Home » Айтарым бар » Құмар ойындардың құрсауындағы қоғам

Құмар ойындардың құрсауындағы қоғам

Сөзімді Абай атамыздың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» — нақылымен бастадым. Алғы сөзде аңғарып тұрғанымыздай, Абай атамыз 1 ғасыр бұрын ойынның өз бағасын нақтылап берген. Айтқым келгені, бүгінгі қоғам, әсіресе жастардың көпшілігі құрдымға жіберетін құмар ойындарға құмартып жүр…Енді, білек сыбана кіріссек. Бұл бәс тігу ме? Әлде, бас тігу ме?

Ойынқұмарларымыз тайраңдап жүргенде, отбасылардың ойрандалып жатқандығы баршамызға аян. Жаңбырдан соң қаптаған саңырауқұлақтай құмар ойындардың тозағы соңғы 10-жылдықта рекордтық деңгейге жеткен. Бағытына қарай топшылап көрсек, букмекерлік кеңсе деп жүргеніміз бастамасы ғана. Одан бөлек лоторея, карта, казино  орталықтарының зияны шаш етектен төгіліп тұр. Біршама жылдар бұрын Мәжіліс депутаттары « Ойын бизнесі туралы заңда » букмекерлік кеңселер мен карта, лоторея орталықтарының санын азайтып, казино Қазақстанның Қапшағай  қаласы мен Бурабай аймағында ғана орналасу керектігі туралы заң қабылдаған болатын. Айтып – айтпай не керек, бұл заңның өз деңгейінде сақталмай жүргендігі айдан анық. Алысқа бармай ақ, бас қала – Астананы назарға алсақ, заңсыз бизнестің заңғарына шығып жүрген алпауыттар асып жығылады. Бір ғана букмекерлік кеңселердің өзі Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келетіндігін ескерсек, оңай олжа кенелесіз,- деп жар салғыш ойынханаларды түбімен жою қиынның қиыны. Дегенмен, осы заңсыз бизнестің ересектерге ғана емес, қалыптасу жолында жүрген жасөспірімдерге тигізер зияны көп.

Құмар ойын орталығына кіру немесе ойнау 21 жастан жоғары деп көрсетілгенімен, ішінен 16-20 жас аралығындағы жас-жеткіншектерді кездестіруге болады. Себебі, ешбір ойынханаларда күнделікті тексерістер қарастырылмаған. Одан  қалса, көп ойын залдарында ойын автоматтары мен терминалдар,  көптеп орналастырылып, online жүйесінде ойнау да қарастырылған. Ал, жасырын түрде ойнап жүрген балалардың ұтыс алуы ешқандай қиындық тудырмайды. Балғын балалар мен жастар еліміздің болашағы екендігін ойласақ, бұл – айықпас дертпен пара — пар. Ислам дінінде харам делінген құмар ойын орталықтарының құмырсқадай қаптауы көңіл қуантпайды. Тіпті, әрбір көшеден кем дегенде 1-2, не одан көп сайтан үйлерін кездестіреміз.

Шындығында, кез-келген спорттық ойын — салауатты өмір салтын насихаттайды. Ал, оның виртуалды түрін санаға сіңіру, бәс тігіп байып кетем деу – санасыздықтың шыңырауы екендігі көзі ашық, көкірегі ояу адамға  белгілі. Медицина мамандарының айтуынша : ойынқұмарлық – нашақорлық пен алкологольге тәуелділіктен де зиянды. Ойынқұмар адамның жеңіліске ұшыраған сайын депрессияға ұшырап, нерв жүйесіне айтарлықтай зақым келетіндігіне көз жеткізген. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылына Қазақстанда 4000 жуық адам өзіне-өзі қол жұмсайды. Ал, олардың басым бөлігінің өлімі ойынқұмарлықтан болғаны туралы дәлелдер бар. Психологтар ойынқұмарлық дертінен арылу үшін ортаны өзгерту, жақындарымен жылы қарым – қатынас, еңбек пен спортқа ұмтылыс, өзіндік мотивациясы шешуші рөл атқарады,- деп түйіндейді. Демек, ойынға азғандардың өздерін жаман адам ретінде санауы қате ұғым. Үндістанда табылған « Бес бейіт » жәдігерінде жазылғандай: Жалғанда жаман адам жоқ. Қателескен немесе қателесіп жүргендер ғана. Әр адам өз өмірін жақсы арнаға бұра алатындығы айқын. Құмар ойнап қасиетімізді жоғалтпайық ағайын…

 

  Ержігіт Күнтубаев
«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.