Home » Жаңалықтар » Ғалыммен кездескен күн

Ғалыммен кездескен күн

Бұл күнде елге аты мәлім, Абайтанушы ғалым ағамыз Омар Жәлелұлы жуырда Батыс Қазақстан өңірінде болып, біздің ауданымызға да ат басын бұрды.

Түрлі қым-қуыт заманды бастан кешірген халықтың қатпарлы тарихын санада сүзгілеп, «отарсыздану» дәуіріне бастаған ел зиялысының әрбір сөзі көңілге қонымды. Ана тіліміздің маржан сөздерін тілге тиек етіп, жүрекке жылу сыйлар ойлары кімді болса да ойландырғаны анық. Ел экономикасы ілгерілеп, рухани құндылықтарымыз қайта түлеген шақта осындай көшбасшы азаматтардың ой-пікірі қоғамға ауадай қажет.

Сырттай мағыналы сұқбаттарына қанық болып, еңбектерін оқып жүрген тұлғамен кездесу бақыты бұйырғанына қуандым. Өңірге арнайы келген ғалыммен кездесу шарасының бұл жолғы тақырыбы – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған латын графикасы жайы болды.

Омар ағамыз бұл тақырыпты тым әріден қозғап, байлаулы қаптың күрмеуін кешкендей болды. Тамырын идеологияға тіреп, ұлттық мүдде тұрғысынан баға берді. Саралады, салыстырды, сарапқа салып, өзінің салмақты ойын ортаға салды. Кездесуге келген замандастарымыздың көңіл түкпірінде жатқан күдікті ойларын сейілткен «Қадіріңді біл, қазақтығыңа қайт!»  деген бір ауыз сөзі жүректерге қозғау салды. Бір сағаттық жүздесу аясында хакім Абай атамыз айтқан «үш-ақ нәрсе адамнық қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген теңеуді кеш кейіпкерінің бойынан көргендей болдық.

Абзал СЕРІКҚАЛИҰЛЫ,

Қазталов ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.