Home » Мақалалар » Мектепке дейінгі ұйымдағы мониторинг ерекшелігі

Мектепке дейінгі ұйымдағы мониторинг ерекшелігі

Заманауи мектепке дейінгі ұйымдағы педагогикалық процесс әр баланың бірегейлігі мен ерекшелігін сақтауға, қабілеттілігін ашу мүмкіндіктерін құруға, олардың дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан әр баланың қызығушылығы, мүмкіндіктері мен проблемалары туралы ақпараттың педагогте болуы педагогикалық үдерістің тиімді кепілі болып табылады. Балалардың интеллектуалдық, физикалық, тұлғалық дамуы мен білімдік жетістіктерінің динамикасының педагогке қадағалауға мүмкіндік беретін  педагогикалық үдерістің сапасын бақылау жүйесінің қажеттілігі туындайды.

Білім беру практикасының қажеттілігімен қатар педагогикалық процестің сапасын бағалаудың тиімді жүйесін құру қажеттілігі Қазақстан Республикасындағы мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын реттейтін нормативтік құжаттардада көрсетілген. Мысалы, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мемлекеттік жалпыға мінтетті стандартында (ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген) «Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар тәрбиеленушінің жасына сәйкес оның жетістіктерін мониторингілеу негізінде үлгілік оқу бағдарламасында күтілетін нәтижелер түрінде анықталған» делінген. Сондықтан үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнын жүзеге асыру барысында жас ерекшеліктеріне сәйкес балалардың дамуын бағалау, яғни мониторинг өткізіледі.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде «мониторинг» – біршама жаңа түсінік, сондықтан оның тұрақтанған «педагогикалық диагностика» және «бақылаумен» байланысын нақтылау керек.

Басқару іс-әрекетінің түрі ретінде бақылау аясында бақыланатын объекттің жоспарланған және шынайы жағдайы салыстырылады, мысалы, білім беру саласын игеру аясында балалардың жетістіктері. Ақпараттың едәуір санын жинау мектепке дейінгі ұйымның (МДҰ) іс-әрекетін бақылауды ұйымдастыру барысында жиі кездесетін проблема болып табылады.

Білім сапасына білім беру жүйесінің талаптарының ұдайы артуы МДҰ-ғы мониторинг жүйесін қалыптастыру туралы шешімді қабылдаудың басқа негізі болып табылады. Білім берудің мақсаттары мен міндеттерін түсінудің жалпы тәсілдеріне сүйеніп және мектепке дейінгі буынның ерекшелігін ескере отырып мектепке дейінгі білім берудің сапасын балабақшадағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту процесінің нәтижелігі мен жағдайын анықтайтын әлеуметтік категория ретінде қарастыру керек. Сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудің сапасы, МДҰ-да ұсынылатын білімдік қызметтерден педагогтер мен ата-аналардың күтулерін қанағаттандыру деңгейі мен МДББ ғылыми негізделген мақсаттар мен міндеттерге жету деңгейі ретінде түсіндіріледі.

Мониторингтің өлшеуіш құралдарын әзірлеудің қарастырылуы келесі қадамдағы бағыттылығын анықтау болып табылады, ол мониторинг аясындағы диагностикалық шараларды өткізудің критерийлері мен әдістері.

Критерий (грек тілінен kriterion – пайымдау құралы) – бағалаудың негізінде жасалатын, бір нәрсенің класификациясы немесе анықтамасының қасиеті деп түсіндіріледі, бұл пайымдаудың, бағалаудың өлшеуіші. Критерий – объект, құбылыс немесе үдерісте қандайда болсын қасиеттің барын көрсетеді. Мысалы, мектепке дейінгі ересек балалардың денсаулық сақтау құзыреттіліктерінің критерийлері келесідей анықталады:

  • денсаулық, салауатты өмір сүру салтымен байланысты әңгімелер, ойындық міндеттер мен проблемалық жағдаяттардың мазмұнына баланың қызығушылығы;
  • негізгі қимылдарды орындау кезінде шығармашылық таныту;
  • топтағы балалармен бірге қимыл-қозғалыс ойын іс-әрекеттерін ұйымдастыру;
  • қауіпсіздік ережелерін саналы түрде орындау, шынықтыру рәсімдерінің маңыздылығы мен қажеттілігін түсіну. Мониторингте критерийлерге бір өте маңызды талап қойылады – критерий өлшемді жасауға мүмкіндік беру керек [1].

Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде мониторингтің келесі қырларын бөлуге болады:

  • мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мақсатында ұлттық, аймақтық, жергілікті деңгейлерде МДҰ білім беру қызметінің сапасының бағалауын талдау, жүйелі және тұрақты жинау;
  • кері байланысты құру үшін шаралар, жасалған іс-әрекеттердің бағалануы мен анықталуын қамтамасыз ететін басқару циклында дербес буын, яғни педагогикалық жүйесінің-әрекетінің нақты нәтижелерінің сәйкестігі туралы [2].

Мониторинг жүйесін ұйымдастырудың оңтайлы тәртібі бастапқы (оқу жылының басында), аралық және қорытынды (оқу жылының аяғында) диагностикалық өлшемдерді енгізуден тұрады.

Сондықтан балабақшаның педагогикалық процесінде мониторингті қолдану, анықталған проблемаларды шешуге мүмкіндік береді өйткені мониторинг келесіні болжайды:

  • өзгеру динамикасын анықтау мақсатында бірдей критерийлер бойынша объекттерді зерттеуді;
  • өлшемдік шаралардың минималдығы, ықшамдылығы және олардың педагогикалық процске енгізілуді.

Мониторинг жүргізудің нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдағы проблемаларды талдау, сараптау негізінде балалар мен педагог кадрларымен жұмыс жасау сапасын арттыруға болады.

Болашақта мониторингтік зерттеу жүргізілуіне байланысты тәжірибені ескере отырып, жұмыста тек сандық деректер ғана қолданылады. Сонымен қатар дұрыс бағытта жүргізілген педагогикалық талдау мен жоспарлы жүйе мектеп жасына дейінгі балалар мен педагогтердің жетістіктерге жетуін ынталандырып, мектепке дейінгі ұйымның рейтингілік бағасының артуына себепкер болады.

 

Жеткенбаева Рымкуль Толеубаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды
облысы бойынша ПҚБАИ курстан кейінгі қолдау және
инновацияларды енгізу лабораториясының меңгерушісі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.