Қоғамның дамуы бүгінгі таңдағы білім беру үдерісінде дамыған елдер стандартына деген ұмтылысты қажет етеді. Ал әлемдік білім кеңістігіне ену, әрине, бәсекеге қабілеттілік ұғымымен байланысты. Қажеттілік, қабілет, мүмкіндіктен туындайтын нәтиже даму мен ұмтылыс арқылы жүзеге асады.
Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа әлемдік ғылыми прогресс деңгейіне сәйкес білім беру, тәрбиелеу, олардың рухани байлығы мен мәдениетін дамыту, жетілдіру – адамзат қоғамының маңызды міндеті болып табылады. Осы міндетті жүзеге асыруда білім берудің екі аспектісі рухани-адамгершілік біліммен қатар интеллектуалды білімді құстың қос қанатындай оқушыларға білім беру негізінде олардың қабілеттерін дамытуға жағдай жасау өзекті болып саналады.
Тұлғаның бойындағы барлық интеллектуалды қабілеттерін жан-жақты дамыту үшін оған әсер ететін факторларды білу керек. Интеллектуалдық қабілетті дамытудың маңызды факторларының бірі — білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялар.
Жаңа білім ортасы білім берудің жаңа мазмұнынан, оқытудың, тәрбиелеудің, дамытудың жаңа технологиялары мен теориялық ойлауға қабілетті және өз бетінше жетілуге ұмтылған шығармашылық зерттеу қызметіне дайын оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға бағытталған оқу-тәрбиелік үдерісін ұйымдастырудың жаңа формаларынан тұрады. Осы салада басты рөлді тек қана оқу үдерісі емес, сонымен қатар заманауи жабдықтармен жабдықталған білім беру ұйымдарының жүйесі мен ақпараттық-коммуникациялық құралдардың қолданылуы маңызды.
Қазіргі таңда оқу үдерісін ақпараттық-коммуникациялық құралдарсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе, интернет технологиясы арқылы оқыту белсенді болып келеді. Мобильдік құрылғылар, интернет желілері өмір сүрудің де қарапайым күнделікті дағдысына айналып, ақпараттық технология адам өмірінің маңызды бөлшегі болып кірігіп кетті. Дамыған мемлекеттер технологияларды адам игілігіне пайдалану мүмкіндіктерін мейлінше арттыруда. Адам үйде отырып-ақ, белгілі бір кәсіппен де, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де, шығармашылықпен де айналыса алады. Бұл өзгерістер алдымен, білім саласына тікелей байланысты. Осы тұрғыда, бүгінгі таңда цифрлық қоғам белсенді түрде қалыптасып, дамып, электронды оқыту, электронды денсаулық сақтау, электронды ғылым т.б. ұғымдармен сөздік қор толықты. Ақпараттық қоғамның сөздік қорында тағы да бір жаңа ұғымдар – «Smart», «Smart education», «Smart learning» ұғымдары белсенді түрде еніп келеді. «Smart education» немесе «Smart learning» ұғымдары көптеген елдерде іс жүзінде жиі қолданылуда. «Smart education» ұғымының мағынасы қандай? Сөздің түбірі «smart» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «зерек», «ақылды» дегенді білдіреді. Смарт – бұл неологизм, сын есім ретіндегі негізгі мағынасы — парасатты, тапқыр, ақылды, ал зат есім ретінде – ақыл, алғырлық, зеректілік деген мағынаны білдіреді. Осы сұраққа кең көлемде жауап беру үшін білім беру жүйесіндегі бағыттардың дамуын қарастырған орынды. Бұл бағыттарды үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңде, яғни «өткен шақта» студент үшін жалғыз білім көзі оқытушының өзі болып, оқытушының кеңесімен студент жаңа білімдерді аудиторияда немесе әр түрлі оқулықтар көзінен ала алатын болды. Екінші кезең, яғни «қазіргі кезде» білім тек оқытушыдан студентке беріліп қана қоймай, студенттен студентке де беріледі, ал бұл білімнің жаңа деңгейін құруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде білім беру технологияларын жетік меңгеріп, оқытушылар білімді аудиториядан тыс уақытта да ұсына алады. Ал «келешекте» студент үшін негізгі білім көзі интернет болады, технологиялар тұлғаға бағдарланады және жаңа білімді құруға бағытталады.
Осы орайда «Smart оқыту жүйесі қандай нәтиже немесе мүмкіндік тудырады?» деген сұрақ туындайды. Нақ осы оқыту жүйесі қазіргі әлемнің мүмкіндіктері мен міндеттеріне сәйкес максималды білімнің жоғарғы деңгейін қамтамасыз етіп, жастардың, өскелең ұрпақтың тез өзгергіш қоғам жағдайына бейімделуіне, оқулықтан нақты белсенді әрекетке көшуге мүмкіндік береді. Smart оқыту мақсатқа және үздік нәтижеге талпынуды болжайды. Мақсатты дұрыс қоя білу – бұл жетістіктің жартысы. Smart – мақсаты да осындай, әр әрпі, сөзі бір бағытты көрсетеді:
S – Self Directed (өзін-өзі оқытуға бағдарланған)
M — Motived – (белсенді танымдық іс-әрекетті негіздейді)
A – Adaptive – (білім беру субъектісіне бейімделген)
R – Resourse Free – (білім беру ресурстарына еркін қолжетімділігі бар)
T – Technology Embedded – (технологиялармен қамтамасыз етіледі)
Smart education – бұл ортақ стандарт, келісім мен технология негізінде Интернет желісіндегі бірлескен білім берушілік әрекетті жүзеге асыру мақсатында құрылған білім беру ұйымдары мен профессорлық-оқытушылық құрамының бірлестігі, яғни, бұл контентті бірлесіп құру және оны пайдалану, бірлесіп оқыту деген мағынаны білдіреді. Жаңа Smart-қоғамның моделі деген бұл заманауи ақпараттық және ұйымдық жүйелер арқылы адамның интеллектуалдық, жоғары технологиялық, жайлы ортасын құру. Сонымен қатар Smart education немесе «ақылды оқыту» — бұл барлық әлемнің контентінің көмегімен еркін кіруге болатын интерактивті білім ортасындағы икемді оқыту. Smart education ұғымының мәні – білімнің кең көлемді қолжетімділігі. Өз кезегінде, «жетелі оқытудың» мақсаты — білім беру үдерісін электронды ортаға көшіру арқылы оқыту үдерісін тиімді ету. Мұндай тұрғыда оқытушының білімін көшіріп алып, әрбір адамға қол жетімді етеді. Оқыту әр жерде және үнемі қол жетімді болады.
Smart оқыту – білім берудің жаңа парадигмасы. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер, сонымен қатар Қазақстан да Smart оқытуға назарын аударды. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпіріне SMART Technologies компаниялары инновациялық құралдарын ұсынып, жұмыс пен оқытуға деген адамның көзқарасын түбірімен өзгертуде. SMART құрылғыларының ең танымалы 1991 жылы қолданысқа енген интерактивті тақталарды ерекше атап өтуге болады. SMART құрылғылары білім беру, жоғары білім беру жүйесінде де, бизнес саласында да, әкімшілік пен қарулы күштер саласында да сұранысқа ие. SMART өнімдерін әлемнің көптеген елдері кеңінен қолдануда. SMART құрылғыларының ең танымалы интерактивті тақталардан басқа, қазіргі кезде интерактивті панельдер, интерактивті орталықтар, үстелдер, интерактивті экрандар, оқушылар үшін жауаптар жүйесі, сымсыз «грифельді» тақталар, күшейткіш аудиожүйелер т.б. бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған құрылғыларды ұсынып келеді. SMART education-нің негізгі идеясы техникалық құралдарды, қызметтер мен интернетті қолдану арқылы адам өмірінің барлық аспектісін жетілдіру болып табылады. Мұндай стратегия АҚШ, Корея, Жапон және Еуропа елдері үшін эталонға айналды. Ал Корея елінде инновациялық білім беру технологиялары 1996 жылдан беру белсенді дамып келеді.
Smart оқытуды төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру арқылы жетуге болады:
- Барлық білім беру ұйымдарын SMART құрылғылармен қамтамасыз ету;
- SMART құрылғылармен жұмыстануға оқытушының, мұғалімнің арнайы дайындығы және оны меңгеруі;
- Осы бағыттағы бағдарламаларды толық іске асыру.
Білім беру саласында дәстүрлі оқыту электронды оқытуға, электронды оқыту smart оқытуға ауысты. Орта білім беруде оқушылардың өздігінен дербес білім алуына басымдық берілсе, біліктілік арттыру жүйесінде қашықтықтан оқыту, корпоративті оқыту кеңінен қанат жайды. Ендігі міндет – сол алған білімнің адамға қызмет етуіне мүмкіндік беретін «smart learning» оқыту ортасын дамытып, оқушылардың интеллектісін дамытуда және оқытудың келешегінің бір бағыты инновацияда екенін түсіну керек.
Аязбаева Назерке Ғалымжанқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»
«Тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру» кафедрасының
аға оқытушысы