Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп айтылған. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы, бүгінгі ұрпақтың бейнесінен айқын көрінеді. Осы орайда, әлемдік білім кеңістігіндегі жалпы білім берудің басты мақсаты- өзгермелі өмір жағдайына тез бейімделетін, өз жолын дұрыс таңдай білетін сыни тұрғыдан ойлай білетін, тұлға дайындау болып отыр.
Сондықтан білім сапасын арттыру мен бағалаудың және оқушыны білімге ынталандыру үшін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері жүзеге асырылады.
Қазіргі заман мұғалімінің оқыту мен білім берудегі мақсаты: оқытудың жаңа әдіс- тәсілдеріне сүйене отырып, оқушының ізденгіштік, танымдық іс-әрекетін дамыту, өмірге көзқарасын қалыптастыру және оқушылардың игерген білімін іс жүзінде пайдалана білуге үйрету.
Ұлы педагог Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады» деген болатын. Осы ойлы сөздің дәлелін өзім сабақ беретін 5, 7 -сыныбына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануды қолға алдым. АКТ-ларды қолдану әдiстерi, АКТ-ның мүмкiндiктерi туралы көп мәліметтер алдым, уаытты үнемдеу, бағалауда қолдану, АКТ–ны қолдану арқылы сабақтарымды өткiзуге тырыстым. Сабақтарымды интербелсендi тақтамен өткiздiм. Осыдан кейін менің үздіксіз ізденуім барған сайын жалғаса түсті. Сабақ үстінде оқушының бар ақыл ойы, зейіні мен танымы жаңа білім игеруге бағытталып, қызығушылықтары артты.
Электронды оқулықтарды геометрия сабағында қолданамын. Сабақтарымда проектор арқылы тапсырмалар беремін. Тест тапсырмаларымен жұмыс істеу барысында оқушылар бір-бірінің жұмыстарын тексереді. Сұрақ кілттері арқылы қателерін анықтайды. Сабақты бастамас бұрын логикалық есептер, тапсырмалар арқылы «миға шабуыл» стратегиясын қолданамын. Сәйкестендіру тесттерін, математикалық ребус, сөзжұмбақтарды топпен жұмыс барысында ұсынамын. Сабақта ыстық орындық, жигсо, галерея т.б әдіс тәсілдерді қолданып отырамын.7- сыныпта алгебрадан «Қысқаша көбейту формулалары» тақырыбын өткен кезде, формулаларды естеріне сақтату үшін «Тарсия» бағдарламасы арқылы тарсиялар дайындадым.
Жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда сабақ беру кезеңіндегі өз тәжірибемнің нәтижесінен байқағаным, «дәстүрлі» сабаққа үйренген оқушыларымызды жаңа жүйеге үйрету бірден жүзеге аспайды, белгілі бір уақытты қажет етеді, бірақ өзім үшін де,оқушы үшін де жаңа бетбұрыс болғаны айдан анық. Сабақтарымда топтық тәсілді тиімді қолдану оқушының өзіндік білім алудағы қандай да бір нәтижеге жеткенінен ұғындым, оқушының өз білімін бағалаудағы табыстылығы көрінді. Көшбасшылық қасиеттерін айқындауда, кейбір бұйығы отыратын оқушыларға қозғау салып, өзіндік «менін» оятуда тиімділігі болды.
Қазіргі біздің қоғамға жоғары білікті, кәсіби дайындалған, шығармашылықпен ойлайтын оқушылар қажет. Заманауи білім берудің стратегиясы әрбір адамда табиғаттан берілген шығармашылық тума талантты жан -жақты дамыту болып табылады.
Файзрахманова Ардак Кизатуллаевна,
«№76 жалпы білім беретін мектеп»
Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласы
математика пәнінің мұғалімі