2018 жылдың 8 ақпаны күні «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы ПҚ БАИ» Ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі және инновациялық технологиялар кафедрасының аға оқытушылары О.З. Мухатова, А.Т. Токтасынова, С.А. Инербаева, С.Оспан ұйымдастыруымен «Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде CLIL әдісімен оқыту ерекшеліктері» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. Іс-шараға филиалдың профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Әдістемелік семинардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында үш тілді меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көпмәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тәрбиелеу және CLIL әдісін жаратылыстану пәндеріне кіріктіру.
Жиынды «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, доцент Толқын Ауелгазина ашып, үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру екендігін айтып өтті. Осыған байланысты шет тілдерін оқытуда жаңа білім беру технологиялары пайда болады. Мұндай технологиялардың бірі CLIL ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту болып табылады.
Семинар барысында ұйымдастырушылар қатысушыларды CLIL негізгі принциптерімен таныстырды. Олардың айтуынша, ағылшын тілі арқылы жаратылыстану пәндері оқытылуы мүмкін. Тіл білу пәннің мазмұнын зерделеу құралы, өйткені сабақтар қызықты өткізіліп, оқушылар ғылыми тәжірибелер жасайды және әртүрлі эксперименттер жүргізеді, ана тілімен бірге шет тілін үйренуге деген ынта-жігері арта түседі. Осылайша, CLIL әдісі пән арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын дамытады.
Айгүл НҰРАҚБАЕВА,
«Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы
«Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты»,
Қоғаммен байланыс және баспа қызметі
бөлімінің бас маманы