«Ұлт болам десең, бесігіңді түзе!» — деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, бала тәрбиесі әу бастан жаратқанның ата-анаға жүктеген маңызды міндеті.
Өмірге келген ұрпақты туған Отанның патриоты етіп тәрбиелеу – баршаға ортақ деп білемін.
«Қоршаған әлеммен байланыстыратын бар жақсылық – ол менің отбасым», — деп ұлы Абай айтқандай, бала тәрбиесіндегі отбасының, ата-ананың рөлі басым. Дүние есігін шыр етіп ашқан сәбидің ержетіп, бой түзеген тұста абыройлы азамат болып өсуі, сол ата-ананың берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Балаға тәрбие анасының ішінде жатқан кезде-ақ беріледі. Сондықтан да бала тәрбиесінде бірінші кезекте анасының, әрине отбасы тыныштығы, отағасының да осы мәселеге айрықша мән беру қажеттігі ерекше орын алатынын атап өткеніміз жөн. Бір сөзбен айтқанда, «үлгілі ұрпақ сүйемін» деген ата-ана бірінші кезекте, өздерінің жүріс-тұрысы мен өзара ынтымақ бірлігі, татулықтары мен отбасы берекесін сақтағаны дұрыс. Өйткені, ананың көңіл-күйі құрсағындағы баланың адами жетілуінің басты себепкері.
«Отбасы, мектеп, қоғам игілікті болашақ үшін бірге» республикалық педагогикалық форумның үндеуін жүзеге асыру үшін жеке тұлғаның жауапкершілігін арттыру қазіргі білім саласындағы маңызды мәселе болып тұрғандығы да бәрімізге белгілі.
Адам – ғалам ғажайып, жеке дара,
Жан құмар – ізденген мәңгі сана.
Өзіңді-өзің танысаң – істің басы,
Түзеген өз ғаламын болған дана, — дегендей, адамның әдепті – болуы, өнегелі болуы өзіне байланысты екендігін 23 жыл тәжірибемде жадымда ұстанып отырамын. Бірақ, әрбір адам қоғамдық ортада өз орнын қалай табады, өзін қалай көрсетеді, өз-өрісіне қалай бейімделеді — бұл да бір үлкен мәселе.
Біз педагогтар бүгінгі күні болашақ тәрбиесімен айналыса отырып, оларды жүрек қайраттығына, ақылдың сәулелігіне тәрбиелеп үйренуіміз керек. Біздерге бүгінгі таңда болашақ ұрпақ өкілдерін өмірге дайындау сияқты ұлы іс жүктеліп отыр. Бұл іс үлкен жауапкершілікті, ерекше шеберлікті қажет етеді.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев өзінің өлеңінде:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек? – дегендей, адами сапаларымен оқушыларға және олардың ата-аналарына үлгі болуға, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысамын.
Шынымен өзгермелі өмірдің түрлі соқпаларынан жүріп өтіп, «адам» деген құрметті атқа кір келтірмей, керісінше өзінің игі істерімен көпке танытып, ақылы мен парасаттылықтың, инабаттылық пен имандылықтың, мәдениеттілік пен әдептіліктің, сыйластық пен достықтың асыл үлгісі болуы үшін, әрбір адамның жүрегінде үлкен қайрат болуы керек. Жүрек қайраттылығы адам баласына көздің қызығушылығы жетегінде жаман әрекеттер жасауына, осындай қызығушылықтарға қарсы тұрып, ізгілік қасиеттер үшін ерлік істер жасауға себеп болады.
Елінің, жерінің. Отанының, туған-туыс, бауырларының амандығы үшін талай ерлік істерге барған ұл-қыздарымыздың әрекеттерінен олардың қайратты жүрек иелері екеніне көз жеткізуге болады.
Міне, өмірдегі адамның қолымен жасалатын барлық істердің жақсы немесе жаман болуы осы ақылдың сәулесі болуына байланысты. Сәулелі ақылдың иесі болған адам, жақсылық жасасам, мейірім төксем, махаббат сепсем, әлемді танысам деген ойда болады. Осындай ғажайып ойдың иесінен барша ғаламға жақсылық нұры төгілмек. Мен де ғажайып ойдың иесі болып, шәкірттердің өн бойына жақсылық себуді армандаймын.
Ата-ана отбасында ер балаларға, үлкендерге қос қолдап сәлем беруді, қыз балаға ибалық жасап, үлкендерге жол беруді, олардың алдын кесіп өтпеуді тәрбие жұмысының күнделікті дағдысына айналдырдым десем де болады. Жастардың жадына «сіз» деген сыпайылық «сен» деген анайылық. «Адамның белгісі – иіліп сәлем бергені», «Кішіпейілділіктен кішіреймейсің», деген қағидаларды үнемі айтып отырамын. Халқымыз «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге», «Шешеге қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» — деп бала тәрбиелеу ата-аналардың да өнегелі болуына талап етіп, отбасы қоғамның тәрбиесі аналарға байланысты екеніне ерекше мән берген, қыздың көркіне ақыл-ойымен, мінез-құлқымен сай болуын қадағалаған. «Қыз қылығымен сүйкімді», «Қызым үйде, қылығы түзде» деген мақал-мәтелдер үлкен жауапкершілік жүктейді.. Баланы ақылды, есті етіп тәрбиелеу отбасы мен мектептің бірлесе істеген жұмыстарына тікелей байланысты десек, артық айтқандық болмас. Әл-Фараби өз заманында ата-бабаларымыздың, небір даналарымыздың ақыл-өсиеттері, ежелден келе жатқан салт-санасы мен әдеп-ғұрыпындағы дәстүрлі тарих тағлымдарын өмірге үйлесімді пайдалану бүгінгі ұл мен қызға берілетін тәлімді жетілдірудің тиімді жолы. Ең бастысы тәрбиесіз білім, білімсіз тәрбиенің берілмейтінін ұғынған жөн деп білемін.
Бала үшін әрбір кезең маңызды, әрбіреуінің өз ерекшелігі бар. Әсіресе, дені сау, ұлттық сана-сезімді оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, патриот жастарды тәрбиелеу десек, баланың әр кезеңіндегі ерекшеліктеріне мән беріп, салауатты өмірге бет бұруына ықпал жасау – тәрбиенің негізгі мақсаты болып табылады. Баланың адами тұрғыдан жетілуі үшін оған әдеп пен әдептіліктің аражігін түсіндіретін тиянақты тәрбие керек. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Бүгінгі күні қазақ халқының ұлттық мәдениетінің қайта өркендеу жағдайында оқушыларды өз халқының рухани қазынасымен тереңірек таныстыру қажеттігі туады. Себебі, өз халқымыздың ұлттық ерекшеліктерін білмей, оқушының бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мүмкін емес.
Адам бойындағы жағымды қуаттың оянуынан жеке тұлғаның өрістенуіне, рухани-нұрлануына, шабыттануына мүмкіндік туғызатын мұғалім. Ұстаздық ету – мамандық қана емес, бұл өмірдің мәні мен мағынасы, сонымен қатар жас ұрпақтың ізгі болашағына деген сенім болып табылады. Сол сенім маған күш беріп, алға жетелейді. Сондықтан күнделікті өмірде қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынаста бола отырып, оқушыларды бүкіл шексіз әлемге тек қана ләззат пен сүйіспеншілік, мейірімділік пен үйлесімділік, әділдік пен адалдық, қуанышты бар жан тәнімен, санасымен қабылдауға үйреткеніміз абзал. Жалпы қоғам болып бірлесе, баланың тәрбиесі мен білім алуында өз қызметімізге жауапкершілікпен қарап, белсене атсалысайық. Бірлесе атқарылған еңбегіміз жемісті, шәкірттеріміз жеңісті болсын! Тарата жүретін жылуымыз көп болсын!
Сарыбаева Жанат Лесбековна
Шымкент қаласы
Зоя Космодемьянская атындағы
№23 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып оқытушысы