Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізу жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Ендігі кезекте материалдық көмек көрсету үрдісі аталған акцияны өткізу кезеңімен шектелмей, жыл көлемінде жалғасатын болады. Осы жылы алғаш рет аталған акция шеңберінде «Менің Атамекенім» порталында «Мектепке жол» платформасы іске қосылды. Көзделген басты мақсат — көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында байланыс орнату және көмекке зәру адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерін жауапсыз қалдырмау.
Осы орайда 24 шілде күні Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асылованың және «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары О.Ордабаевтың қатысуымен «Менің Атамекенім» порталындағы «Мектепке жол» платформасы ресми іске қосылды. «Менің Атамекенім» порталындағы «Мектепке жол» платформасы — халықтың әлеуметтік мәселелеріне жылдам жауап беруге, сондай-ақ, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін ыңғайлы және ашық жүйе. Айта кеткен жөн, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде көмек көрсетуге ниет білдірген азаматтар білім беру органдары мен ұйымдары арқылы да көмек көрсете алады.