Ойын – бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсінеді. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын,өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет-ойын.Ойын-балалар үшін күрделі әрекет. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша,бала ойын үстінде қандай болса,өскенде еңбек үстінде сондай болады,-дейді.Сондықтан ойын адамның өміртанымының алғашқы қадамы.Баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Мектеп жасына дейінгі балаларға білім беруде, тілін дамытуда, оқу қызметінде дидактикалық ойындарды пайдаланудың маңызы өте зор.
Дидактика – термині гректің «дидактикос» , яғни үйретемін деген мағынаны білдіреді. Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді.
К.Д.Ушинский мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшеліктерін ескере келе, былай деп жазады: «Бала табиғаты көрнекілікті аса қажетсінеді. Балаға өзіне белгісіз бес сөзді жалаң үйрете бастасаңыз, көп уақытты зая кетіріп, босқа қиналасыз. Ал енді жиырма сөзді суреттермен байлансытыра үйретсеңіз, бала оны лезде қағып алады. Сіз балаға қарапайым ғана ойыңызды қанша тісіндірсеңіз де, оңай ұға қоймайды. Дәл сол ойды күрделі суреттер көрсете баяндасаңыз, ол сізді тез түсінеді.»
Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын әрекеті арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің негізгі ерекшелігі.Білімді меңгерту және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай – ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс – әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді.
Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:
1.Заттық дидактикалық ойындар-дидактикалық ойындармен және түрлі ойын материалдармен ұйымдастырылады. Заттық дидактикалық ойындар әртүрлі ойыншықтармен және әртүрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады. «Жаңылтпашты тез айт», «Фонетикалық жаттығулар», «Мақалды жалғастыр» т. б.
Сөздік дидактикалық ойындар, яғни ауызша ойналатын ойындарға әр топтың жас ерекшеліктеріне байланысты ойындар іріктеледі, сондай — ақ тапсырмалар арқылы балалардың білімін тереңдете түседі және сөздерді дұрыс айтуға, есте сақтауын дамытуға көмектеседі.
Мысалы:«Саққұлақ» ойыны
Мақсаты: Есту қабілетін дамыту, белсенді сөздікті толықтыру, фразалық сөйлеуін дамыту.
Қажетті құралдар: қалқа (тасалап тұратын нәрсе), қоңырау, сылдырмақ, дабыл т. б.
Ойын барысы:Тәрбиеші қалқаның артында тұрып, кезек бойынша жоғарыда аталған заттармен дыбыс шығарып және балалардан дыбыстың қандай заттан шыққанын табуын ұсынады. Дыбыстар бала оларды табу үшін, анық және кезектесіп шығуы керек.
2.Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар.
Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – балаларға арналған қызық сабақ. Түрлері бойынша олар әртүрлі: сыңар суреттер, лото, домино. Ойындарды ойнаған кезде шешілетін тапсырмалар да әртүрлі. Суреттер сыңарын табу ойындары. Мұндай ойындағы ең қарапайым тапсырма – алуан түрлі суреттерден бірдей сыңарларын: түстері, үлгілері және т. б. бірдейлерін табу. Содан соң тапсырма күрделенеді: бала суреттерді тек қана сыртқы белгілерімен ғана емес, сонымен бірге мағынасы бойынша да біріктіреді, мысалы: барлық суреттердің ішінен екі ұшақты табу. Суретте бейнеленген ұшақтар, түсі, пішіні бойынша әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларды ұқсатып заттардың бір түріне жатқызып, біріктіреді. Ересектер топтарында тапсырмалардың шешілуі күрделірек: кейбір балалар суреттегі салынған қимылдарды бейнелейді, басқалары суретте кім салынғанын, онда адамдардың не істейтінін, мысалы өрт сөндірушілер отты сөндіреді, теңізшілер теңізде жүзеді, құрылысшылар үй салады және т.б. табады.Мұндай ойындарда жеке тұлғаның осындай құнды қасиеттері: қайта түрленуге қабілеттілігі, қажетті бейнені жасаудағы шығармашылық ізденушілігі қалыптасады.
Мысалы:«Кім алғыр?»
Мақсаты: Құлақтың естігіштігін, сөздік нұсқаулықты оны айтатын дауыс күшіне қарамастан дұрыс қабылдай білуді дамыту.
Қажетті құралдар: Ойыншықтар: қуыршақ, аю, мәшине.Ойын барысы: Тәрбиеші үстінде ойыншықтары бар үстелдің жанында отырады. Бала одан 2 – 3 метр қашықтықта болады. «Мен сыбырмен сөйлейтін боламын, сондықтан бәрі естілу үшін тыныш отырып, зейінмен тыңда»:
Аюды ал жәнемәшинегеотырғыз.
Аюды мәшиненің ішінен ал.
Мәшинеге қуыршақты отырғыз.
Қуыршақты мәшинемен қыдырт.
Бала бұл тапсырмаларды естуі, тусінуі және орындауы қажет. тапсырмалар қысқа және жеңіл,ал айтылуы ақырын,бірақ айқын болу керек.
3.Сөздік дидактикалық ойындар.
Сөздік ойындар ойнаушылардың сөздері мен әрекетінен тұрады. Мұндай ойындарда балалар заттар туралы түсініктеріне сүйеніп, олар туралы білімдерін тереңдетіп үйренеді. Балалар өздігінен түрлі ойлау тапсырмаларын шешеді: олардың сипаттамалық қасиеттерін бөліп, заттарды суреттейді; суреттеу бойынша табады; ұқсастық және айырмашылық белгілерін табады; әртүрлі қасиеттері, белгілері бойынша заттарды топтайды. Бұл дидактикалық ойындар барлық жастағы топтарда өткізіледі, әсіресе балаларды мектепке дайындауға мүмкіндік беретін, мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ерекше маңызды: педагогты мұқият тыңдай білуді дамытады, қойылған сұраққа жылдам жауап табады, өз ойын дәл және анық тұжырымдайды, қойылған тапсырмаға сәйкес білімді қолданады.
Сөздік ойындарды педагогикалық үдерісте қолдануға қолайлы болу үшін төрт топқа біріктіруге болады.Олардың біріншісіне заттар мен құбылыстардың маңызды белгілерін бөліп қалыптастыра білуде көмектесетін ойындар: «Тапшы?», «Дүкен», «Иә – жоқ» және басқалар кіреді. Екінші топты балалардың салыстыру, беттестіру, дұрыс ақыл қорытындысын жасауын дамытуда қолданылатын: «Ұқсайды – ұқсамайды», «Кім өтірікті көбірек аңғарады?» және т. б. ойындар құрайды. Үшінші топқа әртүрлі белгілері бойынша заттарды жалпылау және топтастыра білуді дамытатын « Кімге не керек?», «Үш затты ата», «Бір сөзбен ата» және басқа ойындар біріктірілген.Ерекше төртінші топқа зейінді, аңғарымпаздықты, ой ұшқырлығын, байсалдылықты, әзіл оспақты түсіне білуін дамытатын: «Бұзылған телефон», «Түстер», «Ұшады – ұшпайды» және басқа ойындар жатады.
Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді,баланы ойнай білуге баулып,ақыл-ой қызметін қалыптастырады,әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойындарды сөйлеуді дамыту оқу қызметінде пайдалану,сонымен қатар күн тәртібінің барлық сәтінде жүзеге асырылу тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр.Дидактикалық ойындарды қолданудың тиімділігімен баланың дүниетанымын,ой-өрісін,логикалық ойлау қабілетін,тіл байлығын,шығармашылығын дамытумен мақсатқа жетеміз. Дидактикалық ойын – адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған оқу қызметі балаларға көңілді әрі қызықты болады. Балабақшадағы тәрбиелеу – оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс- әрекет кезіндегі тілдік қарым – қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.
Өтепбай Перизат Қалданқызы,
Астана қаласы,
№ 69 «Еркем — ай» балабақша
«Балбұлақ» мектепалды
даярлық топ тәрбиешісі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Дидактикалық ойындар жинағы» әдістемелік құрал
- Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. «Педагогика» Алматы, 2000
- Коменский Я.А. «Ұлы дидактика»