Елбасымыздың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы аясына , «Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты бойынша «№28 І.Жансүгіров атындағы» жалпы орта мектебінде «Сырлы жеңге, ару қыз» атты байқау болып өтті.
Байқаудың басты мақсаты : Қазақ шаңырағындағы зерделі қыздар мен ибалы келіндердің сыйластығын нығайту,отбасылық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңарту, қазақи тәрбиені қалыптастыру болатын.
Мектебіміздің технология пәнінің мұғалімі Усманова Минавар апай мен психолог Нұржауова Розаның ұйымдастыруымен өткен сайысқа төрт жұп жеңге қайынсіңлісімен сынға түсті.
Сегіз кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар бар өнерлерін ортаға салды. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар алдымен сайысты өздерін таныстырудан бастады. Екінші кезеңде қатысушыларға салт-дәстүрге байланысты сұрақтар қойылды. Қатысушылар сұрақтарға дәл және нақты жауап бере алды.
Қазақ қыздары мен келіндері жан-жақты болуы керек . «Шебердің қолы алтын» кезеңінде қыздарымыз бен келіндеріміздің ептілігі, жылдамдығы, пысықтығы дәріптелді. Қатысушылар өздерінің жылдамдығымен тез арада ою ойып жасап шықты.
Келесі кезеңдерде жеңгелер ұлттық тағам түрін жасап таныстырды, ал қайынсіңлісі пайдалы кеңестер айтты.
«Бір күндегі бір сәт» кезеңінде жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сырласудан көрініс көрсетті.
Әділқазылар алқасы сайысқа қатысушылардың әрбір сөзін,ісін бақылап,әділ сарапқа салып отырды. Байқау барысында өзінің ақылдылығымен, инабаттылығымен көзге түсіп өнер көрсеткен 9 сынып оқушысы Есенбек Лаура жеңгесі Разия Елшібаевамен көрермен қауымның да қазылар алқасының да көңілінен шығып отырды. Олар қазақ қызы мен келінінің табиғи болмысын айқын айшықтай білді. Нәтижесінде жеңістің биік тұғырынан көрінді.
Тартысты өткен бұл сайысқа қатысқан барлық үміткерлер арнайы номинациялармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ бас жүлделі орынды 9 сынып оқушысы Есенбек Лаура мен жеңгесі Елшібаева Разия «Сырлы жеңге, ару қыз» атты номинациясын иеленді.
Бүгінгі сайыс жас буынға салт-дәстүрге «Қазақ» деген халықтың қыздары мен келіндері ибалы да иманды, ақылына көркі сай әдепті де білімді болу керек екенін ұқтырғандай болды.
Ақмарал Адырбекова,
ОҚО, Мақтаарал ауданы,
№28 І.Жансүгіров атындағы жалпы орта мектебі КММ-нің,
Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі