Оқу жылы басында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқушылар қызығушылығын тудырған сайыс басталған болатын. «World of Dance» аталған би бәсекесі «ә» дегеннен өзінің қатысушыларының көптігімен ерекшеленді. Білім ошағымыздың 7-11 сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылған өнер бәйгесіне 15 топқа біріккен 50 үміткер қатысуға ниет білдірді.
-Мектеп тарихында дәл осындай ауқымды жоба екінші мәрте өткізіліп отыр. Биылғы сайысты өткізу идеясын мектебіміздің 11 сынып оқушысы Еркебұлан Иманбаев ұсынды. Ал біз әріптесіміз Ирина Раифовна екеуміз оның талабына қолдау білдіріп, сайыстың өту барысы жайлы ақыл-кеңесімізді беріп дұрыс бағытқа қарай жол көрсетіп отырдық. Биге жаны құмар, позитивті оқушылар бізде жеткілікті. Көрермен алдына өз өнерлерімен шыққан олар 3 кезең бойы нағыз шоу сыйлады, -дейді мектебіміздің хореографы Жанар Төкенова.
Алғаш рет 2011 жылы мектеп хореографтарының жетекшілігімен өткізілген «Dance Live» жобасында белгілі-бір талаптар бойынша сынға түссе, бұл жолғы сайыста қатысушыларға еркіндік беріліп, жастар арасында сұранысы жоғары заманауи билерден бақ сынасты.
— Қазір билердің түрі көп. Мәселен, заманауи билердің өзі хип-хоп, фристайл, кей-поп, модерн,вог сынды салаларға бөлінеді. Кейінгі буынға осылар ерекше ұнайды. Осыны ескере отырып, оқушылар өнерін таразыға салуды жөн көрген біздер жобаның сұранысқа ие екендігін байқадық. Бір атап өтерлігі- сайыста орындалатын әр биді қатысушылардың өздері ойластырған. Қатысушылардың 70 пайызы ғана түрлі би үйірмелеріне қатысып, аз-кем білім алғандар. Ал қалғандары қызығушылықтарының арқасында сахнаға алғаш шыққандар, -дейді мектебіміздің тағы бір хореографы Ирина Баймұратова.
Сайыстың ақтық сынына 7 топ шығып, шешу кезеңде бар өнерлерін паш етуге тырысты. Оларды қолдауға сыныптастарынан бөлек, ата-аналардың келіп отырғанын көзіміз шалды. Бірінен бірі асып түскен әуесқой бишілердің өнерін бағалауда оңайға түспеді. Десе де, шын мықтыға тұсау бар ма? Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлде «Redamancy» тобына бұйырды. Жүлделі 1 –орын 10 сынып оқушысы Айнұр Абибековаға, 2-орын 8сынып оқушысы Амина Берекеноваға, 3 –орын 7 сынып оқушыларынан құралған «Mix Dance» тобына берілді. Жеңімпаздар мақтау қағазы мен арнайы кубокқа ие болды. Сонымен бірге ұйымдастырушылар жобаға қатысушы барлық өнерпаздарға сертификат табыс етті. Сайыс алдағы оқу жылында да ұйымдастырылатын болып шешілді.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі