Әлем бойынша сатылуы жағынан алдыңғы орында тұрған қандай ойыншық екенін білесіз бе? Мына кереметті қараңыз, көш басында кәдімге Рубик текшесі тұр. Күні бүгінге дейін оның 400 млн-нан астамы сатылған деген дерек бар. Текшені шыр айналдырғанда не қызық бар деуіңіз де мүмкін. Бірақ ақиқатына келгенде, оны жай ғана айналдыра беру аздық етеді. Керісінше рубик текшесі жылдам ойлау мен қолдың ептілігін қажет ететін спорттық ойынның бір түрі.
Сонау 1974 жылдары мажарлық сәулетші Эрнё Рубик ойлап табысымен Рубик текшесі араға азғана уақыт салып әлемнің әр қиырына лезде тарап кетті. Алғашында «Сиқырлы текше» аталған ойыншықтың бұл түрі 1980 жылдан бері өнертапқыштың құрметіне «Рубик текшесі» деген атпен алмастырылды. Қазірде бұл ойынға құмартып, қызығып жүргендердің саны артып келеді. Тіптен өзара бәсекеге түсіп, рекорд жаңартып жатқандары қаншама?! Рубик текшесін құрастырудан әлемдік чемпионат 1982 жылы ұйымдастырылыпты. Будапешт қаласында өткен жарысқа 19 мемлекеттің өкілдері қатысқан.
Ауызекі тілде «басқатырғыштар бәсекесі» атанып кеткен дәл осы жарыс Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында еліміздің рухани орталығы Семейде де өтті. Географиялық ауқымы кең халықаралық доданың Ертіс жағалауында өтуіне шаһардағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен жергілікті кәсіпкер, Рубик текшесі ойынының Қазақстанда дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Арман Машимов есімді азаматтың еңбектері зор. Сөздің реті келіп тұрған жерінде айта кетерлік бір жайт, Зияткерлік мектеп пен Арман Ертұрсынұлының арасындағы әріптестіктің арқасында мектеп қабырғасында осымен 3-ші мәрте әуесқой және кәсіби спидкуберлер бас қосты. Егер бұған дейін мектепішілік, қалалық деңгейдегі жарыстар өткізілсе, енді міне Голландия, Ресей Федерациясы, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Иран ислам республикалары сынды бірнеше мемлекеттің басын қосқан сайыс көпшілікке қуаныш сыйлады.
— Рубик текшесі адамның ойлау қабілетін дамытып, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Қолдың ептілігін арттыратындығы өз алдына. Әр күні жаңалыққа толы жаһандану дәуірінде келешекте ел тұтқасына ие болатын бүгінгі ұрпағымыздың қай салада болмасын бәсекеге қабілетті болып тәрбиеленуі ұстаздар қауымының міндеті. Біз осы бағытта күнделікті сабақ барысынан бөлек, олардың тұлғалық қабілеттерін дамытуда «Рубик текшесін» құрастыру сияқты интеллектуалдық ойындарға да көңіл бөлеміз. Қазір біздің мектебімізде «Спидкуберлер» үйірмесі жұмыс жасайды. Сол үйірме мүшелерінің арасынан бүгінгі халықаралық жарысқа қатысып жатқан үміткерлерімізде жоқ емес. Жарыстың біздің мектеп қабырғасында өтуі оқушыларымызға жаңа серпін, күш береріне күмән жоқ, — дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.
Хош, сонымен әуесқой ойыншылардан бөлек әлемнің «мен» деген «басқатырғыштары»рубик текшесін жылдам құрастырудан «Semey Open 2018» халықаралық сайысында бас қосты. Ашылу салтанаты қаламыздың орталық алаңында ұйымдастырылып, оған қала әкімі Ермак Сәлімовтің өзі арнайы қатысты.
— Спидкубингтің басты ерекшелігі оған қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. Сонымен бірге ер – әйел депте бөлінбейді.Осы жарысқа қатысу үшін 3 жарым мың шақырымды артқа тастап келгендер де бар. Осының өзі рубик текшесі ойынының жай ғана ермек емес екендігін дәлелдейді. Жарысқа жалпы жиыны 136 үміткер қатысуға ниет білдірді. Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары ең жылдам, ең епті адамдарының өнерлерін тамашалай алады, -дейді ұйымдастырушы Арман Машимов.
Расында, жарысты тамашалай отырып, оған таңдай қақпау мүмкін емес. Өйткені, бұл жолғы жарысқа спидкубиктің 3х3х3 тәртібі бойынша алтын медалдары саны жағынан әлемнің «екінші» спидкубері атанған голландиялық Матс Валк (Mats Valk), текшені көзді жұмып жинаудан рекордсмен, Ресейдің «Ерекше адамдар» (Удивительные люди) байқауының жеңімпазы Роман Страхов, WCA – әлемде спидкубингті дамытумен айналысатын коммерциялық емес ұйымның негізін қалаушы Рон ван Брюхемдер арнайы келіп, бақтарын сынауда. Демек, текшені жылдам құрастыруда «тіс қаққан» спортшылардан именбей, бір қатарда өнер көрсетуінің өзі біздің оқушылардың үлкен жеңісімен пара-пар.
Жарыс барысында Роман Страховты сөзге тартып, жергілікті спидкуберлердің аяқалысы жайлы сұрап білдік. Өзінің Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын тілге тиек еткен мәскеулік спортшы Семейдегі жарысқа таңданысын жасыра алмады.
— Шыны керек, Мәскеумен салыстырғанда шағын қаланың өзінде осындай үлкен деңгейде жарыс өтеді деп ойламаппын. Жарысқа қатысушы әрбір баланың жанарынан жеңіске жетсем деген ұшқынды анық байқауға болады. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Жарысқа төрелік етуші төрешілердіңЗияткерлік мектеп оқушылары екенін естігенімде таңғалдым. Тіптен жарыстың жоғары деңгейде өтуіне өз ниеттерімен, ешкімнің үгіттеуінсіз келіп, көмектесіп жатқан еріктілердің де мектеп оқушылары екенін білгенімде рубик текшесіне деген қызығушылықтың өте жоғары екенін түсіндім.Бұл мені шынымен қуантады, -деді рекордсмен өз сөзінде.
Жарыс WCA – әлемде спидкубингті дамытумен айналысатын коммерциялық емес ұйым бекіткен 18 тәртіп бойынша өтті. Соның ішінде көрермендердіңң ерекше қызығушылығын тудырғаны – рубик текшесін бір қолмен, аяқпен, сондай –ақ байлаулы көзбен жинау тәртіптері болды.
Сайысқа қатысушылардың бірі – Расул Жакупов. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 сыныбын аяқтаған ол бұған дейінгі шаһарда өткен барлық жарыстарда бағын сынаған. «Десе де бұл жолғы бәсеке – жаңа бір белеске көтерілуіме сеп болады», — дейді ол.
— Рубик текшесін құрастыра білудің сабақ барысындағы пайдасы зор. Әсіресе, математикалық есептерді шешу кезінде. Сонымен қатар, ойды лезде жинақтап, дұрыс шешім шығара білуге де көмектеседі. Бүгінгі жарыс арқылы жаңа достар тауып, білмегенімді үйренуге мүмкіндік туды. Әлем мойындаған спидкуберлермен естелік фотоға түсіп, қажетті ақыл-кеңестеріне құлақ түрдік. Осының барлығы мен үшін үлкен тәжірибе. Болашақта кәдеге жарайтыны анық, — дейді шәкіртіміз.
2 күнге созылған жарыс рубик текшесінде жаңа есімдердің танылуымен қорытындыланды. Мәселен, жылдамдығына көз ілеспес Ерасыл Болысбек, Дамир Жанатаев, Бақытжан Шәріпбай, Ілияс Арыстанбеков есімді спидкуберлер Қазақстанның ұлттық рекордын жаңартып, қазақ баласының да текшеден алар еншісі бар екенін дәлелдеді. Ал Европаға тиесілі рекордты жаңартқандардың қатарында Макс Валк, Роман Страховтардың айы оңынан туды. «Semey Open 2018» халықаралық сайысының бас жүлдесіне тігілген 1000 Еуро мен алтын медаль, арнайы кубок голландиялық Матс Валктың қанжығасында кетті. Екінші орын ресейлік Николай Массон, үшінші орын беларусь Илья Терешкоға тиді. Рекорд орнатушылар мен әр тәртіп бойынша жеңіске жеткендер медаль, грамота ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Жарыстың финалдық ойынын қала әкімі Ермак Сәлімов пен Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов тамашалап, жабылу салтанатында жеңімпаздарды марапаттады.
Рубик текшесін құрастыру сайысының тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарында басталғанымен, Қазақстан оған 2009 жылдан бері қарай қатысып келеді. Мәселен, 2009 -2011 жылдар аралығында өткен әлемдік жарыстарда жалғыз ғана үміткеріміз бақ сынаса, 2016 жылы олардың саны 16 –ға дейін өсті. Ал 2017 жылы 112 қазақстандық ел намысын қорғаған екен. Еліміздегі спорттың осы түрінің тұрақты дамуы да өткен жылдан бастау алады десек, қателеспейміз. Өйткені, 2017 жылдың 8 –қарашасында Арман Машимов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковалар Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесе отырып тұңғыш рет спидкубингтен Қазақстан чемпионатын өткізген еді. Чемпионаттың өтуі еліміздегі спорттың жаңа түрі сеңінің қозғалуына түрткі болды.
Ермек Исабаев,
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы