Жаратылысынан жаны таза, намысқой, сөзге шебер, бір ауыз сөздің қадіріне жете білген ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы қандай болуы керек?! Өз елінің баға жетпес мұрасы, төлқұжаты, ұлттық мәдениетінің коды – ана тілін, яғни қазақ тілін жетік білетін, оның сан түрлі қыры мен сырына бойлай алатын тілдің жанашыры, жазу-сызуға сауатты, жетік тұлғасы атануы – үлкен борыш. Сөйлеу мен жазуды айқындап, ойды кемеліне келтіріп, ортақ жетістікке айналуының негізгі көрсеткіші – жазу. Мәдениет те, әдебиет те – жазу арқылы дамитын ғылымның басты тетігі.
Әліпби ауыстыру – ана тілімізді басқа тілге (латын тіліне) алмастыру емес, тілімізді түлетіп, қоғам сұранысына сай ету, қолданыс аясын арттырып, осы заманғы ғылыми-техникалық тұрғыдан дамуға икемді тіл ету, тіліміз халықаралық сипат алады. Туыстас түркі тілдерімен қарым-қатынасты нығайту, заманауи техника тілін меңгеру үшін латын әліпбиін таңдауымыздың түпкілікті себебі – осы.
Тіл табиғатын сақтап, даму заңдылығын бірізді етіп, тілдің табиғи заңдылығына негіздеп, фонетикалық жүйесін реттеп, орфография қалыпқа келтіріледі. Мектеп қабырғасындағы кейбір теориялық ережелерді заңдастыру, қалыптастыру қажеті артады.
Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру кезінде ең алдымен, ұлттық тілдің табиғатын, тазалығын сақтау, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында таңбалап бере алатын графиканы енгізу, ұлттық жазу мен тілдік қорды сақтап қалу. Жаңа әліпби бүгінде саны екі жүз миллионнан асатын түркі тектестердің басын қосатын фактор. Қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді, әлемдік ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді болады. Осының барлығы, елдігіміздің тұғырлы болуы мен ұлттық құндылықтарын сақтауға, рухани болмысының жандануы мен жаңғыруына тамаша жағдай туғызады.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2017 жылы латын әрпіндегі қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді ұсынды, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау жоспарланды. Осыған орай, бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшудің қызу қарқынды жұмысы басталып та кетті. Республикалық, облыстық, қалалық, тіпті шағын аудандарда ұйымдастырушылық, ғылыми және өзге де түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Республика көлемінде өтіп жатқан конференциялар мен дөңгелек үстелдерде филолог ғалымдардың қатысуымен латын әліпбиіне көшудің тарихи, әлеуметтік, тілтанымдық негіздері жан-жақты талқылануда. Халықтың пікірін білу мақсатында түрлі зерттеулер жасалды. Латын графикасына оқытушылар мен оқулықтарды әзірлеу, оқу орындарында оқыту, сауаттылық деңгейін көтеру, қазақстандық білім беру саласы әлемдік білім беру мен заманауи кеңістіктегі артықшылықтарға жетіп, даму жылдамдығына ие болды.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты 2018-2020 жж. арналған кезеңдік іс-шаралар жоспарын құрды. Осы жоспарға сәйкес «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары Нұр-Сұлтан қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, Ақмола облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты және Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлескен түрде «Латын әліпбиі – ұлттық бірегейлік пен рухани жаңғырудың негізі» аймақтық ойталқы (28.11.2018, Қарағанды филиалы), «Латын әліпбиіне көшу – рухани құндылықтар бастауы» тақырыбында аймақтық вебинар (21.11.2018 Қарағанды филиалы), «Латын әліпбиі және жазу сауаттылығы» тақырыбында (08.02.2019 Нұр-Сұлтан филиалы) әдістемелік көпір өткізді. Осы аталған іс-шараларда латын әліпбиіне көшу жағдайында жазу сауаттылығын дамытуда туындаған өзекті мәселелер талқыланып, әдістемелік ұсынымдар жүзеге асырылды. Жаңа әліпби негізінде жазу сауаттылығын қалыптастыру жолдарына қатысты Қарағанды филиалында өткен осындай талқылаулар мен шараларға Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің филология факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының мамандары, филиал тренерлері мен бөлім қызметкерлері белсене қатысты. Олар – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.д., профессор Адилова Алмагуль Советовна, Турсунова Мархаба Ахметкалиевна, аталған университеттің филология факультетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к., Қалиев Бектұрсын Аманқұлұлы, университеттің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, ф.ғ.к. және Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығының» Латын графикасына көшу бойынша оқыту және әдістеме бөлімінің меңгерушісі – Жаканова Жупар Рыскуловна. Осындай ынтымақтастықтың нәтижесінің тағы бір мысалы, Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ оқытушылары М.А. Тұрсынова мен З.Н. Жуынтаева авторлығымен «Өрлеу. Үздіксіз білім жаршысы – Өрлеу. Вести непрерывного образования» (№4 (23), 2018) институттың республикалық ғылыми-әдістемелік ақпараттық журналында «Жаңа қазақ жазуы және орфографиялық мәселелер» атты мақала жарық көрді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ қазақ тілі мұғалімдерінің құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда. Қарағандылық «Өрлеу» тренерлері «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайында педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың кәсіби құзыреттілігін дамыту» білім беру бағдарламасының контентін дайындауға атсалысты. Бағдарлама аралас оқыту («Blended learning») форматында жүзеге асырылатын болады. Білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушылары білім беру бағдарламасының теориялық, бейне және таныстырылым материалдарын дайындады. Айткенова М.Б. фразеологизмдердің жазылуына қатысты сауалдар бағытында, Сүлейменов М.Б. – қазақ тілінде дефистерді қолдану мәселелері бойынша дәрістер, таныстырылымдар, қосымша әдебиеттер тізімін дайындады.
БАИ білім беру үдерісін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушылары Айткенова М.Б., Мукушева М.А., Сулейменов М.Б., Тойымбекова Ж.Б. «Жаңа қазақ жазуы мен емлесін қолданудың тәжірибелік негіздері» әдістемелік нұсқаулығын дайындады. Әдістемелік нұсқаулықта қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жағдайындағы педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған біліктілікті арттыру курстарында жаңа қазақ жазуын қолданудың теориялық және тәжірибелік тұрғыдан меңгерту жолдары қарастырылды. Сонымен қатар жаңа әліпби орфографиясының кейбір заңдылықтарын үйрету әдістемесі бойынша кеңестер беріліп, көздағды мен қолдағды машықтарын дамытатын тапсырмалар ұсынылды. Біліктілікті арттыру курстарында оқытушы-филологтармен білім беру бағдарламасын зерделеу латын графикасын тиімді меңгеруге, мектепте орфографиялық нормаларды игеруге, тұтастай алғанда – қоғамның рухани жаңғыруына ықпал етеді.
Цифрлы технологияны қолдануға орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік қоғам филиалдары оқытушылары бірқатар материалдарды жарыққа шығарды. Мәселен, «Төл сөздегі Ю, Я әрпінің жазылуы» (Нұрлыбаева Жанат Лесбековна), «Бейүндес (аралас) буынды сөздер» (Галымжанова Фариза Баккалиевна), «Латын әліпбиін үйренейік» (Айткенова Молдир Болатовна).
Латын графикасына көшу – өркениеттік мәселе. Қазақ тілі жаңа дамуға мүмкіндік, бағыт алып отыр. Осы орайда Қазақстанның латынға көшуі – білім саласындағы орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы реформамен тығыз байланысты. Демек, бұл жаһандану кезеңінде ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұлттық білім жобасы деген ой тұжырымдалады.
Айткенова Мөлдір Болатовна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ аға оқытушысы