Home » Жаңалықтар » «Keleshekke – kemel bilimmen» атты Жамбыл облыстық тамыз конференциясы

«Keleshekke – kemel bilimmen» атты Жамбыл облыстық тамыз конференциясы

         Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқарамасының ұйымдастыруымен Тараз қаласының «Баласұғұн» ОКЗ-да  «Kelleshekke – kemel bilimmen» атты тамыз кеңесі болып өтті. Кеңестен бұрын робототехника мен қызықты кітаптар көрмесі жиналған жұртқа көзайым болды.

        Жалпы, Жамбыл облысында әр жыл сайын білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Биыл аймақтағы білім саласына 130 млрд  теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 млрд теңгеге артық. Жамбыл облыстық Білім Басқармасының басшысы Р.С.Тұрмағанбетованың тамыз кеңесінде берген есебі бойынша білім жүйесіне бөлінген биылғы қаржының 5,1  млрд теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына қарастырылған.

    «Баласұғұн» ОКЗ-да сағат 10.00-де басталған киелі Әулиеата өңірі ұстаздарының тамыз кеңесіне Жамбыл облысының әкімі А.И.Мырзахметов, Мәслихат депутаттары, облыстық білім басқармасы басшысы Р.С.Тұрмаханбетова, білім бөлімдерінің басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, мектеп, балабақша ұстаздары, педагогикалық еңбек ардагерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіподақ ұйымының өкілдері, азаматтық қоғам өкілдері қатысып отыр.

       Облыстық білім басқармасының басшысы ұлағатты ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, өңірдегі білім жүйесінің жеткен жетістіктері мен түйінді түйткілдері туралы мәслелелерді айтып, баяндама жасады. «Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық тамыз кеңесінде  білім және ғылым саласында 8 мәселелі міндеттерді шешуді тапсырған. Президент сөйлеген сөзінде ұстаздардың ел дамуындағы рөлі туралы айтқан болатын. Бұл педагогтарға, оның ішінде жамбылдық педагогтарға да үлкен жауапкершілікті жүктейді», — деп баяндамасын жалғастырған Рахия Сейтбекқызы облыстың білім саласының деңгейі мен жетістіктерін, жоспарларын, түйінді мәселелерді тарқатты. Басқарма басшысы, колледждер, қала және ауыл мектептеріндегі алшақтықты жою туралы, сонымен қатар ата-ананың қорғауынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты жәйттерді де жеткізді. Сонымен қатар, Рахия Сейтбекқызы облыс көлемінде кейбір гимназия мен лицейлердің ешқандай көрсеткіштері болмаса да 5-7 жыл аралығында директорлық қызметте отырғандығын сынға алды. Сондықтан мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты арттыруды тапсырып, аудандардағы аналар мен әкелер мектебінің қағаз жүзінде болмауын қадап айтты. Басқарма басшысынан кейін халықаралық «Білім-Инновация» қорының Президенті Өтеп Дархан Ермаханұлына берілді. Ол бүгінгі күнде «Біз қандай ұрпақты тәрбиелеп шығарамыз?» деген келелі мәселеге тоқталып, виртуалды саланың дамып жатқандығын, баланың ішкі дүниесімен санасу қажеттігін, Z ұрпағының естігенін емес көргенін істейтіндігін слайдтар арқылы көрсетіп, көрерменнің қызығушылығын тудырды.

    Бұдан кейін ҚР БҒМ-нің «Қаржы орталығы» АҚ-ның Президенті Ибраимов Асқар Ізімбайұлы есеп беріп, балалардың ерте жастан дамуын айтып, өзге елдердің тәжірибесін мысал етіп, жаңа оқу жылымен құттықтады. Осыдан кейін  қорытынды сөзді Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов алды. Ол «Педагог Мәртебесі туралы» заңды айта кетіп, педагог қызметкерлердің лауазымдарына сәйкес 50-30%-ға дейін жалақыларының көбейтілетіндігін тілге тиек етті. Аймақ басшысы Жамбыл облысында адал ұстаздардың жеткілікті екендігін мысал етіп, оқушылардың халықаралық ғылыми жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп жатқандығын, түлектердің 65%-ының грант иегері атанғандығын, оның ішінде Назарбаев университеті мен шет елдік жоғары оқу орындарына да түсіп жатқандығын жеткізді. Бұл сәтті пайдаланып отырған өңір басшысы Асқар Исабекұлы мектеп, колледж ұстаздарына алғыс айта кетіп, мұндай жетістіктерге көбіне Тараз қаласының гимназиялары қол жеткізіп жатқандығын сынға алды. Яғни қордаланып қалған мәселенің бірі облыстағы   51 мектеп-гимназиялардың жұмыс істейтіндігін, бірақ барлық гимназияларға бірдей қаржы бөлініп жатқандығын тілге тиек етті. Яки көрсеткіштерге жетпеген мектеп-гимназиялардың жұмыстарын сынай кетті. Осыған орай талаптың күшейтілетіндігінің дұрыстығын, гимназия директорларының соңғы үш жылына қорытынды талдау жұмыстарын жасайтындығын атап өтті.

      Сонымен қатар, әкім 2019 жылғы Жамбыл облыстық конференциясының соңында бірқатар үздік педагогтарды марапаттап, ағымдағы жылы Тараз қаласындағы А.С.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназияның «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанғандықтан 21 778 000 теңге сертификатын табыстады.

Сондай-ақ, білім мекемелері арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп гимназиясы «Үздік ауыл мектебі», Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі «Үздік қала мектебі», Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі «Үздік шағын жинақталған мектеп», Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясы «Үздік инновациялық мектеп», Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі «Үздік колледж» номинациясын иеленіп, сертификаттар табысталды.

P.S. Жамбыл облысы педагогтарының 2019 жылғы тамыз конференциясының соңында концерттік бағдарлама ұлттық ән-бимен толықтырылды.

 

Жансая Құрманғалиқызы,

«BILIM AINASY»

Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.