Home » Жаңалықтар » Робототехникадан Ұлттық чемпионат Оралда өтеді

Робототехникадан Ұлттық чемпионат Оралда өтеді

Павлодарда өткен робототехникадан ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте ең көп жүлделі орын алған БҚО құрама командасы олимпиада жеңімпазы болып, WRO ауыспалы Кубогын иеленді.

Бұл туралы Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Сәйкесінше, 2020 жылы Ұлттық чемпионат жеңімпаздар қаласы – Оралда өтеді деп күтілуде.

Ұлттық чемпионатта батысқазақстандық құрама сапында 18 оқушы өнер көрсетсе, соның 16-сы – Оралдағы зияткерлік мектептің оқушылары. Робототехника саласындағы басты жарыста он зияткер жүлделі орындарды иеленген. Айта кетерлігі, «Regular Junior» категориясындағы  барлық жүлделі орындар – зияткерлік мектеп шәкірттерінің қоржынында.

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі робототехника үйірмесінің шәкірттері ұлттық құрамамен бірге халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. Сонымен қатар бұл мектеп – робототехника курсы енгізілген Назарбаев зияткерлік мектептер жүйесіндегі алғашқы оқу орны.

– Біздің мектептің оқушыларын робототехниканың нағыз фанаты деп айта аламын. Ендігі мақсатымыз – күзде Будапешт қаласында өтетін робототехникадан бүкіләлемдік олимпиаданың қорытынды кезеңіне өтіп, үздік үштікке кіру, – дейді жарыстың негізгі жоғары категориясында ІІІ орын алған Арнұр Оразғұл.

Робототехника үйірмесінің жетекшісі Нұрболат Сәрсенғалиұлының айтуынша, үйірмеге қатысатын балалардың жетістігі көп. – Алайда бәсекелестер де артып келеді. Биылдың өзінде алпыс шақты бала үйірмеге жазылды. Уақыт өте олардың қатары сиреп, шынайы қызығатындары қалады. Ал шамамен  25 бала түрлі жарыстарға қатысып жүр, – дейді үйірме жетекшісі. Балалар робот құрастырып қана қоймай, құлтемірге жүктелетін міндеттің орындалуына арналған бағдарламалар да жазып үйренеді екен.  Сонымен қатар үйірмеге қатысатын балалар математика, информатика, инженерлік негіздері  және басқа сала ғылымдарының заңдарын өзара үйлестіріп, ойлау қабілетін дамытады.

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.