Сулейман Демирел университетінің президенті Мейірбек Мажитов еңбек ұжымына оқу орнының жаңа ректоры Қуаныш Ерғалиевті таныстырды.
Қуаныш Асылханұлы Ерғалиев Гарвардтық Т. Х. Чан атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің тарихында Қазақстанның атынан аталмыш мектепте білім алып және қоғамдық денсаулық сақтау докторы дәрежесін қорғаған жалғыз студент болып табылады. Айта кеткен жөн, бұл мектеп АҚШ-тағы ең ірі мектептердің бірі және ұзақ уақыт бойы u.s. News & World Report рейтингісінде көшбасшы орынға ие.
Сонымен қатар Қуаныш Ерғалиев «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері. 2006 жылы ол Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін тәмамдап, ал 2009 жылы АҚШ-тағы Тулейн университетінде Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі дәрежесін алды. Ол Harvard Chan Qualitative Research Methods студенттік клубының тең құрылтайшысы және қазіргі президенті болып табылады әрі Бостондағы қазақ диаспорасының мәдени ортасын қалыптастыруға және біріктіруге бағытталған «Мирас» қазақ мәдени орталығының тең құрылтайшысы мен қазіргі президенті. Денсаулық сақтау саласындағы бірқатар ғылыми еңбектердің авторы.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде және Назарбаев Университетінде басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.