Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірегей тәжірибесі Түркияда таныстырылады. Мұндай мәлімет Атырау облысы «Рухани жаңғыру» кеңсесі өкілдерінің Түркиядағы Анкара және Конья қалаларында өткен іс сапарында белгілі болды.
2018 жылдан бастап Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көзделген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін «Рухани Жаңғыру» кіші жобалық кеңсесі жұмыс жасап келеді. Жобалық кеңсе аймақтағы білім беру ұйымдарына жаңартылған білім беру мазмұнын енгізуде әдістемелік және әдіснамалық қолдауды көрсетуге бағытталған.
Қазақстандық делегация Хажы Байрам атындағы университетте «Түркі тілдес халықтарының тілдері» факультетіндегі студенттер, оқытушылармен кездесті. Әсіресе түрік тарапты мектептегі «Рухани жаңғыру» кіші жобалық кеңсесінің жұмысы қызықтырды.
Қазақстаннан әкелінген кәде сыйлар арасында Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Сандуғаш Мырзағалидің тоқыған кілемі түрік жұртын тамсандырды.
– Алғаш рет бұл университетте Қазақстанның мәдени мұрасына арналған бұрыштың пайда болатыны бізді қуантып отыр, – деді аймақтық «Рухани жангыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Орынтай Биманова.
Іс сапар соңында түрік өкілдері Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін Түркияда таратуға қызығушылық білдіргенін жеткізді.