Home » Білім және тұлға » NURORDA мектеп-лицейінің өнер бірлестігі

NURORDA мектеп-лицейінің өнер бірлестігі

Білім мен өнер — бір қайықтың қос ескегі сияқты. Талаптың тұлпарына мініп, білімнің биігіне қанат қағу – өсемін деген ұрпақтың ұлы жолы. «Зер қадірін зергер білер», — демекші,  ­­адамды адам қатарына қосып, осы даңғыл жолға түсіретін де қасиетті орда – мектеп! Әңгімемізге арқау болғалы отырған – Астана қаласындағы NURORDA мектеп ­– лицейінің өнер бірлестігі. Өнер бірлестігі деп атаулы білім шаңырағындағы шәкірттерінің бойына өнерді сіңіріп жүрген ұстаздарды айтпақпыз.

Мустафанов Юрий Джадагирұлы – музыка пәні мұғалімі.dsc_0135

Әл – Фараби мен Абайдан қалған ілім мен нақылдарға сенсек, музыка – адам болмысының айрықша қырын ашатын өнер. Анамыздың әлдиімен құлаққа еніп, қанға сіңген ән мен күйдің құдіретін айтпасақ та белгілі. Әуен адамды әсемдік әлемімен қауыштырады, ал белгілі бір аспапта ойнаса нұр үстіне нұр емес пе? Балаларға сол аспаптарда ойнау мүмкіншілігі NURORDA мектеп ­– лицейінде қарастырылған. Балғын жастардың музыкаға қабілетін арттырып, аспапта ойнауға үйретіп жүрген Мустафаев Юрий есімді ұстаз бар.

«Гамма, этюдтар, әндер, аккордтар, арқылы оқушылардың фортепиано аспабында ойнау техникасын дамыту, жас ерекшелігіне сай музыкалық шығармалар ойнауға қызығушылығын, шығармашылық белсенділігін арттыруға фортепиано үйірмесі өз жұмысын  бірнеше жыл бойы осы мектепте жалғастырып келеді. Сол себептен теориялық түсініктемелер тұжырымды түрде әр түрлі әдіс — тәсілдер көрсетіліп отырылады. Апта сайын болатын музыка сабағында да осы аспаптың қыр — сырын тілге тиек етіп отырамын, өйткені аспап өзіміздің музыка сыныбында орналасқан», -дейді Ю. Джадагирұлы.

Ұлағатты ұстаздың алған асулары да аз емес. Қабыкен Жақан мен Қабыкен Айгерімдей ағайынды оқушылары республикалық байқауларда топ жарып жүр. 2015 жылы «Ұлағатты ұстаз» медалін иемденген. Юрий ұстаздың ақындық, сазгерлік өнері де бар. 2012 жылы әндері мен сөздерін өзі жазған туындылары топтасып «Жаңа ғасырға жаңа әнмен» атты ән жинақ болып шықты.

Байсенгерова Жұлдыз. Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі.

img_20161027_162622Жүз жыл озып, мың ғасыр сырғыса да ескірмейтін дарынның бірі – бейнелеу өнері. Тасқа қашап салынған бағзы заманнан бері адамзатпен бірге жасасып келе жатқан өнердің құндылығы мол. NURORDA мектебінде аталмыш сала бойынша қызмет етіп жатқан Бейсенгирова Жұлдыз есімді мұғалім бар. Оқушыларға сурет салудың әр қырын үйретіп жүрген ұстаз қазіргі балалардың бейнелеу өнеріне аса қызығыушылығы тумайтындығын айтады.

«Шәкірттеріме бейнелеудің живопись, аппликация, графика және тағы басқа да түрлерін үйретемін. Оқушы балалардың ішінде суретке белсене қызығатындардың саны өте көп деп айта алмаймын. Десек те, көптеген сайыстарда топ жарып жүрген оқушыларым бар», — дейді Жұлдыз Битимбайқызы сырын бөлісіп.

Қылқаламды жанына серік еткен ұстаздың ауыз толтырып мақтанар оқушылары да біршама. «Мәңгілік Ел» атты қалалық сурет байқауынан жүлделі орындар алған Болатбек Нұрай мен Ділшат Ділназ сынды қаршадай суретші қыздар бар. Астана қаласындағы оқу орындарының бастауыш сыныптары арасында өткен «EXPO – 2017 қолөнер шеберлері» байқауында оқ бойы озып келген Аненов Багдан, тағы да мақтан етер Укубаева Мариям есімді шәкірттері бәйгені қолдан бермей жүр.

«Ел болам десең бесігіңді түзе», — демекші, кез – келген мекттептің ел мен ұлттың өмірінде алар орны ерекше. Ұрпақты ұлағатты білім мен салиқалы сауатқа жетелеп келе жатқан NURORDA мектеп ­– лицейінің өнерлі ұстаздарына толағай табыстар тілейік.

Жалғас Зейноллаев
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.