Lesson Study – мұғалім тәжірибесі саласындағы білімді жетілдіруге бағытталған, сабақтағы іс-әрекеттегі зерттеудің ерекше үлгісі болып табылатын педагогикалық тәсіл.
«Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы К.Н.Шамшидинова «Біз мұғалімдердің кәсіби қауымдастығын құруды қолға алудамыз, өйткені ол педагогикалық құрамның кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға үлкен серпіліс беруіне әсер етеді. Бұл орайда тек қана мұғалімнің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, сонымен қатар оқушыға педагогикалық қолдау беру қажет» деп атап өткендей, мектептерде Lesson Study – ді жүзеге асыру үшін құрылған мұғалімдер топтарын шағын қоғамдастықтың бастауы ретінде қарастыруға болады. Осы тәсілді қолдана отырып, мұғалімдер демократиялық түрде сабақты зерттеп, оны зерделеу барысында оқыту мен оқуды жетілдіру арқылы өзінің кәсіби шеберлігін дамыта алады.
Lesson Study тәжірибелі мұғалімдермен қатар, еңбек жолын жаңа бастаған мамандарға да кәсіби жетілуге көмектеседі. Себебі бірлесіп жоспарлау, бірлесіп қадағалау, бірлесіп талдау арқылы мұғалімдер оқыту туралы бірлескен пікір қалыптастырады. Бұл жағдайда оқыту аспектілерін жеке ұстаным тұрғысынан ғана емес, Lesson Study дайындаған әріптестерінің көзімен де қарастырады, соның нәтижесінде Lesson Study барысында бақылаған нақты сабақты жеке жоспарлаған сабақтарымен салыстырады. Бұл мұғалімдерге өздерінің әдетте мән бермейтін, елемейтін немесе «шеттетіп тастайтын» не болжамды білім ретінде сақталып қалатын нәрселерді аңғаруларына түрткі болады.
Мұғалім осы үдерісті жүзеге асыру барысында бірлесе жоспарлап, бақылаған сабақтарында өзіндік бағалау дағдыларына аса мән беруі керек. Негізінен жоспарланған іс-әрекеттерді оқушылар қалай қабылдады?, Несімен тиімді және тиімсіз болды? Қандай өзгерістер мен жетілдірулер енгізуге болады? Тағы да нелер ескерілмей қалды? т.б. осындай сұрақтарды жиі қою керек, ал оқушылар мен әріптестерінің кері байланыстары арқылы өзара бағалаулар жүргізіліп жетілдіру жолдарын ұсынғанда ғана мұғалім даму жолына жол ашады. Демек желілік қауымдастықтың дамуын қолға алу мектеп мұғалімдерінің шағын топта жұмыс істеу мәдениеттерін қалыптастыру арқылы қалануы керек деп ойлаймын.
Бұл – жаңашылдық, дамуға жол сілтейтін бағыт, 21 ғасыр адамдарының бойында қалыптасатын негізгі дағдылар, сыни ойлау, топта жұмыс істеу, шығармашыл қолдану, өмір бойы білім алу дағдыларын қалыптастыратын тәсіл. Сондықтан бұны ілгерлемелі қолға алу үшін келесі факторлардың да әсерлері басым. Ендеше берілген диаграммадан осы үдерісті енгізетін әкімшілік қолдауы, сарапшы әріптестердің болуы, жағдайлардың жасалуы мен өткізуге қызығушылық танытып отырған мұғалімдер санының басымдығы – өте жақсы көрсеткіштер кепілі, дегенмен де білімнің жетіспеушілігінің төменгі пайызы мұғалімдер тарапынан көп кедергілерді келтіреді.
Сондықтан мұғалімдер үшін ең бірінші қадам ретінде теориялық материалдармен қоса практикалық тәжірибені зерделеуге қолдау көрсетіліп, оқытатын коучинг, тренингтер, шеберлік-сыныптар жүргізілуде. Дегенмен де бұның бәрі теориялық негізде өткізу барыстарына көп тоқталады. Өткізу барысы мен тәжірибе жүзінде іске асыруға қажетті іс-әрекеттер көбіне сабаққа кіру мен бақылау арқылы, қажетті құжаттарды толтырумен аяқталады. Бірақ көңіл аударсаңыздар, бұл үдерістің басты мақсаты – мұғалімдердің бірлесе жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру арқылы бірлесе жоспарлау барысында кәсібиліктерін арттыру, ал қазіргі жағдайларда көбіне бірлесе жоспарлауға уақыт таба бермейді, сондықтан дайындаған бір мұғалімнің сабағына кіріп сол сабақта оқушыларды бақылауға алады, үдеріс басым жағдайда формальді жүреді және әртүрлі көзқараспен қарайды. Солардың бірі – мұғалімдердің басым бөлігі 3 оқушыны бақылауға алатындықтан, бұл үдерісті оқушыны зерттеумен шатастыратындықтарында. Бұл үдерісте басымырақ 3 оқушының қабылдауы арқылы сабақты зерттеу жүзеге асады. Жалпы Сабақты зерттеу тәсілі арқылы сабақты талдау барысының маңыздылығы жоғары, себебі талқылау кезінде сындарлы ұсыныстар беріледі, соның нәтижесінде келесі сабақтың іс-әрекет алгоритмі қалыптасады. Осы арқылы мұғалімдер өздері байқамайтын өзгерістерді бақылаушылары арқылы ескеріп сабақты жетілдіру жолдарын жүзеге асырады.
Негізінен осы жұмыс нақты қолға алынған жағдайда, әр оқушының қажеттілігін, олардың жаңа білімді қабылдай алу іскерлігін ескере отырып, әр түрлі ресурстарды қолдану қажеттігіне, тапысрмалардың іріктелуіне, мұғалім қолдауының қажеттілігіне көз жеткіземіз, себебі, біреуі естіп, біреуі көріп, ал кейбіреуі өз қолымен жасап қабылдайды. Әрқайсысының деңгейі әрқилы. Осы кезде саралауды дұрыс ұйымдастырып, оқушыларға дер кезінде қолдау көрсете білу өте маңызды екенін аңғарамыз, ендеше сабақты зерттеу кезінде саралаудың маңыздылығына тағыда тоқтау қажет.
Жалпы осы мақаланы жазуға себеп болып отырған мәселе – мұғалімдердің Lesson Study-ге қатысты көзқарастарын анықтау еді. Ендеше алдыңғы берілген көрсеткіштерден көзқарастың оң екенін байқауға болады. Сонымен қатар, курс барысы кезінде мұғалімдермен жүргізілген пікірлесу кезінде де, біз мұғалімдердің теориялық ақпараттан гөрі тәжірибе жүзінде көзбе-көз көру жоғары сұраныс тудыратынын білеміз. Себебі, олар «көзбен көре отырып, нені жақсарту керектігін анықтаймыз», «қандай да бір тәсілдің өзгеше қабылдануы мен берілуін көреміз» деген пікірлер ұсынады. Сондықтан болар, көбіне әріптестерінің сабақтарына қатысқанды қалайды. Демек апталық, 10 күндіктерде ұсынылатын ашық сабақтармен қоса, мектеп ұжымын ынтымақтастыру және бірлесе жоспарлауға жұмылдыру үшін Lesson Study-дің әдістемелік арасында өткізе отырып ашық сабақ ретінде ұйымдастыру тиімді болары анық.
Сонымен, мақаламды Левистің сөзімен аяқтағым келеді: «Сабақ – зерттеудің қарапайым идеясы. Егер сіз оқытуды жақсартқыңыз келсе, онда басқа мұғалімдермен жоспарлауды, бақылауды, сабақты талқылауды бірлесе жұмыс істеуден басқа тиімді жолын таба алмайсыз».
Сагадиева Кенжегуль Биахметовна
Қостанай облысы, Қостанай қаласы
Педагогикалық шеберлік орталығының,
тренері