— Елдос Болатханұлы, ЭЫДҰ елдеріндегі қатарластарынан Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша кейін келе жатқандығы хабарланды. Жалпы, бұл бағыттағы зерттеулер қашаннан басталды?
— Шын мәнінде, бұл жөнінде алғаш рет осыдан жеті жыл бұрын, 2009 жылы айтылған болатын. Сол жылы Қазақстан 15 жастағы білім алушылардың сауаттылығын тексеруге арналған PISA зерттеуіне қатысып көрді. Қазақстанның 184 мектебінен және 16 колледжінен 5 590 оқушы зерттеуге кездейсоқ тәртіпте таңдалды. Оның жартысынан көбі мемлекеттік тілде, қалғаны орыс тілінде тапсырды. Нәтижесінде, 65 мемлекеттің ішінде қазақстандық оқушылар оқу сауаттылығынан 390 ұпаймен 59-орынды, математикадан 405 ұпаймен 53-орынды және жаратылыстанудан 400 ұпаймен 58-орынды иеленді.
Зерттеуге қатысқан 65 елдің 34-і — Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттер. Олардың басым бөлігі біздің еліміз терезесін теңестіргісі келетін әлемнің үздік отыздығына жатады. Осы 34 елдің орташа ұпайына қарап, қатысушы елдерді үш топқа бөлген: ЭЫДҰ-дан жоғары, ЭЫДҰ-мен шамалас және ЭЫДҰ-дан төмен. Біз үшінші топқа кірдік.
Енді мемлекеттердің ЭЫДҰ оқушыларынан қанша жылға қалыс қалғанын немесе асқанын қалай білетінін қарайық. PISA-ны дамыған мемлекеттердің статистика, білім және өндіріс салаларының ең мықты мамандары құрып, жылда жетілдіріп отырады. Ерекше математикалық есептеулерге сәйкес, 40 ұпай кез келген елдегі оқушының бір оқу жылы бойында алатын білім-білігіне тең екені анықталған. Осы тұрғыда Қазақстанның ұпайларын ЭЫДҰ-ның орташа ұпайымен салыстырар болсақ, оқушыларымыз бен ЭЫДҰ елдері оқушыларының арасындағы алшақтықты білетін боламыз.
Осылайша, Қазақстан 2009 жылы ЭЫДҰ-дан оқу сауаттылығы бойынша 2,6 жылға ( ЭЫДҰ ұпайы (493) — Қазақстан ұпайы (390)/40 = 103/40),
математикадан 2,3 жылға ( ЭЫДҰ ұпайы (496) — Қазақстан ұпайы (405)/40) және жаратылыстанудан 2,5 жылға қалыс қалған болатын ( ЭЫДҰ ұпайы (501) — Қазақстан ұпайы (400)/40).
2012 жылы біздің нәтижеміз біршама жақсарды: математикадан +27 ұпай қостық, жаратылыстанудан +25, оқудан +3. Дегенмен де, бұл нәтижеміз әлемнің бәсекеге ең қабілетті елдерінің орташа көрсеткішінен әлі де төмен.
— Бұл PISA зерттеуі неліктен соншалықты маңызды?
— Кеңес Одағы дәуірінің соңына таман, 80-жылдары кеңестік мектептің дағдарысы, педагогикалық тәжірибені өзгерту жөнінде жиі айтылатын. Осы уақытта Батыс Еуропаның біршама елдері оқуды білімге емес, құзыреттілікке қарай бағыттайтын бағдарламаларды енгізе бастады. Осы елдердің ықпалымен 1996 жылы ЮНЕСКО «Білім беру: көзге көрінбейтін қазына» баяндамасын жариялап, онда үйреншікті операцияларды орындауға ғана жарайтын білімнің аздығын айта келе, ХХІ ғасырда адамның бойына бұл біліммен бірге әлеуметтік мінез-құлық, топта жұмыс істеу қабілеті, бастамашылдық пен тәуекелшілдіктің керек екенін жеткізді. Бұл білім беру жүйесінде білімнен құзыреттілікке бетбұрыс жасау қажеттігін көрсеткен жаһандық белгі болды. Келесі жылы ЭЫДҰ құзыреттілікті өлшеудің құралы ретінде PISA-ны ұсынып, оның әдіснамасы мен тапсырмаларын 3 жыл ішінде әзірледі. 2000 жылы алғашқы PISA тек ЭЫДҰ-ның 32 елінің арасында жүргізілді. Бара-бара зерттеуге қатысуға ұйымға мүше емес елдер де қызығушылық таныта бастады. Себебі, әлемнің барлық елдері PISA-ны мектептік білімнің шынайы өлшеуіші деп қабылдайды. Бұл зерттеуден ұлттық орта білімді жетілдіруге қажетті мағлұмат алады. PISA-да орташа көрсеткішті 5 ұпайға көтере алған елде еңбек өнімділігі 2,5%-ға, жанбасылық ішкі жалпы өнім 1,5%-ға өсетіні дәлелденген.
— Сонда құзыреттіліктің білімнен ерекшелігі неде?
— Жалпақ тілмен айтқанда, білім — бұл тек білу және түсіну ғана. Ал құзыреттілік дегеніміз — бұл білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау және бағалау. Біздегі дәстүрлі педагогикалық тәжірибе негізінен білім мен түсінуге бағытталған. Яғни, оқушылар игергенін жақсы қайталайды, фактілерді жақсы біледі, үйреншікті әрі жеңіл сұрақ-тапсырмаларды жетік орындайды. Алайда, оқиғалар мен құбылыстарды өзара байланыстыру, білгенін әдеттен тыс жағдайда пайдалану, оны сыни талдауда оқушыларымыздың дағдылары төмендеу.
— PISA-дан басқа зерттеулер бар ма?
— Әрине, дүниеде әр алуан зерттеулер бар. Оларды әртүрлі мақсатпен, әртүрлі жастағы білім алушыларға, түрлі ұйымдар жүргізеді. Дегенмен, 15 жастағы оқушылар арасында PISA-мен пара-пар түсетін жаһандық зерттеу менің білуімше жоқ.
PISA-да өзін таныта алған мемлекет бірден барлық әлемдік рейтингтерде таныла бастайды. Бұл зерттеу — көптеген халықаралық сарапшылар үшін білім беру сапасының бірден-бір көрсеткіші.
— Сонда, PISA-ға қатыспасақ не болады?
— PISA 3 жылда бір рет өткізіледі. Қазақстан 2009, 2012 және соңғысы 2015 жылғы зерттеулеріне қатысты. Егер біз 2018 жылы қатыспайтын болсақ, біз білім беру жүйесінің үш жылда жеткен жетістігіміз жөнінде мәліметтен айырыламыз. Одан кейінгі 2021 жылы өткізілетін кезеңге біз қатысқан жағдайда, оның қорытындысы 2022 жылы жарияланатындықтан, бізде ағымдағы ахуалдан мәлімет 6-7 жыл болмайды деген сөз.
Бұл қандай мәліметтер? Осы ретте Қазақстанның өзге елдермен салыстырғанда жағдайы, соңғы жылдары әлем елдері өз білім жүйесінде нені өзгерткені, қандай нәтиже алғандығы, әлем елдері, соның ішінде Қазақстан білім сапасын барлық азаматтары үшін қаншалықты қамтамасыз еткендігі және басқа да маңызды бағыттар қамтылып отыр.
PISA-ға қатыспау мемлекетіміздің білім беру жүйесінің ахуалының нашарлағанының белгісі деп те қабылдауы мүмкін.
— Аталған көрсеткіштің нәтижелері біздің қоғамымызға, орта білім беруді жетілдіруге қаншалықты әсер етіп отыр?
— Кейбір ақпаратқа, жаңалыққа қоғам бірден дайын болмайды. Оны қабылдап, түсіну үшін уақыт, ақпараттық жұмыс қажет.
PISA-ға еліміз 2009 жылы қатысса да, оның қорытындысын білуге қоғамда енді ғана қызығушылық пайда болып отыр. Бұл зерттеудің нәтижелері біздің мектептік білім беруді жаңғыртудың бір ғылыми негізі десек болады. Өйткені, PISA-ға дейін біз өзімізді мықтымыз деп есептеп келдік.
Іштей проблеманы сезінгенмен, халықаралық деңгейде салыстырып көретіндей дерек болған жоқ. Бүгінде елімізде Назарбаев Зияткерлік мектептердің іс-тәжірибесін ел мектептеріне бейімдеп таратуда, яғни орта білім мазмұнын жаңартуда PISA деректері барынша қолданылады. Біз әлем елдері өткен 80-жылдың соңында түсіне бастаған құзыреттілік көзқарасты жүзеге асыру үшін бүкіл Қазақстан бойынша батыл қадам жасағалы отырмыз. Енді бұл беталысымыз биік мұраттарға жеткізу үшін біз өзімізді әділ бағалай білуіміз керек. Ол үшін бізге PISA және 2014 жылы Елбасының халыққа Жолдауында атап өткен ЭЫДҰ-ның өзге де ұстанымдары мен стандарттарын енгізу қажет.
— Әңгімеңізге рахмет!
Автор: Руслан Ғаббасов