Home » Жаңалықтар » Lesson Study — мұғалімнің шығармашылық алаңы

Lesson Study — мұғалімнің шығармашылық алаңы

Қарағанды қаласында өткізілген «Зерттеу жобаларын жүзеге асыру арқылы Қарағанды облысының педагогтарына курстан кейінгі қолдау көрсету» семинарының екінші күні Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатында өтті.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы Қарағанды қаласындағы филиалының  директоры О.Г. Сурначева мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының директоры С.А. Сұлтанов  өзара келісім шартқа отырып, Lesson Study жобасын мектепте іс-жүзінде жургізуге келіскен болатын. Қарағанды облысының Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Сабақты зерттеу» тәсілін облыс мектептерінде ендіру  жобасы аясында тәжірибе алмасу іс- шаралары  жалғасын тапты.

Қазіргі таңда Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернатында Lesson Study жүйесі бойынша мұғалімдер арасында жеті зерттеу тобы жұмыс жасауда. Әр топтың мақсаты әр түрлі өзекті тақырыптарды қамтиды. Мұғалімдер  өздерінің бірлесе отырып құрған жоспарлары бойынша кезең-кезеңмен үздіксіз жұмыс жасауда. Зерттеу сабағы барысында Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Байжігітова Төлеубике  Рымханқызы және мектеп әкімшілігінен осы жүйенің іске асуын қадағалап отырған мектеп менеджері Садуова Жазира Қазыбекқызы зерттеу сабақтарына қатысып,  талдау-талқылау кезеңдерінде өз ой-пікірлері мен жаңашыл идеяларын бөлісіп отырады.

Жоғарыда айтылған  жоба негізінде   «Lesson Study – оқыту мен оқуды тиімді іске асырудың ынтымақтастық жүйесі» тақырыбымен  шеберлік сағаты болып өтті.

Lesson Study жүйесін іске асыруды үйрету мақсатында Қарағанды облысының түкпір-түкпірінен мектеп мұғалімдері қатысушы ретінде келсе, республиканың әр облысынан ПШО-ның директорлары бақылаушы ретінде қатысты.

Н.Нұрмақов атындағы ММИ Lesson Study әдісімен жуйелі түрде қарқынды  жұмыс жасап жатқандықтан шеберлік сағаты барысында  өз тәжірибесін іс жүзінде көрсетіп өтті.

Шеберлік сағаты 5 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде Педагогикалық шеберлік орталығының басшысы  Қасымбеков Е.Қ., Қарағанды облысының ББ жетекшісі Иманғалиев Е.Н., ПШО-ның директоры Сурначева О.Г.  алғы сөз сөйлеп, мектеп менеджері Садуова Ж.Қ  «LESSON STUDY — мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру және оқыту мен оқуды жетілдіру әдісі» тақырыбында келген қонақтарға мектеп іші зерттеу жұмыстарымен таныстырып өтті.

Екінші бөлімде «Педагогикалық мозайка» атты эксперт топтардың жұмысы басталды. Шеберлік сағаты жан-жақтан келген қонақтарды бір-бірімен таныстыру тренингтерімен басталып, қатысушылар төрт топқа бөлінді. Әр топта жетекшілік ететін  Н.Нұрмақов мектебінің мұғалімдері қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, жүйелі түрде жұмыс жасауына ықпал етіп отырды. Әрбір топтың міндеті өзіне бөлінген тапсырманы жақсы меңгеріп, осы білімі бойынша берілген мозайканы құрастырып шығу болатын. Қатысушы мұғалімдердің барлығы  белсенді түрде жұмыс жасап, өз тапсырмаларын жоғары деңгейде қорғап шықты.

«Бір шаңырақ астында» атты кері байланыста ұстаздар бірігу, ынтымақтасу, бір мақсатпен жұмыс істеу әрқашанда оң нәтиже беретіндігін іс-әрекетпен дәлелдеп, бір-бірлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шеберлік сағатының соңында  қатысқан барлық қатысушыларға әрқайсысына әртүрлі номинациямен шағын сыйлықтар және өнім ретінде Н.Нұрмақов мектеп-интернаты «media-club» үйірмесінің оқушыларының арнайы басып шығарған Лессон Стади зерттеу топтарының жумыстарымен таныстыратын  шағын кітапшалар тарту етілді.

Лессон Стади әдісінің қазақ мектептерінде іске асуын көздеп, шеберлік сағатына мектеп ұстаздары: Касимова М.Х, Елубаева А.А, Тапенова А.С, Жалмагамбетова Л.М., Тулешова Қ.А., Цемох С.М.  шын ынталарымен, шығармашыл идеяларымен  зерттеу сабағының барысын іс жүзінде көрсете алды.

Ұстаздар өз білім қоржындарына керекті әрі маңызды тәжірибе жинақтап, ризашылықтарымен қоса, әрі қарай бірігіп жұмыс жасауды жалғастыруды ұсынды.Осыған орай Н.Нұрмақов мектебінің ұстаздары алдағы уақытта «ауыл-қала» жобасы бойынша облыс мектептеріне шеберлік сағаттарын өткізуді көздеп отыр.

Жоғары санатты математика пәні мұғалімі,
Педагогика  ғылымдарының магистрі,
Елубаева Алтынкуль Алтынбаевна,
Жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Темирова А.А.
Қарағанды қаласы,
Н.Нұрмақов атындағы ММИ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.