«Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда оның мұғалімдігі де жойылады».
К.Д.Ушинский
Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қазіргі білім беру үрдісі адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып, әр адамның өзінің «Менін» сезінуге, толықтыруға көмектесетіндей, сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым – қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуге, белсенділік танытуға ықпал етуі тиіс. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін – әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп, үздіксіз өзгеріп отыруы тиіс.
Мұғалімдер не үшін үздіксіз өзгеріп отыруы керек? – Бұл заман талабы. Мына заман ғылым техникасы ұшқан құстай дамыған, сәл артта қалсаң азулыларға жем болып жоқ болып кететін заман. Біздің бүгінгі тәрбиелеп отырған ұрпақтарымыз ертеңгі ұлт болашағы. Елімізді әлемге танытатын да солар болмақ. Міне осындай ауыр да жауапты міндетті мойнына алған мұғалімдер қауымы өздері үздіксіз өзгеріп, дамып отыруға тиіс емес пе?
Бұрынғы білім беру процесі тікелей мұғалім құзіреттілігіне байланысты, мұғалім білім беруші ал шәкірт соны қабылдап алады. Ал қазіргі білім беру процесінде мұғалім жан – жақты, бес аспап болуы керек. Қазіргі кезде оқушылардың сабаққа деген ынтасы төмендеп, жаңа технологияларға деген қызығушылығы артқан заманда мұғалімдер де сол мүмкіндікті пайдаланып, түрлі әдіс тәсілдерді пайдаланып оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып отыруға бейімделуі керек. Бір сөзбен айтқанда қазіргі мұғалімдер өзгерісті дер кезінде байқай алатын алғыр және сол өзгеріске бейімделе алатын қабілетті болу керек. Бұл жаңа білім беру оқушыларды топпен жұмыс жасау арқылы еркіндікке, бір — бірлерінің пікірін тыңдауға, пікір алмасуға, пікірін еркін жеткізуге үйретіп, топпен жұмыс жасау арқылы олардың білім деңгейін көтеруге жан — жақты ашылуына мүмкіндік берері сөзсіз. Жалпы сөзімді қорытындылайтын болсам, қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Сол себепті әріптестерімді бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу — ұстаздың қолында. Ал қоғамдағы жаңа өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Демек, Қазақстандағы оқу жүйесіндегі басты жаңалық — мұғалімдердің жаңаша форматта білімін жетілдіруі болып отыр.
Құдайбергенова Айнұр Наурызбекқызы
Алматы қаласы «№76 жалпы білім беретін мектеп» Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі