«Сенің елдігің тарихыңды зерттеуден басталады»
Қ.Мырзалиев
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында: «Мәңгілік Ел–ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман-әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман — тұрмысы бақуатты,түтіні түзу шыққан,ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық»,- деген болатын.
Мәңгілік елдің іргетасының мықты болуы, адамның бақытты өмір сүруі, көп жағдайда Отанға деген сүйіспеншілігіне байланысты. Отанын сүйе білген, Отанын көркейту үшін аянбай еңбек еткен адамда бәрі де: үй-жай да,құрмет те,қызмет те,алға жетелейтін шексіз арман да болады.
Атамекен дегенде көз алдымызға айдын шалқар көлдер мен мөлдір бастау қайнарлары сарқырай аққан тасқынды өзендер,алып таулар мен жасыл желек жамылған орман-тоғайлар, кең байтақ,ұлан-ғайыр далалар келеді. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ»,-деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, баланы туған өлке тарихымен сусындату- адамгершілікке, ел тарихын білуге тәрбиелейді.
Елбасы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы,тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» -деген болатын.
Жас ұрпаққа туған өлкенің құндылықтарын танытып, ұлттық адамгершілік, патриоттық тәрбие беруде «Туған жер» бағдарламасының маңызы зор. «Тәрбие және білім» -деп аталатын қосымша бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстандық патриотизм рухымен үйлесе дамыған тұлғаны тәрбиелеу болса, бүгінгі күні білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарының жүргізілуі,ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары соның айқын дәлелі болмақ. Оқушылардың туып — өскен жерінің тарихын ,аңыз-әңгімелер,біртуар перзенттердің үлгі өнегесін оқуда мектептердегі өлкетану мұражайының да алатын ролі зор.Мектеп мұражайының басты мақсаты — мұражайдағы тарихи құжаттар мен жәдігерлер арқылы жас ұрпақты Отанын сүюге ,ұстаздарға деген құрметке тәрбиелеу, өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Білім ордасындағы мұражай — оқушылардың жүрегіне ізгілік ұялататын, патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелейтін, сезімін оятып,зеректігін арттыратын үлкен тәрбие құралы. Мен өзім ұзақ жыл қызмет еткен Құрманғазы ауданына қарасты, Құрманғазы атындағы орта мектебіндегі «Өлкетану» мұражайын айтуға болады.
Мектеп мұражайының ішкі көрінісі
2007 жылы құрылған «Өлкетану» мұражайында жүзден аса жәдігерлер жинақталған. Олардың ішінде сол елді- мекеннен табылған жебенің ұштары, үлкен кездік, сирек кездесетін әшекей бұйымдар жинақталған.
Мұражайдың бір бұрышы Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлес жауынгерлерге арналған. Онда майдан даласында жазылған хаттар, ардагерлердің ордендері, жеке құжаттар т.б. сақталған. Мұражайда мектеп тарихымен бірге, аса дарынды, қасиеті асқан Сиғуат көріпкел туралы деректер бар. Жасалғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де ағашы бұзылмаған сандық та осы мұражайда.Қойылған көне заттардың көбі ауыл тұрғындарының қатысуымен жинақталды. Осы бір жинақталған халық қазынасының жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып,тәрбиелеуде маңызы өте зор болмақ. Олай болса,мектеп жанынан «Өлкетану» мұражайларын ашудың маңызы зор. Әрбір тарихи мұрағат бұл — белгілі бір тарихи оқиғаның куәгері, халық қолөнерінің жемісі.Ауыл тарихынан бөлек ел тарихы болмайды.Тарихты жасайтын да, оны сақтайтын да сол елдің азаматары,және олардың орасан еңбегі.
Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әммәнда сол ортаның сыр — сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездесетін кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән — мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», — деген екен. Міне, осыған сүйене отырып, біз шәкірттерге тарихи білім беруді өз ауылымыздың көмескіленіп бара жатқан тарихын зерттеуден бастауымыз керек. Барлық колледждерде де – «Өлкетану» пәнін енгізіп оқыту – Отан тарихын өлке тарихы арқылы тануға негіз қалар еді. «Өлкетану» сабағы оқушылардың өзіндік ғылыми ізденістері мен шығармашылығына да негізделер еді. Сонымен бірге, көнекөз қариялардың естеліктері, ауыл тарихы туралы жазбалар жинақтап мектептегі мұражай материалдарын толықтырып отырады.Өлкенің тарихымен танысу жастардың азаматтық және патриоттық көзқарасын қалыптастырып, өз Отанына, еліне деген сүйіспеншілік сезімін нығайтады. Оқушылар, студенттер мүмкін болғанша зерттеу жұмыстарына қатысады. Оқушыларда қоршаған ортаны бақылай алу білігі қалыптасады, олардың күнделікті қажетті істерге қатысу қабілеті дамиды. Отанымыздың тарихына жаңа беттер қосылады.
Қазіргі жастар санасында өз ұлтына деген мақтаныш, елжандылық, ел намысы деген ұғымдар жастайынан беки түссе, мәртебеміз жоғары, дініміз де,тіліміз де ел іргесі де әрқашан берік болатыны сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы.
2.Қазақ ұлттық энциклопедиясы.2-том .Алматы,2005 ж.
3.Қазақстан мектебі №2018 қазан. (36-37 бет)
4.Қазақстан тарихы : әдістемелік журнал 2015. (34-35 бет)
5.Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал 2012 №6 (21-22бет.)
Құлбалиева Салима Жиенқұлқызы,
Атырау қаласы
Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің
пән бірлестік жетекшісі,
әлеуметтік-экономикалық пәндер оқытушысы