа бірге жету үшін,олардың алға қойған мақсаттарына қолдау көрсете отырып, білмейтін аймақтарына жұмыс жасау үшін, жеке балалар мен топтардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді білім беру жоспарларын жасайды. Педагог балалар өздері білетін және түсінетін нәрселерге негізделген жоспарларын дамытады және әр балаға өзінің әлеуетін ашуға көмектесу үшін не қажет екенін анықтайды. Жоспарлау кезінде педагог оқытудың / қабылдаудың әртүрлілігін және жеке балалар қабілеттері мен ерекшеліктері ескереді; педагог қажеттілікке қарай жоспарды түзетіп,толықтырып отыруға құқылы.Осы технологиямен жұмыс жасау барысында облыс бойынша жүзден астам педагогтер халықаралық деңгейде өткен оқыту семинарлары мен тренингтерге қатысып, сертификат алды.Өз кәсіби біліктілігімен көрінген педагогтеріміз өз тәжірибелерін республика көлемінде, халықаралық эксперттер алдында да ортаға салып, жоғары бағаларын алып отырды.

«Step by Step» технологиясы негізінде ұйымдастырылған оқу қызметін моделдей алу және әр баланың ерекшелігін ескере отырып, белсенділік орталықтарында жекелеме, топтық жұмыстарды тиімді жүргізе алу әр педагогтің кәсіби шеберлігі болмақ [7].

Балаға бағытталған оқудың үздіксіздігін қамтамасыз етуде тәрбиеші білімі мен кәсіби деңгейін арттыру үшін жоғарыда аталған балабақша тәрбиешілері мен бастауыш мектеп мұғалімдері өз білім ошақтарында әлі де өздері үйреніп, қалыптасқан технологияны күнделікті ұйымдастырылған оқу әрекеттерінде кеңінен қолданып жұмыс жасап жүр.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесі еркін дамып, шығармашылықпен жұмыс жасап, таңдай алатын мүмкіндігі бар балаларға бағытталған. Мектепке дейінгі  ұйымдарда білім берудің жаңа парадигмасы — балаға, жеке адамға бағдарланған тәсілмен туындаған гуманизацияның нақты үдерістері басталды. «Step by Step» технологиясы негізінде ұйымдастырылған оқу әрекетін жүргізуде бағдарламаның негізгі принциптеріне сүйене отырып, өз тәжірибесін баланы оқыту мен тәрбиелеуге бағыттай алған кәсіби дамыған педагог іске асыра алады.

Ендеше, осы бағдарламаның тиімді жақтарын балабақша топтарында орталықтар арқылы балалармен жеке, топтық жұмыс жүргізуде, шығармашылық тапсырмалар мен деңгейлік жұмыстар өткізуде, дағдыларды қалыптастыру арқылы жеке тұлғаны дамытуда, бір-бірімен араласуға, өзінің айналасын тануда ойын арқылы оқытуда жан-жақты бағыт бере отырып әр педагог қолдана алады.

«Step by Step» бағдарламасы бойынша балаларға қызығушылық тудырып, диалог арқылы қарым-қатынасқа баулу, қиялға шомдыру, сын тұрғысынан ойлау, өзіндік эстетикалық тәжірибелерден қанағат алу сияқты дағдыларды қалыптастыру, ата-аналармен тығыз байланыста болу – бұл бағдарламаның тәжірибелік ерекшелігі десе болар.

Алдағы уақытта, өткенді жаңғыртып,қазіргі білім жүйесі талап етіп отырған оқытуды жаңаша ұйымдастыруда «Step by Step»  технологиясын кеңінен қолданса, оқыту мен тәрбиелеуде мектеп жасына дейінгі балаларды және олардың ата-аналарын оқу үдерісіне тарта отырып жұмыс жасалса, нәтижеге бағдарланған білім алған, бәсекеге қабілетті,құзыретті жаңа заман тұлғасы шығатыны аян.

 

Ф.ЕРМАГАНБЕТОВА
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты
Тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие кафедрасының аға оқытушысы

 

 ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.ISSA педагогикалық стандарттарының орындалуын және олардың ISSA желісі аймағында және одан тыс жерлерде (2001-2008 жж.) Жас балаларды дамыту және оқыту бойынша саясаты мен тәжірибесіне әсер етуін зерттеу. Қысқаша есеп. [Электрондық ресурс]. – Кіру режимі:  http://www.issa.nl/docs_pdfs/Quality-Executive-Summary-RUS.pdf

2.Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. [Электрондық ресурс]. – Кіру режимі:  www. dosdat.com/docs/index-201594/html

3.ISSA желісінің жаңалықтары. Стандарттарды қолдануды және мұғалімдерді аттестаттауды қамтамасыз ету // Балаларды демократиялық тәрбиелеу. – 2003 ж. – №5. B.43-45

4.Сварький М. Әрбір баланың даму мәселелері қажет // Балаларды демократиялық тәрбиелеу. — 2002 ж. — №2. — B.7

5.Айтжанова Д., Закаева Г., Искакова А. Арнайы қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу жолдары. UGP агенттігі, 2003. – 72 б.

6.Буканан М., Коуни М. Сыныпта алғашқы демократиялық сайлау //    Балаларды демократиялық тәрбиелеу. – 2002 ж. – №2.  19-21 б.

7.Педагогические стандарты ISSA. [Электрондық ресурс]. – Кіру режимі: www.issa.nl.

8.Уолк К. Создание класса, ориентированного на ребенка. – округ Колумбия: Чилдрейз Рисарсиз Интернэшнл, 1996.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.