Home » Айтарым бар » Фитотерапия – кешенді емдеудің қосымша емі

Фитотерапия – кешенді емдеудің қосымша емі

«Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады»

Өзектілігі: Дәрілік өсімдік препараттарымен емделу кезеңі мен дәрілік өсімдік препараттарының артықшылықтарын анықтау, көрсету
Жер бетінде шипалық қасиетке ие алуан түрлі өсімдіктер өседі. Осынау әрқилы географиялық аймақта қоныс тепкен емдік, шипалық қасиеттері алуан түрлі өсімдіктерді адам баласы ерте кезден-ақ өз қажетіне жаратып келеді. Дәрілік өсімдіктер жайында тұңғыш рет біздің дәуірімізге дейінгі грек дәрігері Гиппократ белгілі еңбек жазған. Ол өсімдіктің қай бөлігі болса да пайдасының бар екендігі жайлы, оларды ауруды емдеу мақсатында қолдануға болатындығын жазған. Сонымен қатар, ол оз дәуірінде қолданылған 200-ден астам өсімдікке сипаттама жасаған. Арада біршама уақыт өткен соң, біздің дәуіріміздің екінші ғасырында Рим дәрігері, ғалым Гален өсімдіктерде шипалық қасиеттердің болуы олардың құрамындағы белгілі бір заттардың қасиетіне байланысты екенін анықтаған, сонымен қатар бұл заттарды қалай бөліп алуға болатынын көрсете отырып, тұңғыш рет науқастарды өсімдіктің қайнатпасымен, шырынымен, тұнбасымен және одан жасалған дәрімен емдеген.

XVI ғасырда алғаш рет Парацельс атты атақты дәрігер шипалық қасиеті бар өсімдіктерге химиялық анализ жасаған. Ол да өсімдіктің емдік қасиеті оның құрамындағы кейбір заңдарға байланысты екендегіне бас назар аудара отырып, сол заттарды таза күйінде алуға күш салды. Ерте заманнан бері мал бағумен айналысқан көшпелі қазақ халқы шөптердің, жалпы өсімдіктердің емдік қасиеттерін ертеден білген. Әбу Насыр-Әл Фараби, Әбу-Әли Ибн-Сина, Беруни, Әл-Джуржани қазақ халық медицинасының дамуына әсіресе дәрілік өсімдіктерді тауып пайдалануына зор ықпал етті. Сонымен қатар, ел арасында ауруға шалдыққан адамдарды өсімдіктермен емдеп, фитотерапияның қыр-сырын өздері үшін жетік меңгеріп, қажеттілікке жарата білген.

Қазақстан жері емдік қасиетке ие, дәрілік өсімдіктерге бай. Республика аймағында 6000-ға жуық өсімдік түрлерін кездестіруге болады.Соның 500 түрінен дәрілік заттар алынады. Осынша байлықты игерумен бірге дәрілік өсімдіктерді зерттеудің, оны танып білудің маңызы зор.

Жер жүзіндегі дәрілердің 40%-ға жуығы өсімдіктен дайындалады екен. Қазіргі кезде фитотерапияны үй жағдайында кеңінен қолдануға мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін «дәрісіз ем-домды» дәрілік өсімдіктен іздеуіміз керек. Бұған дәлел халық нақылы » Дана көптен шығады, дәрі шөптен шығады,» «Сенің денеңнің қуаты-өсімдіктің шырынында» деген сөздер.

Мыңдаған дәрілік өсімдіктердің ішінен зерттеу мақсатында өзімізге таныс, әрі қолжетімді адыраспан шөбін алдық.

Адыраспан – киелі өсімдік. Адыраспан өсімдігіне ерте кезде біздің ата – бабаларымыз ерекше көңіл бөлген. Бұл өсімдікті киелі өсімдік деп санаған. Үйдің босағасына іліп қойған. Үйді осы өсімдіктің түтінімен ыстаған. «Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес адыраспанның дәстүрлі түсінікке сәйкес айырықша қасиетіне байланысты қалыптасса керек. Адыраспанның магиялық киелі қасиетімен бірге, емдік шипалығы да бар. Алайда, адыраспан — улы өсімдік. Қаратау сілемдерінде өсетін адыраспанды ашыққан кезде сиыр мен жылқы жеп, тыныстары тарылып, уланады. Адыраспанның негізгі емдік қасиеттері: Ревматизм ауруына, буынның қабынуына, ұмытшақтық ауруына, бастың созылмалы ауруында

Дәрілік шикізат ретінде шілде айында бұтақшаларын, жапырағы мен гүлін жинап алады. Ол – улы өсімдік. Халық емшілері адыраспанды адамның құяңын, сегізкөздің жүйке ауруын емдеуге пайдаланған. Мал-дәрігерлік тәжірибеде оның тұнбасымен малдың қышыма қотырын, түрлі тері ауруларын емдейді. Оның құрамында алкалоидтар бар.Халық медицинасында адыраспанды буын ауруын емдеуге пайдаланады,қайнатылған суын безгекпен ауырған адамға ішкізеді. Сондай-ақ малдың қотырын да жазады. Адыраспаннан жүн мен жіптерді бояу үшін күрең қызыл бояу алынады. Тұқымы мен көк шөбінен алынған тұнбаны адыраспан шаруашылық зиянкестеріне қарсы күреске пайдаланады. Адыраспан – улы өсімдік (құрамында бірнеше алкалоидтар бар), дәмі ащы, мал жемейді. Жаз, күз мезгілінде тұтас денесін, күз мезгілінде жемісін жинап, кептіріп сақтайды.

Көшпелілер кесіртке тәрізді жәндіктер жараланғанда адыраспанға аунап жазылатынын байқаған. Малдың қотырын адыраспанды қайнатып жуған. Жүн мен қолөнерде қолдананылатын түрлі жіптерді бояу үшін адыраспанды көп мәрте қайнатып, қызылкүрең түсті бояу алады.

Өсімдіктің фармакологиялық құрамы. Адыраспан дәрісі (препарат) қабыну ауруын басатын, зәр айдайтын, тер шығаратын, ішек құрттарын өлтіру үшін, орталық жүйке жүйесін қоздыру үшін қолданылады.

Бұл өсімдікті 1928 жылдан бері дәрі – дәрмекке пайдаланып келеді. Шөптен тұнба, тұндырма, қайнатпа дайындап ішке қабылдауға немесе сыртқы тәнге компресс ретінде тарту арқылы емдік қасиетке жетуге болады. Біздің тәжірибеміз адыраспан шөбінен қайнатпа дайындау тәсіліне негізделген. Қайнатпа жасау әдісі: 1 ас қасық үгітілген құрғақ шөпті 1 стакан салқын суға 2 сағат ұстап, сосын шамалы отқа 30 минут жабық ыдыста бұқтырып қайнатамыз. Суығаннан кейін дәкенің көмегімен сүзіп аламыз. Салқындаған соң ішке қабылдауға береміз. Дайындалған қайнатпаны бастың созылмалы ауруында 1 ас қасықтан 3-4 рет тамақ алдында ішуге береміз. Емделу ұзақтығы шамамен 20-30 күн.

Дайындалған қайнатпаны сынақтан өткізу үшін алдын-ала сараптамадан өткен, қорытындылары бар еріктілерге беру көзделуде. Қазіргі таңда еріктілерді жинау жұмыстары, адыраспанның басқа да емдік қасиеттерін зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта адыраспан шөбінен басқа да емдік қасиеттері бар, өзіміздің аймақта өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу, олардың қасиеттерін айқындау жоспарланып отыр.

Академик Н.И.Вавилов «Өсімдіктер әлемі неткен бай еді, бірақ біз оны тым аз пайдаланымыз –ау!» деген екен. Қазақстанның дәрілік өсімдіктері – Республикамыздың ұлттық байлығы. Осы байлығымызды тиімді пайдалану, қорғау біздің міндетіміз.

Жазкен Дана Қуанышқызы
«
Фармакология» пәнінің оқытушысы
Талапова Дариға Мақсатқызы
«Фармакология» пәнінің оқытушысы»
ШЖҚ «Талғар медициналық колледжі» МКК

 

Әдебиеттер:

  1. А.С. Шарипханова «Өсімдіктер экологиясы»
  2. Е.В.Шумакова «Ботаника және өсімдіктер экологиясы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.