Home » Жаңалықтар » Мектептер мен жатақханалар құрылысы басталады

Мектептер мен жатақханалар құрылысы басталады

Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында биыл іргелі істер жүзеге асырылмақ. Соның ішінде білім беру саласына да айрықша көңіл бөлінеді деп күтілуде. Бұл туралы сәуірдің 11-і күні облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды.
Елбасының әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бастамасы аясында қалада қолға алынатын жұмыстар, шаһарды дамытуға бағытталған жобалар жайында баяндаған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев оқушылар мен студенттерді, ұстаздарды қуантатын жаңалықтарды да жеткізді. Айтуынша, облыс орталығынан салынатын алты мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия ғимаратында спорт залының, шеберханалардың болмауынан туындаған қиындықтар салдарынан қаладағы Жұлдыз шағынауданынан жаңа мектеп салу қажеттілігі туындауда. Оған қоса Меловые горки ауылында тұрғындар санының өсуіне байланысты мұндағы №18 орта мектепте оқушылар саны жобалық қуаттылығынан үш есе асып кеткен.
Соған байланысты білім ошағының ғимаратына жапсарлас нысан құрылысын жүргізу үш ауысыммен оқитын мектептің жүгін жеңілдетпек. Апатты жағдайда деп танылған №31 орта мектептің орнына жаңа ғимараттың құрылысын қолға алу көзделсе, 1935 жылы салынған №33 орта мектептің жағдайы да жаңа мектеп салу қажеттілігін туындатқан. Сонымен қатар «Арман», «Автомобилист», «Балауса» мен «Болашақ» шағынаудандары тұрғындары үшін тағы үш мектеп салу жоспарлануда.
Қала әкімі Мұрат Рахметұлы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында Оралда студенттерге арналған алты жатақхананың құрылысы қолға алынатынын мәлімдеді. – Орал индустриалды колледжіне – 250 орындық екі жатақхана, политехникалық колледжге – 150 орындық бір жатақхана, медициналық колледжге – 500 орындық бір жатақхана және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлкеттік университетіне – 250 орындық екі жатақхана құрылысы жоспарланды. Осылайша 1650 студент жаңа жатақханалармен қамтылатын болады, – деді шаһар басшысы. Бүгінгі таңда бұл құрылысқа жер телімдері белгіленіп, 10 млн. теңге қаражат қарастырылған.

 Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.