Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » MIT студенттері Қазақстаннан үлкен әсер алды

MIT студенттері Қазақстаннан үлкен әсер алды

Массачусетс технологиялық институты (АҚШ) магистранттарының   Зияткерлік мектептерде өткен өндірістік тәжірибесі аяқталды.

Студенттердің Зияткерлік мектептердегі тәжірибесі осымен үшінші жыл MISTI Kazakhstan «Global Teaching Labs» жобасы аясында өтті. Бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Қарағандыда басталып, оң нәтиже көрсетті. Жоба студенттердің жаратылыстану – математика пәндері бойынша білімін тереңдетуге, теориялық білімді практика жүзінде қолдана білу дағдыларын дамытуға, салыстырмалы ойлау қабілетін арттыруға арналған.

Биыл MIT  студенттерін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Семей қалаларының мектептері  қарсы алды.  Олар Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ танып білуі үшін  жергілікті отбасыларында тұрды. Ежелден қонақжайлығымен танылған отандастарымыз меймандарды құшақ жая қарсы алған.

Тағылымдама барысында студенттер физика, математика, информатика, химиядан  берді. Зияткерлік мектеп оқушылары үшін түрлі басқосулар өткізіп, 150 жыл тарихы бар Массачусетc университеті жайлы, білім ордасының оқу бағдарламасы туралы айтып берді.

Массачусетс студенттері Астананың әсем архитектурасы, Алматы мен Семейдің көз тартар  табиғаты, көне Түркістан қаласының тарихы  мен Зияткерлік мектеп оқушыларының алғырлығынан алған әсерлерін жасыра алмады. Студенттер бос уақыттарында тігін тігіп, атқа мініп, шаңғы теуіп саяхат жасады.

Өз ойымен бөліскен  Эндрю Сорэнсон – «Бұл менің алғашқы алыс сапарым, мен осы өлкемен танысып, өзім үшін Қазақстанды ашып жатырмын. Қазақстан – көп ұлтты, тарихы терең, халқы қонақжай, кішіпейіл, ерекше ел» екенін айтты.

Эшли Уонгқа  Астана мен ұлттық тағамдар қатты ұнапты. – «Астанада күн суық болса да сәулетінің сұлулығы тұла бойыңды жылтып жібереді, Зияткерлік мектеп оқушылары үш тілде еркін сөйлеп, американдық балалармен салыстырғанда жоғары сыныптарда күрделі бағдарламаны еркін игерулері мені таңқалдырды. Балалар көп білгісі келеді», – деп Эшли өз ойымен бөлісті.

– Алматының әсем табиғатына, әсіресе, Іле Алатауына ғашықпын. Медеуде сырғанақ тептік. Байқоңырды көруді армандаушы едім, ол арманыма да жеттім – дейді,  Алматыдағы химия-биология бағытындағы мектепте физикадан дәріс берген Ханна Диль.

Кристофер Вомактың айтуынша «Әріптесім Саранеш Прембабу екеуміз мектепке деген таңдасымызды жасыра алмаймыз. Оқушылар да жаңа нәрсені білуге құштар, кері байланысқа белсенді араласады. Зияткерлік мектеп оқушылары шетінен ақылды, оқуға деген ынтасы зор. Балаларға сабақ бергеніме, дәл осындай мүмкіндіктің маған бұйырғанына қуаныштымын».

– Бұл мектеп мүлде бөлек. Мұнда оқушылар біз колледжде де пайдалана алмаған жаңа технологияларды қолданады. Сонымен қатар олар өнерлі, сыпайы, – деп ағынан жарылды Лара Шонквилер. Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары сынып оқушылары STEM және физиканы Лара Шонквилер және Мелисса Мумен бірге оқыды.

Тағылымдаманың мерзімі аяқталып, тәлімгерлер өз елдеріне оралды. Олардың әрқайсысы үшін Қазақстан мен Зияткерлік мектептер жүректерінен ерекше орын алғаны сөзсіз.

 

Құрметпен, Назерке  Ғалым
Корпоративтік коммуникациялар департаменті
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.