Home » Айтарым бар » Некролог

Некролог

2019 жылдың 25 желтоқсанында аяулы ана, асыл әже, ардақты ұстаз, өршіл рухты басшымыздың қазасына байланысты «№102 мектеп-гимназия» КММ ұжымы қайғырып көңіл айтады.

Мусина Айман Оразовна Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 1963 жылдың 4 қаңтарында дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын орыс тілі және орыс әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1987 жылы Алматы қаласындағы №65ОМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  және директордың орынбасары болып бастаған. 1993 жылы Алматы қаласындағы  №41ОМ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  және әлеуметтік аясындағы  педагог-консультант болып жұмыс атқарды. Алматы қаласындағы Әуезов ауданының Білім бөлімінде бас маман, Алматы қаласындағы  №8 мектеп-интернатында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Алматы қаласындағы  №149 ОМ директор, Қарағанды қаласындағы №86 Өнер мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Қарағанды қаласындағы №86 Өнер мектебінде директор , Қарағанды қаласындағы №92 гимназияда директор қызметтерін зор абыроймен, асқан шеберлікпен жұмыс үрдісін ұйымдастыра, басқара білді. 2017ж. бастап Қарағанды қаласындағы №102 мектеп-гимназияда директор міндетін атқарды.

«ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл мерейтойлық медалімен, облыстық Білім бөлімінің, Қарағанды облысының әкімі мен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Айман Оразовна іске қатал болғанымен, қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспанына айналған басшы бола білді. Адам жанының терең қалтарыстарына үңіліп, әрбір ұстазға рух пен жігер бере алды. Бірнеше буын тәрбиелеген  Білім саласының биік бәйтерегіне айналып, ұжым, оқушы, ата-ана арасында беделді, сыйлы тұлға  болды.

Мектебіміздің алғашқы кірпішін қалап, барлық жан-жүрегін мектебіміздің өркендеу жолына қосуда аянбай тер төкті. Әсемдікті өмір жарасымы етіп алған басшымыз, қашанда күннің құдіретті сәулесі сынды ұстаз бейнесін ұлықтап жүрген жандардың біріне айналған.

№102 мектеп-гимназия ұжымы ұлағатты ұстазымыз Мусина Айман Оразовнаның бұл фәниден бақилыққа, мәңгі сапарына аттануына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болғай. Сүрмеген жасын, көрмеген қызығын артында қалған бала-немерелеріне көруді Алла нәсіп етсін. Айман Оразовнаның жарқын бейнесі мен бала тәрбиесіне сіңірген еңбегі жадымызда, жүректерімізде мәңгілік есте қалады.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.