Жастар жылының аясында Қазталов ауданына қарасты Ақпәтер жазғы демалыс лагерінде өткен танымдық кездесу қазақтың дәстүрлі ән өнеріне арналды.
Бұл күнгі сырлы сұқбатымыздың қонағы Қазталов ауданының тумасы, Ақпәтер ауылының дарынды ұлы, термеші әрі әнші Бауыржан Меңдешұлы болды. Батыс жұртына танылып келе жатқан жас өнерпаздың өмір жолы мен өнер жолы біздің әңгімемізге арқау болды.
Қазақтың қара домбырасын арқалап, төл өнерімізді насихаттап жүрген замандасымыз сұрақтарымызға шынайы жауап қатып, ой-пікірімен бөлісті. Тағылым мен насихатқа толы термелерден бір шертіп, жас ұрпаққа ой тастағандай болды. Басын Мұхиттан бастап, одан бері жерлесіміз Қатимолла Бердіғалиевтің мол мұраларын жалғастырып, солардың өнерін жалғаған Бауыржан ән өнерінің жоқтаушысы іспетті. Кісілігі мен кішілігі келіскен кейіпкеріміз лагерь демалушыларының сауалдарына да жауап беріп, оқушылардың өнеріне тәнті болды.
Өнер иесі бұл күнде ұрпақ тәрбиесінде қалыс қалып жүрген дәстүрлі ән мен терме бағытын оқушыларға тереңінен ұғындырды. Лагерьдегі өнерге құштар өрендер термеде айтылған жыр жолдарының мағынасын ашып, аз да болса танымдарын кеңейте түсті.
Кездесу соңында лагерь басшысы Арай Нариманқызы қадірменді мейманға алғысын білдіріп, шығармашылық жолына табыс тіледі.
Абзал ЕСЕНҒАЗИЕВ,
Батыс Қазақстан облысы