Home » Мақалалар » SMART технологиясының білім берудегі тиімділігі

SMART технологиясының білім берудегі тиімділігі

Білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді, жаңа әдістерін іздестіру болып отыр. Қазіргі әлемде жай ғана сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, оқушылардың қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялдық әлемге қарай бағыт алып барамыз», — деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет.

Жоғарыда аталған осы міндеттерді жүзеге асыру технологияның дамуына тікелей байланысты. Бір кезде біз білімді тек мектепте немесе арнайы оқу орындарында оқытушыдан ғана алатын болсақ, бүгінде білімді алудың алуан түрлі көздері бар. Яғни, бүгін кез келген адамның технология арқылы өздігінен жетілуіне мол мүмкіндік беріліп отыр.

ХХІ ғасыр – технология ғасыры болғандықтан, Қазақстан әлем бойынша ең жаңа деген оқу формаларын зерттеп, білім саласында үнемі жаңарту жасап келеді. Сонымен қатар өкініштісі елімізде ақпараттық қоғам әлі толық қалыптаспай жатыр. Сұранысқа орай технология даму үстінде. Бірақ соңғы жылдары SMART технологиясы ұғымы, яғни ақылды оқыту пайда болды және Smart қала, Smart фон, Smart құрылғы, Smart қондырғы, Smart орта деген тіркестерді жиі естіп жүрміз. Қазіргі таңда Smart технологиясын өндірушілер – АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея елдері. Қазір елордамызда да Smart мектептер қалыптасып келеді.

Оқыту процесінде Smart технологияларды қолданудың негізгі ерекшелігі – бұл білім алушыларға өз бетімен немесе бірлескен түрде шығармашылық жұмыспен шұғылдануға, ізденуге, өз жұмысының нәтижесін көріп, өз-өзіне сын көзбен қарауына, ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндік береді.

«S M A R T» терминінің аббревиатурасы:

S elf-Directed –өздігінен білім алуға бағытталған;

M otivated – білім алушының белсенді танымдық әрекетін негіздейді;

A daptive –білім беру субъектісіне бейімделген;

R esourse – қолжетілімділігі еркін білім беру ресурстары;

T echnology Embedded – технологиялармен қамтамасыз етеді.

Smart education немесе ақылды білім беру – бұл ыңғайлы түрде интерактивті ортада жүзеге асырылған әлемдік деңгейдегі қолжетімді контент арқылы білім беру болып табылады. Smart education барлық білім беру үдерістерін және осы үдерісте қолданылатын барлық әдістер мен технологиялардың түгелдей жаңаруын жүзеге асырады және де ақылды тақта, ақылды экран, кез-келген жерден интернетке қосылу сияқты жаңа технологиялардың туындауына себеп болады. Осы пайда болған жаңа технологиялар контентті жасақтап, жүйелеп, пайдаланушыға жеткізеді. Соның арқасында білім беруді жүзеге асыру тек сыныпта ғана емес, кез-келген жерде: үйде немесе мұражай, кафе сияқты қоғамдық жерлерде де мүмкін болады. Яғни білім беру үдерісінің кез келген қатысушысы (оқушы немесе мұғалім) интернет желісі арқылы ортақ контентті белсенді пайдалана алады. Бұл өз кезегінде білім беру үдерісінің уақытқа немесе орынға (сынып, аудитория) тәуелділігін жояды.

Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Смарт технологияны қолданып, сабақты ұтымды жүргізу оқытушыдан терең білімділікті, оқу процесін шеберлікпен ұйымдастыруды талап етеді. Мұндай сабақ материалдары әр алуан ғылымдағы өзара байланыстарды оқушылардың зерделеуіне, олардың білімін арттыруға мүмкіндік береді.

Жұбаниязова Айнұр Орналықызы

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы

Қызылорда облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институты,

ақпараттық технологиялар

бөлімінің бастығы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.