Home » Назарбаев Зияткерлік мектептері (Назарбаев Интеллектуальные школы) » Lesson Study-ді жаратылыстану пәндерінде бірлесіп қолданудың артықшылығы

Lesson Study-ді жаратылыстану пәндерінде бірлесіп қолданудың артықшылығы

Қазіргі заманда Lesson study әлемге танымал педагогикалық тәсілдердің бірі. XX-шы ғасырда Жапониядағы мұғалімдер Lesson study-ды көп уақыт тәжірибеде қолданған. Ал 1999 жылдан бастап Жапониядан «Оқудағы олқылықтар» (Teaching gap) кітабы жарыққа шыққан соң бұл тәсіл туралы бүкіл әлемнің басқа мемлекеттеріндегі мұғалімдер де танысып, сабақтарында қолданыла бастады.

Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеруде, білімін жетілдіруде, тәжірибе алмасуда өте тиімді зерттеу сабағы болып табылады.. Lesson Study тәсілін сабақта қолдану арқылы оқушылардың оқудағы белсенділіктерін арттырып қана қоймай, мұғалімдерге әріптестерінің  зерттеу сабағын бақылауға, бақылау барысында жақсы әдіс-тәсілдермен бөлісіп, оны болашақта шығармашылықпен қолдануға мүмкіндік туады.

Біздің мектебімізде 2017-2018 оқу жылының басынан бастап Lesson Study педагогикалық тәсілі туралы мектепішілік курстар ұйымдастырыла бастады. Курс тренерлері Алипова А.Т. мен  Аманкулова Ш.М. Lesson Study зерттеу сабақтарын жүргізудің  ерекшелігі мен артықшылығын бізге түсіндіріп, зерттеу сабақтарын жоспарлау мен кезеңдері туралы ақпаратпен таныстырып, бізге бағыт-бағдар беріп отырды.

Бір сыныпқа сабақ беретін әріптестерімізбен сұхбаттаса келе, бірігіп Lesson study зерттеу сабақтарын жүргізу туралы шешімге келдік. Зерттеу топ мүшелері: математика пәні мұғалімі — Сыздыкова Г.К., биология пәні мұғалімі -Бугуева Р.Н., география пәні мұғалімі — Жанатова А.Ж., химия пәні мұғалімі — Рисметов Б.А.

Зерттеу мәселесі: 7«А» сыныбы бойынша математика, химия, биология және география пәндерінде А.Т. және Е.Е. есімді оқушылардың пәндік ақпаратты қабылдаулары не себепті түрліше екенін анықтап, қиындықтарды жеңу үшін алынды.

Зерттеудің мақсаттары:

— жаратылыстану пәндері бойынша сабақ жоспарлауда оқыту мен оқудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы оқушының оқудағы белсенділігіне ықпал ету;

— деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында оқушыларға кері байланыстар арқылы қолдау көрсету.

Фокус-топ: 7 «А» сыныбы (2-топ), бақылау барысында анықталған «нысаналы» екі оқушыны және үш деңгейдегі әр түрлі үш оқушыны зерттеуде үшінші, жоғары деңгейлі оқушыны қостық.

Зерттеудің ұзақтығы – 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларын қамтыды.

Әрбір топ мүшесі екі сабақтан өткізді, барлығы сегіз сабақ жүргізілді.

Lesson Study зерттеу сабақтарын жүргізу туралы шағын жиналыстан кейін география пәнінен «Халық тығыздығы» деген тақырыпқа зерттеу сабағын өткіздім. Осы тақырып біздің зерттеу тобымыздың пәндері: биология, математика, химия  пәндерімен тығыз байланысты болғандықтан, оқушылардың басқа пәндерде алған білімдері мен дағдыларын география сабағында қолдана алуларын саралап, белсенділіктерін арттыру мақсатында таңдалды.

Сабақты  тақырыбы мен мақсатын оқушылардың назарын халық тығыздығы түрлі елдердің фотосуреттерін көрсету арқылы аштым. Сабақтың мақсатын визуализациялау үшін оқушыларға фишкалар тарату арқылы оларды ауданы бірдей шеңберге әртүрлі орналастырып, топтарға бөлдім. Бір шеңбер бір шаршы шақырымға сәйкес келетінін  түсіндіре келе, не себепті әр шеңберде адам саны түрліше болатынын оқушылардан ауызша сұралды. Оқушылар  сыни тұрғыдан ойлананып, климат, теңізге жақындығы, экономикалық-әлеуметтік  жағдай деген сияқты түрлі себептерді ашып, жауап берген соң, ББҮ кестесін толтырды. Осылайша халық тығыздығы сөзінің мағынасымен танысып, есептелу формуласы анықталды.

Жаңа сабақ барысында оқушыларға түрлі мемлекеттердің жер көлемі мен халқының саны туралы мәліметтер таратылып берілді, оқушылар жұпта жұмыс жасап, осы мемлекеттердегі халық тығыздығын есептеді. Мемлекеттердегі 1 шаршы шақырымда тығыздық қандай болатын анықтау барысында А, В, С деңгейдегі оқушылар математика сабағында алған дағдыларын кеңінен қолданып, еш қиындықсыз есептерді шығарды.

Топтық жұмыс барысында оқушылар екі топқа бөлініп, картамен жұмыс жасады.  Халық тығыздығы жоғары аудандар мен сирек қоныстанған аудандарды картадан көрсетіп, себебін дәлелдеді. Картадан алған мәліметтерін қолдана отырып,  «SWOT» талдау әдісі арқылы «Халық тығыздығы жоғары және сирек аудандар және осыған байланысты туындайтын мәселелерді» талқылады.

Сабақ соңында оқушылар  сабақ басындағы өздерінің  ББҮ кестесін толықтырып, мұғалімге өткізген соң, «Көңіл күй күнделігі» арқылы сабақ соңындағы көңіл күйлерімен бөлісті.

Сабақ соңында зерттеу топ мүшелері сабақтың психологиялық қарым-қатынасы, тапсырмалар оқушы жасына сай құрастылғанын айтты. Және тапсырмалармен, картамен жұмыс жасау оқушылардың сыни көзқарастарын дамытуға, талдау, болжам жасай алуға жетелегенін айта келе, ұсыныс ретінде:

Келесі сабақта В дейгейіндегі оқушының ұяңдығын жеңіп, өз-өзіне сенімділігін арттыру мақсатында топтық жұмыстың басқа үлгілерін қолдану және жұмыс барсысында топбасшы рөлін беру, өз ойын еркін жеткізуге жетелейтін тапсырмалар мен сұрақтарды құрастыру туралы және Е.Е. есімді 3-деңгейлі оқушының отбасы, сабақ үлгерімі туралы сынып кураторымен сұхбаттасу керектігі айтылды.

Айтылған ұсыныстар мен әр оқушының сабақ барысындағы іс-әрекеттерін саралағаннан кейін сынып кураторымен сұхбаттасып, Е.Е есімді оқушының қаланың сыртында мектептеп қашық тұратындығы және сабақта зейінінің жеткілікті деңгейде шоғырланбау себебі оқушы бастауыш сыныптарын Қытай мемлекетінде оқыған, сондықтан жазу, оқу дағдыларында қиындық бары анықталып, шетелден келген қандасымыз екенін білдім. Ал В деңгейіндегі оқушы отбасында ерке, ата-анасы үнемі баласына қолдау көрсетіп отыратындығы, әлеуметтік жағдайы өте жақсы және сыныптағы оқушылар арасында өз беделі бар оқушы екенін анықтадық.

Келесі сабаққа бірінші сабақта айтылған ұсыныстарды ескере отырып, топтық, жұптық жұмыстың белсенді басқа да түрлерін ұйымдастыру арқылы жоспараланып, жұптық, топтық және жеке жұмыстың түрлі формаларын қолдануды сабақ жоспарына енгіздік.

География пәні бойынша екінші сабағым  «Дүниежүзі халқының нәсілдік құрамы» атты тақырыпта өткіздім. Сабақтың тақырыбы әртүрлі нәсілдердің ішінен шыққан атақты тұлғалардың портіретін көрсету арқылы ашылды. Сабақтың тақырыбы ашылған соң, сабақтың мақсаты мен бағалау критерийлерімен таныстырдым. Оқушылардың алдыңғы сыныптардағы білімдерін тексеру және еске түсіру  мақсатында оқушыларға «социометрия» бағалау жұмысын таратып бердім. Социометрия бағалау жұмысына оқушылар нәсілдер туралы алдыңғы білімдерін өздері бағалаған соң диалогтық әдіс арқылы оқушылармен әңгімелесе отырып, сұрақ-жауап арқылы алдыңғы білімдерін ауызша тексеріп, әр оқушыға кері байланыс бердім. А деңгейіндегі оқушы белсенді, нәсілдер туралы білімін еркін жеткізіп отырды. В деңгейіндегі оқушы өзінің алдыңғы білімін бағалауда өзіне сыни тұрғыдан қарап, нашар бағалаған. С деңгейіндегі оқушы өз білімінің бұл тақырып бойынша аз екенін көрсеткен.

«Социометрия» өзін-өзі бағалау әдісі

Сабақ басында

Мен білемін……12345
Негізгі нәсілдер туралы…
Нәсілдердің сырт келбеті туралы…
Аралас нәсілдер туралы және олардың таралған аймақтары туралы…
Нәсілдердің теңдігі туралы және теңдігі үшін күрескен ғалымдар туралы…

 

Жаңа сабақ бойынша оқушылар жұппен жұмыс жасап, нәсілдердің сыртқы келбетіне әсер еткен климаттық факторларды анықтап, сыртқы келбеттеріндегі айырмашылықтарды биология, тарих пәнінде өткен білімдерімен байланыстырып өз беттерінше жұпта кесте толтырды. Тапсырманы орындау барысында тек С деңгейіндегі оқушыға ғана көмек қажет болды. Сыныптың көпшілігі мұғалімнің көмегінсіз өз беттерінше орындай алды. Тапсырма орындалған соң оқушылар нәсілдердің барлығының ақыл-ойы, қан құрамы тең, тек сырт келбеті арқылы ғана айырмашылық жасайды деген қорытындыға келді.

Топтық жұмыс барысында оқушылар «диктоглосс» тәсілі арқылы нәсілдердің теңдігі үшін күрескен Михлуко-Маклай туралы дерек көзімен жұмыс жасады. Мәтінді  А.Т. есімді оқушы сынып алдында мәнерлеп 2 рет оқыды. Оқушылар өздеріне кілт сөздерді жазып алып, кейін топта ақылдаса отырып, түртіп алған жазбалары арқылы сөйлемдерді құрастырып, бастапқы түпнұсқасына неғұрлым ұқсастырып, мәтінді қалпына келтірді. Әр топ өз азат жолын құрастырып, мәтінге тақырып қойды. Қатемен жұмыс жасау кезінде оқушылар мәтінді бастапқы түпнұсқасына келуде өздерінде кездескен кедергілерді атай келе, есте сақтау аудиалды қабылдауларын дамыту керек екендіктерін аңғарып, өздерін сыни тұрғыдан бағалады. Е.Е. есімді оқушының таңдалыммен есте сақтау қабілеті жоғары екенін көрсетті. А дейгейіндегі оқушы өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсете алды.

Сабақ соңында сабақты қорытындылау ретінде «Ақиқат-Жалған» тапсырмасын берілді, оқушылар өз білімдерін тексеріп, жұпта бірін-бірі бағалады. Қатемен жұмыс жасалды. Мұғалім әр оқушының бағалауларын тыңдап кері байланыс берді. Сабақ соңында оқушылар «социометрия» бағалау парағы арқылы сабақ соңындағы өздерінің білімін шкала арқылы бағалап, өздерінің білімдерін сабақ басындағы және сабақ соңындағы біліммен салыстырып, өздерінің бүгінгі сабақ бойынша білгендерін рефлексия жасады.

Бақылаушы мұғалімдер С деңгейіндегі оқушының тапсырмаларды орындауларын бақылай келе оның география пәніне қызығушылығы жоғары екенін аңғарып, өзін В деңгейдегі оқушылармен бірдей өзін көрсете алғанын баяндады. А деңгейіндегі оқушы өзін арқашан еркін, белсенді ұстайды,  сыныпта әрдайым топ мүшелері мен сынып оқушыларына қол ұшын беріп отырды. Ал В деңгейіндегі оқушы тапсырмаларды дұрыс орындады, мәтінмен жұмыс жасады, мәтінді бастапқы қалпына келтіруде топ мүшелеріне жеткілікті деңгейде көмектесе алмай, тұйықталып қалды. Бірақ басқа кестемен жұмыс жасауда, нәсілдердің таралуын картадан көрсетуде, «Ақиқат-Жалған» тапсырмасында барлығын дұрыс орынғанын айтты.

«Дүниежүзі халқының нәсілдік құрамы» тақырыбы бойынша Lesson Study зерттеу тобының мұғалімдері сабақ барысында әр оқушының білім алудағы қажеттіліктері ескерілгенін және жеке, жұптық, топтық жұмыстарды сабақта қолдану оқушылардың белсенділіктерін арттыруға көмектескенін  және кері байланыс сабақ барысында үнемі, орынды беріліп отырғанын айтты. С деңгейінгеді оқушының география пәніне деген қызығушылығы жоғары екенін байқап, басқа пәндерде географиямен байланысты тапсырмалар беру керек екен деген шешім қабылдады.

Ұсыныс ретінде В деңгейіндегі оқушының мектеп психологынан ақпаратты қабылдау картасымен танысу, шығармашылық қабілетін анықтау керектігі айтылды.

Нысаналы оқушылар бойынша зерттеу нәтижелерінің қорытындысы:

-Т.А. есімді В деңгейлі оқушының психологиялық «Айзинг» тестілеуінің нәтижесі бойынша, ол — меланхолик, сондықтан да ол тұйық, жаңа ортада қатты қысылады екен. Ол қалыпты жағдайларда өте еңбекқор, өмірмен байланысты тапсырмаларды жақсы орындай алады, терең мазмұнды адам. Ал, жаңа ортада қатты қысылады, таныс емес адамдармен сөйлеспейді, әрі жағымсыздық жағдайларда көңілсіздік пен қысылу пайда болады, өз бетінше жұмыс жасау дағдысы қалыптасқаны анықталды. Топта жұмыс жасағанды ұнатпайды. Және қазақ тілінде айтылғандардың барлығын ойында орысшаға аудару арқылы орысша ойлауы, содан ойын қазақша жеткізуінде қиындықтар туындайды екенін анықтадық.

С деңгейіндегі оқушы деп алған Е.Е. есімді оқушы:

1) 7«А» сыныбының кураторымен әңгімелесу барысында Е.Е. есімді оқушының Қытайдан келген қандасымыз екендігі анықталды, әрі ата-анасы үнемі қолдау көрсетіп отырады, отбасылық жағдайы орташа екен.

2) Әріптестердің бақылауы бойынша, ол – көршісіне және басқа жұпқа да көмектескенді жақсы көреді.

3) Психологиялық «Айзинг» тестілеуінің нәтижесі бойынша, холерик.

Әр нәрсеге құштар, істі бастағанда, тез және беріліп істейді де, түрлі кедергілерден жеңіл өтеді. Өте ұстамсыз, қарапайым қиыншылықтар үшін күйіп-піседі. Агрессиялық күйден қайта қалпына келгенде, олай істеуге болмайтынын түсінеді.

4) Сабақтағы пәндік ақпараттарды «күйгелектіктен» шала-шарпы қабылдайды, дегенмен де оқытудың белсенді әдістері мен тәсілдерін қолдану барысында өз білімін толықтыра түседітіндігі анықталды. Зерттеу топ мүшелері 7 «А» сыныбы туралы және «насаналы»  оқушылар туралы қажетті ақпаратпен танысып, ой-елегінен өткізіп, оның сабақтағы белсенділіктері мен үлгерімдеріне әсерін зерделеп, оқушылардың әрқайсысына қандай тәсілдерді қолдану керектігін түсіндік.

Қорытындылай келе, Lessen study зерттеуі арқылы біз мұғалімді емес, оқушылардың іс-әрекеттерін  бақылау арқылы оларда кездескен қиындықтардың себебін түсіндік. Сабақты жоспарлау, жоспарды талқылап, талдау, сабақты өткізу, ұсыныстарды ескеру арқылы келесі сабақты қайта жоспарлау арқылы және сабақты жақсарту жөніндегі жаңа идеялармен бір-бірімізден алмасып, тәжірибеміз бен біліктілігімізді арттырдық. Куратор мен психологпен әңгімелесу арқылы оқушылардың отбасылық жағдайы, мектептен тыс ортада өздерін ұстауы туралы көптеген ақпаратпен танысып,  әріптестерімізбен өз сабақтарымызға талдау жасау арқылы кері байланыстың баланың білімін жақсартуда, сабаққа деген ынтасын ілгерлетуде маңызын тереңірек ұғындық.

Мұғалім сабақ беру барысында барлық оқушыларды бақылауға тырысқанымен әрбір оқушыны бақылау мүмкін емес, егер  нақты оқушыларды бөліп алып, соларды бақылап отырсаңыз оқушының сабақтағы іс-әрекетін объектівті түрде бағалауға мүмкіндік туады. Сондықтан Lesson Study педагогикалық зерттеу тәсілі оқушылардың сабақтағы белсенділіктері мен оқу үлгерімдерін жақсы нәтижеге жетелеуде үлкен рөл атқарады. Кейде оқушы тарапынан сабақ барысында қателіктер мен олқылылықтар туындап жатса да, мұғалім үшін оның себебін білу, оқушының ішкі жан дүниесін тереңірек түсіну мүғалім үшін аса маңызды.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Т. Чичибу (Жапония), Л. Ду Тоит (Оңтүстік Африкалық Республикасы), А. Тулепбаева (Қазақстан Республикасы). Lesson Study бойынша мұғалімдерге арналған нұсқаулық= Руководство для учителей по реализации подхода Lesson  Study= Handbook for teachers on Lesson Study/ағылшыншадан аударылған / Чичибу Т., Ду Тоит Л., Тулепбаева А.-Астана: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның  Педагогикалық шеберлік орталығы, 2013
  2. Пит Дадли, Lesson Study: нұсқаулық.
  3. Мұғалімге арналған нұсқаулық, II (орта) деңгей, бірінші басылым, 2012ж.
  4. Мұғалімге арналған нұсқаулық, «Тәжірибедегі рефлексия», 2016ж.

Жанатова Алия Жанатовна

                   география пәні мұғалімі

АЛМАТЫ қаласы ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.