Бүгін, сәрсенбі, 03 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайында игілікті шара болды. Ол ЮНЕСКО деңгейінде әйгілі ғалым Менделеевтің элементтердің периодтық кестесін ашқанына 150 жылдығына орай өткізілді. Химия ғылымдарының кандидаты, Phd докторы, Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің «Қолданбалы химия институтының» директоры Сүлеймен Ерлан Мэлсұлы аталмыш сарайдың «химик-зерттеуші» үйірмесінің жетекшісі екен. Сол кісі сарайдың төртінші қабатындағы 431-кабинетте өзінің талай жылғы ізденістерінің нәтижесінде Менделеев жүйесін заманауи 4д кескінімен бейнелеуінің таныстырылымын өткізді. Шараға идеяны қолдаған мекеме директоры Ербол Ісләмұлы Іргебаев, ЕҰУ-дің жаратылыстану факультетінің деканы Шапекова Нейля Лұқпанқызы, қызығушы қауым қатысты. Нейля ғалым бұл көріністі ЕҰУ-дің фойесіне орнатуға қаржы табатынын мәлімдеді.
Элементтер жүйесін Қазақстан картасында қай жерде екенін, теледидардан көрсетіп, нақты заттармен қолмен ұстатып, визуалды түрде өте көрнекті етіп жасапты. Мәселенки, периодтық жүйедегі 80-элемент сынап екен. Сондағы ұяшыққа кәдімгі қолайнаны және құрамында сынабы бар басқа заттарды қойған екен. 50-элемент қалайы, одан бұқтырылған ет консервілерін (90-жылдары Арктикадан табылған, ішіндегі ет бұзылмаған екен) жасайды. Осының бәрі оқушылардың қызығушылығын арттыратыны анық. Танымдық өрелері биіктейді. Отансүйгіштік сезімдерін шыңдайды.
Елімізде элементтердің 89% бар екен. Жалпы 118 элемент. Ғалым Ерлан осы шикізаттарды өндеп, дайын өнім ретінде өткізсе нұр үстіне нұр болатынын тілге тиек етті. Шара барысында оқушылар мен ЖОО-лардың I, II курстардың арасында химия саласында конкурстың қатысушылары марапатталды. 1-орынды бас қаламыздың №1 мектеп-лицейінің 11-сыныпқа көшкен оқушысы интернетке «Кимикалс КЗ» (бұнда элементтерді 3д форматта тамашалауға болады) жасаған, келешекте химия мен компюьтер ғылымының маманы болуды армандайтын Кутеладзе Иосиф жеңіп алды. Жеңімпаз диплом мен медаль және бірнеше күн Зерендіде демалу мүмкіндігіне ие болды. Демалу мүмкіндігін ЕҰУ-дің ғалымы Шапекова Нейля сыйлады.
Ерлан ғалым периодтық жүйені әйгілі кәсіпкер Билл Гейтстің кабинетінде көргендіктен, өзіне осындай танымдық идея ойына келгенін жеткізді. Яғни, отандасымыз Ерлан Мэлсұлы химия саласын өркендетуге зор үлес қосып жүр. Бұл пікірді жетекші ЕҰУ-нің химия саласының ғалымы Нейля Лұқпанқызы баса айтты.
Міне, бүгін мен осындай бір маңызды шарада болып, болған оқиғаны оқырмандарға жеткізуге асықтым. Бұл идея жастардың химия ғылымына қызығушылығын арттыратыны сөзсіз.
Ұлжанов Келдібай
«Білім айнасы» газеті