Home » Мақалалар » Болашақ ұрпаққа –жаңаша көзқарас

Болашақ ұрпаққа –жаңаша көзқарас

 

 

 

 

«Білім біліктілікке жеткізер баспалдақ,
ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы»
А.Байтұрсынов

      Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жолдауында айтқандай: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін — білім». Сондықтан қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдына оқыту үдерісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп, өмірге енгізілуде.Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты — бәсекеге қабілетті маман дайындау.Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс-оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі — педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға.

Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бастап, жаңарған жаңа Қазақстан жыл өткен сайын қарқындап алға басып келе жатқанына біз куә болып отырмыз.Осы аз ғана уақыт ішінде экономикамыз бен Мемлекетіміздің іргетасы берік қаланып, еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қауымдастықтың алдындағы абыройы жылдан- жылға артып отыр. Экономикалық, әлеуметтік саладағы жақсы нәтижелер арқылы білім саласында да көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген Абайдың сөзі барлық уақытта да өз мәнін жойған емес. Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосып отырмақ.

Ұлы Абай жиырма бесінші қара сөзінде: «Ғылым, өнер-дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі» — дейді. Абай  «ғылым, өнер» дегенде алдымен білімді меңзеп отырса керек. Өзі өмір сүрген  XIX ғасырда халқының  жаппай сауатты болуын аңсаған ағартушы, ойшыл ақын қазақтың тек ғылым — білімнің арқасында ғана озық елдің озық ойлы азаматы атанарына сенген. Абай, Шоқан, Ыбырайлардан бастап, Алаш арыстарына дейінгі аралықта ұлтын оятқан жандардың ағартушылық қызметтері қаншалықты ақиқат болса, бүгінгі жаһандануға заманындағы қазақ елі үшін де соншалықты маңызды. XXI ғасырдың Абай заманынан уақыт айырмашылығы болғанымен, ғылым-білім, мақсат-мүдде хақында түсінік өзгерген жоқ. Бәсекеден тұратын бүгінгі әлемде ұлтымыздың өзгелерге тәуелді болып кетпеуі үшін басты тегеуріні — білім болмақ.

Қазіргі кезде негізгі ғылымдардың бір — бірімен кіріккені сонша, бірыңғай ғылым туралы ойлау кезеңі туды. Ғылымдар арасындағы интегративтік үрдістер дифференциациясы үрдісінен басым. Сондықтан ғылыми білімнің интеграциясы оның дамуын жетекші заңдылық ретінде төмендегі аспектілерде сипаттайды:

— Білім жүйесінде жаңа, шекаралық ғылымдардың пайда болуын, зерттеудің кешенді бағыт алуы;

-Іс-әрекет жүйесінде ғылымаралық синтез тәсілдерін қалыптастыра отырып, әдістерді ғылымның бір түрінен екіншісіне көшірудің күшеюін;

— Ғылымды ұйымдастыру жүйесінде әр түрлі ғылым өкілдерінің ынтымақтастығын, ұжымдық шығармашылығын, кешенді зерттеудің дамуы.

Сонымен интеграция ғылым дамуының ішкі логикасымен, өзара қатынасымен айқындалады. Қазіргі ғылыми танымның ғылыми білім синтезімен үйлесімділігі, зерттеу әдістерін бір саладан басқасына көшіретін интегративтік үрдістер құрайды. Ғылымның бұл ерекшеліктері XXI ғасырда кәсіби және әлеуметтік салада белсенді әрекет етуге бейім, бәсекелестікке қабілетті  әлемді тұтас қабылдайтын, көп өлшемді шығармашылық  тұлғаны өсіруді негізгі мақсат ететін білім дамуының жаңа жолдарын іздестіруге көмектеседі. Ғылыми білімнің кең өріс алуы сөзсіз болатын нәрсе. Ғылымның көкжиегін кеңейту, оны мектеп қабырғасынан бастап өрістету кең қамтылуда. Әр мұғалім ғылыми шығармашылық жұмыспен айналыса білуі керек. Мұғалім өзінің  сабағын ғылымға негіздеп өткізбесе, өз пәнінің теориясын практикамен терең ұштастырып отырмаса, бұл талапқа жауап бере алмай қалуымыз ғажап емес. Ғылыми дүниетаным –қоғамдық сананың ең жалпы және жоғарғы формасы. Бүгінгі таңдағы әлемнің тұтастығы мен даму бірлігі ғылым дамуының қазіргі кезеңіндегі жетекші әдіснамалық идеясы болып саналады. Бір жағынан, білім дифференциациясы үрдісі ғылымның логикалық  дамуын, екінші жағынан, білімнің кең  қанат жаюын, оның бір арнада болуын жоғалтуға әкеліп соғады. Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында ана сүтімен бойына дарыған. Шығармашылық қана қандай түрде, қандай деңгейде болмасын адамға өмірдің мәнін  түсінуге, бақытты сезінуге мүмкіндік әпереді.Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда адам миында болатын миллиард клетканың белсенді түрде тек қана 3-4 пайызы ғана жұмыс істейді екен.Шығармашылық қабілеттілік — бала өз бетінше жаңа бір бейне құрумен сипатталады, яғни іс-әрекеттің қандай түрінде болсын жаңалық ашу арқылы өзіндік жеке даралық дамудың бір көрінісін байқатқан жағдаймен түсіндіреді.

Ф.М.Достоевскийдің «Өзіңнен өзіңді ізде, өзіңе өзің бағын, өзіңді өзің тани біл»-дегеніндей, әр мұғалім өзінің бала болғанын, өзінің ата-ана екенін, өзінің ой елегінен жиі-жиі өткізіп отырса, өзге алдындағы жауапкершіліктің сыры бірден айқындала бастайды. Баламен кездескен сәттен бастап, шәкіртпен тікелей қарым-қатынаста  екенін, онымен ішкі сезімі байланыста болатынын бір сәт естен шығармағанымыз абзал.Сонда ғана ол білімді де білікті, салиқалы да парасатты, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу ісінде табыстарға қол жеткізе алады.

Жалпы адамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін әрбір тәрбиеші- ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан  салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең біліп, тебірене іс-қимыл жасауға, өркениетті өмірмен байланыстырып, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге халық алдында борышты. Әрбір бала тәрбиеші-мұғалімнің оны жан-жақты тануға бағытталған зерттеу объектісіне айналуы қажет болды. Балабақша — қоғамдық орын, білім мен тағылымның, тәрбие мен рухани ортаның ордасы. Ал, рухтың мекені — адамның жүрегінде. Жүректің жылуы, махаббат, ар-намыс, қайрат — жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп, Абай атамыз айтпақшы, ұстаз бала тәрбиелеу жолында үлкен сындардан өтеді. Әрбір мұғалім бала жүрегінің жылулығын, өзіне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында, ата-анамен үнемі тығыз байланыста болуы қажет.«Ақыл қайда болса, ұлылық сонда болады. Білім кімде болса, сол білікті болады.Өмірдегі барлық жақсылық білімнен шығады»,- деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, үш тілді игерген, полимәдениетті, жан-жақты дамыған, нағыз өркениет жолына түсе алатын азамат осындай білім ордасынан қанат қағып шығады. Демек, білім шаңырағы қоғамда да өз маңыздылығын жоймайтын, әрқашан болашақ ұрпақ үшін қызмет ететін болып қала бермек.

XX ғасырдың соңғы он жылында білім беру жүйесінде компьютерлендіру салтанат құруы іспетті, бәлкім әлемдегі саяси-экономикалық жағдайды бір мезгілде сипаттайтын көптілділік себепкер болуы мүмкін. Қазіргі әлемдегі көптілділік кеңістігіне үлкендер де, балалар да аса ден қоюда. Сондықтан, білім беруде тіл тек оқу пәні ғана емес, қазіргі қоғамда қажетті білім беруді ұйымдастырумен қатар, дағдыны қалыптастыруды, компетенцияны, әлеуметтенуді, білім алу үшін қажетті құрал болып табылады. Сонымен, біздің алдымызда мұғалім де, бала да, оқу-әдістемелік құралдар да жалғыз бір тілмен ғана шектелмейтін білім беру жүйесі тұр. Шығарма жазғанда, басқа пәндерді игергенде біз екі тілді қолданамыз, бірақ, кез келген жағдайда көптілді білім беру бағдарламасымен жұмыс жасаймыз. Алғашқы кезде көптілді білім беру мәселесі жаңа және әдеттенбеген болып көрінуі мүмкін.Білім жүйесі ұзақ ғасырлар бойы көптілділікті пайдаланған және сонымен құрылған. Бірақта, ғасырлар бойы мұндай бірнеше тілді қолданылуда білімділер мен таптарды билеушілердің артықшылығы болды. Демек, анықтама бойынша жаппай көптілді білім берудің өмір сүруі болған емес.

Қазіргі кездегі көптілді білім беру қызметінің алдына қойылып отырған мәселелер балалардың компетенциясын қалыптастырумен байланысты.Білім берудің жаңа стандартын  енгізу жағдайында бұл салада ғылыми жұмыстардың өзектілігінің шарттылығын, қазақ тілін ана тілі ретінде, орыс тілін екінші тіл ретінде, ағылшын(француз, неміс, араб, қытай) тілдерін сапалы оқытуда алға қойылған мақсаттары мен міндеттерінің маңыздылығын жетілдіру керек. Компетенция өз бетімен жан-жақты білім алу негізінде клубта, үйірмеде, барлық  білім беру кеңістігіне әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдарынан, табиғи, экономикалық, әлеуметтік-мәдени ортадан, солармен өзара әрекет арқылы, өз бетімен қызмет ету тәжірибесін ұйғарады. «Дәуір даналарын ілестіреді, ұстаз білімділікті үлестіреді» деген қанатты сөз ұстаздың кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп тұрудың қажеттігін еске түсіреді. Бүгінгі мұғалім шәкірттерді қаталдықпен емес, мейірім шуағымен, ағыл-тегіл білімімен ғана баурап ала алады.

Білім жолы — қиын да қастерлі жол. Бұл жолда талмай тынымсыз еңбектеніп, шығармашылық ізденуден, үйренуден жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табысқа жете алады. Даму жолын жаңадан бастаған тәуелсіз қазақ елінің қандай қиындықты болсын жеңіп шығып, өркениетті елдер қатарына қосылуын жылдамдату үшін оның даму айдынындағы сенімді компасы, күш қуатының қайнар көзі іспетті білім шамшырағы самсай жанып, қазақтың әр баласының жүрегіне өшпес сәулесін түсіруі керек. Бұл ұстаздықты кәсіп еткен әрбір зиялы жанның кәсіби ғана емес, адамдық асыл мұратына, биік парызына айналуы тиіс. Сүйікті Отанымыздың- туған Қазақстанымыздың мүддесі осыны талап етеді.

 

Каментаева Гүлзада Бикеновна,
Атырау қаласы
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық
колледжі директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары,қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.